Президенттің 2025 жылды жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыру, жастарды техникалық және кәсіптік білім алуға ынталандыру мақсатында қабылдаған «Жұмысшы мамандығы жылы» жарлығына сәйкес, Шымкент қаласындағы іргелі «Политехникалық колледжі» жұмысшы мамандықтарды дамыту мен жаңғыртуды насихаттау жұмыстарын белсенді жүргізуде.
«Политехникалық колледжі» - өз студенттеріне тек теориялық білім емес, сонымен қатар нақты өндірістік тәжірибе ұсына отырып, жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы рөлін арттыруда маңызды рөл атқарады. Колледжде оқытылатын мамандықтар еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес жаңартылып, заманауи технологиялар мен өндіріс талаптарына сай жетілдірілуде.
Колледждің оқыту бағдарламалары еңбек нарығындағы өзгерістер мен инновацияларға сәйкес реттеліп отырады. Сонымен қатар, студенттерге кәсіби біліктілікті арттыруға, жеке даму мен кәсіптік дағдыларды жетілдіруге бағытталған тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылуда. Осы арқылы жастарды еңбек нарығына тиімді әрі дайындығы мықты мамандар ретінде шығару мақсаты көзделуде.
Айтулы жыл аясында Техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы маңызды іс-шаралардың бірі –-«Бизнес Аруы-2025» өңірлік кәсіпкерлік байқауының «Мен-кәсіпкер» Гранд турнирі шеңберінде кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға ұмтылатын колледждердің талантты студент қыздарын анықтау және қолдау, сондай-ақ жастардың кәсіпкерлік қызметке қызығушылығын арттыру мақсатында колледж базасында іс-шара өтті. Байқауға қатысушы ретінде қаланың 5 колледжінен 8 команда ат салысты. Нәтиже бойынша І дәрежелі диплом Роза Алтынбекқызы мен Толқынай Есенхалиқызының жетекшілік еткен колледждің "Томирис Vision" командасының аруларына бұйырды.
Сонымен қатар «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында колледж студенттерi арасында қалалық “Хакатон-2025” байқауы өткен болатын. Сайыста колледж студенттері де бақ сынап, нәтижесінде IT үшін бизнес шешім бағыты І орын иегерлері аталмыш колледждің студенттері Абдукаримов Акрамжанмен Сейдуалиев Темiрлан иемденді.
«Жұмысшы мамандығы жылы» аясында білім алушылардың мамандыққа деген қызығушылығын арттыру, сол арқылы болашақ мамандарды еліміздің экономикасын дамытуға атсалысуға шақыру – колледждің басты міндеттерінің бірі болып табылады.