Президент Антониу Гутерришке алғыс айтты

image.png 

 Қ.Тоқаев теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ-ның  үшінші конференциясында сөз сөйледі. 

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше Мемлекет басшысы ең әуелі конференцияны шақыру бастамасын көтергені үшін Түрікменстан Президенті С.Бердімұхамедовке ризашылығын білдірді және  теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдердің проблемаларын шешуге және мүмкіндіктерін пайдалануға бейіл танытқаны үшін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке алғыс айтты.

– Жиырма жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ-ның алғашқы конференциясын өткізіп, жетекші рөл атқарды. Яғни еліміз бұл үздіксіз үдеріске бастапқы жылдардан бері қатысып келеді. Осы тарихи оқиға барысында Алматы іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Бұл құжат теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының мәселелерін жаһандық дамудың күн тәртібіне тұңғыш рет шығарды. Бүгін біз алдымызда тұрған міндеттерді одан әрі ілгерілету мақсатында Авазада бас қосып отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, осы топ құрамындағы 32 дамушы елде жарты миллиардтан астам адам тұрады. Олардың көпшілігі қаржыландыруға және технологияға қол жеткізуде, сондай-ақ  жаһандық нарыққа жол табуда кездесетін кедергілермен бетпе-бет келеді.

– Аймақтағы шектеулі байланыс – теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдердің басты проблемасы. Бұл транзит және сауда шығыны, сондай-ақ геосаяси факторларға осалдық секілді біршама экономикалық қиындық тудырады. Аталған кедергілер азаматтардың әл-ауқатына әсер етіп, бәсекеге қабілеттілікті төмендетеді. Түрлі қақтығыстар, экономикалық санкциялар, жеткізу тізбегінің бұзылуы және жаһанда сенімсіздіктің белең алуы жағдайды одан әрі ушықтыра түседі. Дегенмен Қазақстан теңізге шығар жолы жоқ дамушы мемлекеттерді жаһандық мәселелердің шешімін табуға атсалысатын тең құқылы әрі перспективті серіктес ретінде қарау керек деп санайды. Мұндай елдердің үні анық естілуге тиіс, ал біздің өзара ынтымақтастығымыз терең болуы қажет, – деді Қ.Тоқаев.

«Қазақстанның осы бастамасын қолдағаны үшін БҰҰ Бас хатшысына және Орталық Азиядағы серіктестерімізге тағы да ризашылығымды білдіремін» деген  Президент сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының мақсаттары мен қағидаттарына бейіл екенін растады.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Таза Қала» атты профилактикалық іс-шарасы: Тазалық пен тәртіп- басты назарда
  • Президент Антониу Гутерришке алғыс айтты
  • Зауыттың тірегі – жұмысшы мамандар
  • Жас өрендер көлік жөндеудің қыр-сырын үйренді
  • Студенттер көлік саласындағы жаңа мүмкіндіктерді игеруде
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер