«Ерінбеген еңбекке, дәулет дайын» деп айтқан екен ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы. Еңбектің қадірін білген адам өмірден нәсібін тапқан десек, әлбетте, қателігі жоқ. Адам баласы үшін қажымас қайратпен адал еңбек ету үлкен абырой. Бұл жалғанда жеңіл жолды таңдаған адам баласы бейнеттен қашамын деп беделін кетіреді. Ал, адал еңбек етіп, бар жігер-күшін ерінбей еңбекке арнаса, зейнетін көреді. Өмір жолында еңбек етіп, қиындықпен күресе білетін абзал жандар өзінің өмірлік жолын адаспай табатыны ақиқат. Еңбектен бақытын тапқан осындай жандардың бірі - тіс дәрігері Сардор Исрайлов. Ол бұл салада 15 жылдан аса уақыттан бері еңбек етіп келеді. Бұл мамандықты таңдауға анасы себепші болыпты.
Жалпы дәрігер болғысы келетін жандар көп, алайда екінің бірі дәрігер бола алмайды. Тек адам анатомиясын терең зерттеуге қабілеті жоғары, қорықпайтын, науқастың тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жандар ғана осы салада жұмыс жасай алады. Тіс дәрігеріне де үлкен төзім мен сабырлық қажет. Ал кейіпкеріміздің бойындағы осы бір қасиеттер оның білікті де, білімді маман етті.
«Бір тісті дұрыс емдемеу болашақта үлкен мәселеге әкеледі. Сондықтан әр әрекетіміз мұқият болуы керек. Кейде 6-7 сағат қатарынан науқастарды қабылдаймыз. Шаршайсың, бірақ жұмысыңның нәтижесін көргенде бәрі ұмытылады. Әр пациентке жеке жеке көңіл бөлемін. Олардың алдымен тек тісінің саулығына ғана емес жалпы денсаулық жағдайымен танысып шығамын. Соған қарап ем-дом жүргіземін»,- дейді ол
«Ағаш жір жерде көгереді» демекші, үшінші мегаполистің тұрғыны Сардор Шымкентте білім алып, осы шаһарда алғаш еңбек жолын бастап, бүгінге дейін өз ісін осында жалғап келеді.
«Жұмыстың бір қиындығы балаларды емдеу. Олардың қорқынышын басу үшін, сенімінен шығу үшін өзің де бала болып, тіл табысып алуың керек. Көңілін аулау үшін қолдарына ойыншық, сыйлық беріп, теледидардан мультфильм қосып береміз. Сондықтан әрине ересектермен жұмыс істеген оңайырақ. Бірақ стоматологтан қорқатын ересектер де көп. Біз пациенттерден тек сабырлықты талап етеміз»,- дейді тіс дәрігері.
Сардор Исраилов осы күнге дейін білгенін өзгелерге үйретіп, 15 шақты шәкірт тәрбилеп шығарған. Оның басты қағидасы мұқтаж жандарға тегін қызмет көрсету. «Менің ең басты жетістігім – емделушілердің алғысы» дейді еңбек адамы.