Әлемде сан түрлі мамандық болса, соның ішіндегі ең қызығы ол - жануарларға күтім жасайтын мамандар. Олардың жұмысы қызық болғанымен еңбегі ауыр. Себебі тілі жоқ жауармен «тіл табысып», оларды азықтандырып, ауырса емдеп-жазу екі есе қиын шаруа. Шыжығы көп болса да арамызда өз ісін жан-тәнімен сүйетін, жан-жануарға шын жүрегімен күтім жасайтын жүректі, мейірімді жандар бар. Олардың қатарында Гүлнұр Түленова да бар.
Нәзік жанды "Шымкент зообағында" "Тұяқтылар" бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Оның міндеті тұяқтылар қатарына кіретін зообақ «тұрғындарын» күтіп-баптау. Гүлнұр Бақытқызының айтуынша оның жұмысы тек жануарларды сырттай бақылап жүру емес, олармен «достасу», «көңілін аулау» , жайлылығын қамтамасыз ету дейді. Кейіпкеріміздің айтуынша жануарларға деген махаббат бала күнінде пайда болған.
Түркістан қаласындағы А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де «ғылыми биология» мамандығы бойынша бітірген. Оқуын бітіре сала осы Зообаққа «приматтар» бөліміне жұмысқа тұрады. Аталған бөлімді 10 жыл абыроймен басқарып, кейіннен тұяқтылар бөліміне ауысқан. Жалпы еңбек өтілі 17 жыл.
«Жануарлар кішкентай бала секілді. «Кел», «іш», «же» дегенді түсінеді. Олар адамға бірден үйренбейді: сондықтан асықпай, сабырмен бір айдай азық беріп, иіспен үйретеміз. Яғни олар адамды иісінен таниды. Үйренісе бастаған соң тордың ішіне кіріп, жанына жақындай бастаймыз. Қанша дегенмен олар жабайы жануарлар. Сенің жақсылығыңды кейде ұмытып кетеді. Әрдайым сақтықпен жүреміз. Ерекше жақсы көретін жануарларым бар. Олары еркелетіп тұрамын. Мысалы Ерослава атты зубр ерекше жақсы көремін. Сосын Горя деген осы зообақта туылған сусиыр бар. Кішкентайынан өз қолымызбен өсірдік. Екі арқарға кішкентайынан ешкінің сүтін беріп бақтық. Қазір үлкейді. Жануарлар ауырып қалса күн түн демей оларды емдейміз. Жануар адамның жақсы көргенін сезеді. Жақсы көріп тұрсаң олар сені қабылдайды. Жұмыс барысында түйе, көгілдір қой секілді бірнеше жануарды тудырып алған кезім болды. Бізде жыл сайын туатын жануарлар бар»,- дейді ол.
Зообақта 6 бөлім бар болса, соның ең үлкені осы тұяқтылар бөлімі екен. Мұнда қазір 29 түрлі жалпы саны 96 бас жануар бар. Олардың барлығына Гүлнұр секілді өз ісіне берілген 9 қызметкер күтім жасайды.
Жануарлар әлеміне 21 жасында келген Гүлнұр Бақытқызы өз мамандығымен мақтанатын жан.