Студенттер көлік саласындағы жаңа мүмкіндіктерді игеруде

image.png

2025 жылды Президент Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауы, елдің тұрақты дамуы үшін жасалған маңызды қадам. Қолдау мен қамқорлықтың арқасында жұмысшы мамандардың беделі артып, Қазақстанның экономикалық әлеуеті одан әрі дами түседі. Айтулы жыл еліміздің кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне жаңа серпін берді. Осы бастаманың аясында техникалық бағыттағы оқу орындары мен өндірістік мекемелер арасындағы серіктестік нығайып келеді. Мұндай оң үрдістердің бірі  Жол-көлік колледжі мен көлік саласындағы жеке кәсіпкерлердің табысты әріптестігі арқылы көрініс табуда.

Жарты ғасырдан астам тарихы бар Жол-көлік колледжі бүгінде елдегі техникалық білім беру ісінің алдыңғы қатарында келеді. Оқу орны заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген, оқу-өндірістік шеберханалар мен арнайы гараж кешенінде студенттер тәжірибеден өтіп, заман талабына сай білім алуда. Колледждің оқу-өндірістік шебері Киелібек Жүнісовтің айтуынша, көлік жөндеу, сервистік қызмет көрсету, автоэлектрик секілді мамандықтарға қызығушылық жылдан-жылға артып отыр.

– Президентіміздің жұмысшы мамандықтарын қолдауы – осы салаға ерекше серпін берді. Бүгінде жастар техникалық бағыттағы мамандықтардың болашағы зор екенін жақсы түсінеді. Өйткені, қазір әр отбасыда кемінде бір, кейде екі автокөлік бар. Сонымен қатар нарықта жаңа маркалар – Toyota, Hyundai, KIA, әсіресе Қытай автокөліктері көбейіп жатыр. Соған сай қызмет көрсету орталықтарына білікті мамандар қажет, – дейді ол.

Колледжде бүгінде үш мыңға жуық студент білім алуда. Олар оқу бағдарламасымен қатар нақты өндірістік тәжірибеден өтеді. Жаз мезгілінде, әсіресе, автосервис бағытындағы студенттер түрлі сервистік орталықтарда тәжірибе жинақтайды. Бұл бағытта колледж бен кәсіпкерлер арасында тұрақты серіктестік орнаған.

Мәселен «ROYAL MOTORS» автосалоны жыл сайын Жол-көлік колледжінің студенттерін өндірістік практикаға қабылдайды. Автосалонның негізін қалаушы Бағлан Көпбаевтың айтуынша қазіргі нарықта кәсіби білікті жұмысшы мамандардың орны ерекше.

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өткен көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған іс-шара тәжірибе алмасуға және серіктестікті нығайтуға бағытталған. Жас мамандардың қатысуымен өткен басқосуда үздік қызметкерлер марапатталды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Жас өрендер көлік жөндеудің қыр-сырын үйренді
  • Студенттер көлік саласындағы жаңа мүмкіндіктерді игеруде
  • Құзіреттілік орталық – сапалы маман кепілі
  • Масылдықты еңбек қана жеңбек
  • Әлеуметтік нысандардың құрылысы тексерілді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер