Президент Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтып: Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады»,- дей келе, еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп, жастарға үлгі етуді тапсырған болатын. Осы тұрғыда күні кеше, кеңестік кезеңде ауыл-аймақтарда жұмыс көрігін қыздырған бейнеткеш ата-бабаларымыздың, әке-ағаларымыздың өнегелі өмір жолын, тағылымды тірлігін бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі тұтудың да мән-маңызы ерекше. Бүгін біз сол санаттағы ардагер, ерен еңбегімен ел құрметіне бөленген, саналы ғұмырын өнер жолына арнаған жан туралы аз-кем әңгіме етпекпіз.
Шымкент қаласының тұрғыны Жақсыбай Оңалбекұлы – зор дауыстың иесі. Жастайынан әнге құмар болған кейіпкеріміз өңірімізді талай жылдан бері әнмен тербеп келеді. Ол жәй әнші емес- ұлтжанды азамат. Жақында Жақсыбай ата 83 жасқа толды: Әнмен ел жүрегін тербеткен қарияға лайықты құрмет көрсетілді.
Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты Белсенді ұзақ өмір орталығының қызметкерлері мен 6505 әскери бөлімінің сарбаздары Жақсыбай Оңалбекұлын 83 жасқа толған мерейтойымен құттықтады. Мерекелік іс-шарада қарияға құрмет көрсетіліп, оның елге сіңірген еңбегі мен өнер жолы ерекше аталып өтті.
Жақсыбай ата 1942 жылы Қазығұрт ауданында дүниеге келген. 15 жыл бойы хорда ән айтып, ел арасында ұлттық рухты көтеретін әндерімен танымал болды. 2020 жылдан бері Белсенді ұзақ өмір орталығының тұрақты мүшесі ретінде түрлі мәдени іс-шараларға белсенді қатысып келеді.
Патриоттық әндерді жан-тәнімен орындаған Жақсыбай Оңалбекұлы тыңдаушылардың жүрегіне жол тауып, елге деген махаббатын әр туындысында шынайы жеткізе біледі. Оның орындауындағы әндер көрерменнің көзінен жас ұялатқан кездер аз емес.
Жақсыбай ата өнерімен тек жергілікті деңгейде ғана емес, республикалық деңгейде де танылып үлгерді. Ол белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызының телебағдарламасына арнайы шақырылып, тікелей эфирде шырқаған әнімен миллиондаған көрерменнің жүрегін жаулап алған.
Мерейтой иесіне көрсетілген бұл құрмет — өнер мен елге адалдықтың елеусіз қалмайтынының жарқын көрінісі.
«Еңбек – ерлікке жеткізер, ерлік – елдікке жеткізер» деген қанатты сөз Жақсыбай атамыздың өмір жолы секілді.