Шымқалада өткен дәстүрлі жиында ел көлеміндегі жедел қызметтер мен азаматтық қорғау күштері бірлесіп, төтенше жағдайға төтеп беру тетіктерін пысықтады. Оқу-жаттығу Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Рамиль Камаловтың басшылығымен өткізілуде. Екі күн ішінде жаттығуға қатысушылар төтенше жағдайлар кезіндегі жедел қызметтердің өзара іс-қимылы мен үйлестірудің тәжірибелік дағдыларын пысықтайды. Іс-шараның мақсаты – зілзала жағдайында әрекет ету жүйесін жетілдіру және әрекет етуге дайындықты арттыру деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімі баспасөз қызметінің мамандары.
Оқу-жаттығудың бірінші кезеңі таңғы сағат 08:00-де басталды. Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдары және ТЖМ бөлімшелері толық дайындыққа келтірілді. Республикалық және қалалық жедел штабтар, сондай-ақ, зардап шеккен халықты уақытша орналастыруға арналған шатырлы қалашық құрылып, 4 200 адамға дейінгі сыйымдылықпен жабдықталған.
«Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына №52859, 28237 және 68303 әскери бөлімдері, сондай-ақ, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының Төтенше жағдайлар департаменттерінің, Денсаулық сақтау және Қорғаныс министрліктерінің, Апаттар медицинасы орталығының 269 адамы және 90 бірлік техникасы жұмылдырылды. Жаттығу бойынша қала аумағында Тұран-2 шағын ауданында Республикалық штаб, . Бозарықта қалалық штаб жайылған. Оқу-жаттығу мейлінше шынайы төтенше жағдайға жақын болғанын айта кету керек.
Бұл күні төтенше жағдайлар қызметіне қажетті бұйымдардың көрмесі өтті. Онда өртті дер кезінде сөндіруге мүмкіндік беретін дрондар ұсынылды. Қытайлық құрылғы қазір біздің елімізде құрастырылып жатыр. Ол бір мезетте 200 шаршы метр аумақтағы өртті сөндіруге қауқарлы. Құрылғы өрт кезінде 25 келіге дейінгі салмақты көтере алады. Мысалы, медикаменттер бар, өрт сөндіретін дрондар бар, арнайы бомбалар бар, соларды жеткізіп беруге, лақытыруға көмектеседі. Көпқабатты үйлерге шығып дронмен өртті сөндіруге мүмкіндік береді дейді мамандар.
«Жер-2025» оқу-жаттығуы - төтенше жағдайларға дайындықтың нақты көрінісі. Мұнда әр қызметтің шапшаңдығы, үйлесімдігі және техникалық жарақтануы сыналады. Бастысы - халықтың қауіпсіздігі.