«Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік саласында табанды еңбек етіп жүрген азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Ақ Орданың төрінде өткен жиында Президент, ең алдымен, көлік саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, оларды еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жатқан нағыз еңбек адамдары деп атады. Әуе қатынастарын дамыту көлік саясатындағы басым міндеттердің бірі екенін атап өтті.
«Бүкіл ел бойынша авиация инфрақұрылымын жаңғырту үшін кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, өткен жылы Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар іске қосылды. Әуежайлардың өткізу қабілеті айтарлықтай артты. Бұрын Алматы әуежайы жылына 2,5 миллион жолаушыға ғана қызмет көрсете алатын. Бүгінде бұл көрсеткіш 14 миллионға дейін ұлғайды. Менің тапсырмаммен Зайсанда, Катонқарағайда және Кендірліде үш жаңа әуежай салынып жатыр. Арқалық әуежайы қалпына келтіріле бастады. Мұндай жобалардың жүзеге асуы жолаушылар нөпірін көбейтіп қана қоймайды. Сонымен қатар логистика, туризм, сауда және басқа да қосалқы салалардың дамуына серпін береді. Әуе рейстерінің географиясын кеңейту мақсатында тұрақты түрде жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Қазіргі кезде Қазақстанның 30-дан астам елмен тікелей әуе қатынасы бар. Бірақ бұл аз. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасады»,– деді Мемлекет басшысы.
Марапатталған 50 адамның ішінде шымкенттік майталман маман да бар. «Шымкент» халықаралық әуежайының Арнайы көлік қызметінің 1-санатты жүргізушісі Мавланов Инагамжан “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды. Инагамжан Махаметалиұлы 1962 жылы Шымкент облысы, Бөген ауданы, Хатын-Күпір ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын осы салада бастап, бүгінде 42 жылдық тәжірибесі бар кәсіби маман ретінде танымал. Барлық еңбек өтілі мен қызметі бір мекемеде — «Шымкент» әуежайының арнайы көлік қызметінде өтті.
Ол – өз ісінің нағыз шебері, жас мамандарға тәлімгер, әріптестеріне үлгі бола білген жан. Жауапкершілігі жоғары, ұжым арасында беделді, салмақты әрі әділ мінезімен ерекшеленеді.
«Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады»,- деп Президент өз Жолдауында айтқандай, саналы ғұмырын мамандығына, кәсібіне арнап, өз ісін адалынан атқарған еңбек адамдары бұдан кейін де ұлықтала бермек.