Шымкент қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында көптеген санитарлық-тазалық іс-шаралары өткізілуде. Мұндай бастамалар еліміздің әрбір азаматының экологиялық мәдениетін арттыруға, қоршаған ортаны қорғау мен таза әрі қолайлы өмір сүру кеңістігін қалыптастыруға бағытталған.
1–14 тамыз аралығында Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Таза Қала» атты профилактикалық іс-шара өтуде. Шараның негізгі мақсаты – қала аумағында санитарлық тазалықты сақтау, қоғамдық тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғындардың экологиялық және құқықтық мәдениетін арттыру.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мамандары таратқан ақпаратқа сүйенсек рейдтік жұмыстар Шымкент қалалық полиция департаменті мен қала әкімдігі бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілуде. Нәтижесінде, бірқатар азаматтар мен кәсіпкерлік нысандардың иелері санитариялық талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда тыныштықты бұзған тұлғаларға да заң шеңберінде шара қолданылды.
Шара аясында аулалар мен көшелерге, саябақтар мен скверлерге, жалпыға ортақ пайдаланылатын орындардың тазалығына ерекше мән берілуде.
Құзырлы органдар қала тұрғындарын тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға тастауға, тазалық пен тәртіпті сақтауға және айналадағылардың тыныштығын құрметтеуге шақырады.
«Таза Қазақстан» жобасы бір күндік акция емес, бұл – өмір салтына айналуы тиіс бастама. Қоршаған ортаны таза ұстау – әрбір азаматтың міндеті. Шымкент қаласында қолға алынған бұл экологиялық шаралар халықтың белсенділігін арттырып, қоғамда қоршаған ортаны аялау мәдениетін қалыптастыруға оң әсерін тигізуде. Алдағы уақытта да тазалыққа бағытталған мұндай жұмыстар тұрақты түрде жалғасын табады. «Таза Қазақстан» акциясы – бұл жай ұран емес, еліміздің өзекті экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған кешенді бағдарлама. Ол кең ауқымды іс-шараларды қамтиды.
Айта кетейік, Шымкентте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 2025 жылдың наурыз айынан бастап апта сайын жалпыға бірдей сенбілік жұмыстарын өткізіліп келеді. Игі бастама жыл соңына дейін жалғасады.