Жалпы, қоғамды еңбекке жұмылдыру арқылы азаматтардың мақсат-мұратына, ал тұтас мемлекеттің даму деңгейін одан сайын жақсартуға болатыны баршаға аян. Яғни әрбір қазақстандықтың еңбегін еселей отырып, тұтыну идеологиясы мен жаппай масылдықпен күрес, еңбек өнімділігі мен еңбек құндылығына баса мән беру маңызды.
Шымкент қаласында 2025 жылы халықты жұмыспен қамту шараларына тарту арқылы тек жұмыссыздық деңгейін төмендету ғана емес, сонымен қатар азаматтарды әлеуметтік белсенділікке ынталандыру мақсаты алға қойылған.
Осы ретте қалалық Еңбек мобильділігі орталығы Еңбекші ауданы бойынша Мансап орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан–Түркия саябағында шағын жәрмеңке өткізіліп, тұрғындарға Enbek.kz порталындағы бос жұмыс орындары таныстырылды.
Мансап орталығының мамандары саябаққа келген әрбір тұрғынға жұмыспен қамту мүмкіндіктері, қысқа мерзімді кәсіптік оқулар, кәсіпкерлік негіздері, өңіраралық жұмыспен қамту, сондай-ақ Enbek.kz қосымшасы арқылы бос орындарды қарау тәртібі туралы кеңес берді.
Сондай-ақ тұрғындарға жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламалары туралы ақпарат пен Enbek.kz және migration.kz порталдарының QR-коды бар ақпараттық парақшалар таратылды.
Аталған QR кодтарды сканерлеу арқылы Enbek.kz порталынан қала бойынша мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда қолжетімді бос жұмыс орындары туралы ақпарат алуға болады.
Ал еңбек күші жетіспейтін солтүстік өңірлердегі бос жұмыс орындарын көру үшін migration.kz белгісі бар QR кодты сканерлеу жеткілікті.
Мұндай қолжетімділік тұрғындарға үйден шықпай-ақ Enbek.kz қосымшасы арқылы бос жұмыс орындарын қарап, жұмыс берушілермен бейнебайланыс арқылы әңгімелесуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік жоспар бойынша биыл Шымкент қаласында 49 733 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту көзделсе, жартыжылдық қорытындымен бұл көрсеткіштің нақты 15 412 адамды немесе 31 пайызын ғана қамту мүмкін болды. Жұмыспен қамту шаралары бірнеше бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтқанда биыл 3 006 адамға кәсіпкерлік қолдау көрсетілуі, 6 045 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолдануы, 15 272 адам бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасуы, 3 598 адам кәсіптік оқытуға қатысуы тиіс болған.
Нақты дерекке жүгінсек, бұл шараларға 12 549 адам тартылған. Десе де, жыл соңына дейін жоспар толығымен орындалуы көзделіп отыр.