Әйелдерге қуаныш сыйлау – өмірлік мақсаты

image.png

Шаштараз - ешқашан өз құндылығын жоғалтпайтын маңызды  мамандықтардың бірі. Ежелден бері жойылмаған мамандыққа  қазір де сұраныс артпаса, кеміген емес.  Адамның бет-әлпетіне, бойына, дене тұрғысына, жасына қарап шаш үлгісін жасау  - үлкен өнер әрі жауапкершілік. Осы  саланың қыры мен сырын еркін меңгерген маманның бірі – Халида Қарабасова. Ол әйелдердің образын өзгертіп, оларға қуаныш сыйлауды өмірлік мақсаты еткен. Бүгінде шымкенттік  сұлулардың шашын сәндеп, жүздеріне күлкі ұялатуға  аз да болса үлес қосып жүрген маман.

 Адам өзінің жаны қалаған іспен айналысқан кезде ғана бақытты. Кейіпкеріміз табысын да, бақытын осы саладан тапқан бақытты әйел. Шаш қию мен сәндеуге бала күнінен әуестігі болған ол мектепті бітіре сала шаштараз мамандарына барып, тәжірибе жинай бастап, көп ұзамай өзі де осы саланың маманы атанады. «Мен ерлердің де, әйелдердің де шашын қиып, бояп беремін. Шаш үлгісін де жақсы жасаймын. Мұның барлығы тәжірибемен келген еңбек десем болады. Алғашқы кезде қателікті де жібересің. Ең бастысы сол қателіктермен жұмыс істей білу қажет. Сонда ғана нағыз өз ісіңнің шебері боласың. Теория жүзінде оқыған бір бөлек, ал практиканың жөні басқа. Кез-келген мамандықты игеру үшін жылдар бойы тәжірие жинап, адал еңбектену қажет»,- дейді шаштараз маманы. 

Алдына келген  адамды ісімен ғана емес сөзімен де баурап алатын маман қажет кезде  қыз-келіншектерге ақылын да аямайтын көрінеді. «Қолыма тарақ пен қайшыны алғаныма 25 жылдан асты. Осы уақыт аралығында  психолог болып алдым десем де болады. Кейде клиенттердің жағдайын ескеріп,  тегін істеп беруге тырысамын. Кейбір келушілер отбасындағы қиындықтарды да айтып қалады. Оларға барынша ақылымды айтамын. Әйел болғасын қыз-келіншектердің ішкі дан дүниесін түсінесің ғой. Ең бастысы адамдардың ризашылығы мен шынайы күлкісі мені қуантады»,- дейді Халида Мұратқызы.  

Нәзік жандыларға әсемдік мен сенімділік сыйлап жүрген шаштараз ешқашан біреудің ала жібін аттап көрген емес. Осы күнге дейін кәсібіне адалдық танытып келеді.  

Жолдасы екеуі үш баланы өсіріп, тәлімді тәрбие беріп келеді. Тұңғышы бүгінде отау құрып, еншісін алған. Екі немеренің әжесі атанып отырған Халида Мұратқызы күш-жігері барында әйелдерге сұлулық сыйлауды жалғастыра бермек!  Біз де өз ісіне берілген маманның жұмысына сәттілік, отбасына амандық тілейміз!

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • 40-тан астам адам тұрақты жұмысқа орналасты
  • 25 жылын құрылысқа арнады
  • Сапалы жолдар - білікті маманның жемісі
  • 25 колледждің базасы нығаяды
  • Текесу тұрғын алабына 14 шақырым су құбыры жүргізілді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер