Әлбетте балалардың қуанышы – қуаныштардың төресі. Осы орайда Шымкентте «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында мемлекеттік мектептерде білім алатын 56 мыңға жуық оқушыға, сондай-ақ биылғы жылдан бастап жекеменшік мектеп оқушыларына да жаңа оқу жылына дайындық мақсатында көмек көрсету жоспарланған. Акцияның мақсаты – аз қамтылған, көп балалы, тұрмысы жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсету, әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мамандарының таратқан мәліметіне сәйкес акция аясында көмек келесі санаттағы отбасылардан шыққан балаларға көрсетіледі:
• атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылар;
• жан басына шаққан табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар;
• жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
• төтенше жағдайлардан зардап шеккен немесе шұғыл жәрдемді қажет ететін отбасылардың балалары;
• мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған немесе қиын жағдайға тап болған отбасылар.
Оқу қорынан қарастырылған материалдық көмек мөлшері — 46 500 теңге. Аталған қаражат тікелей оқушының мектеп формасы мен аяқ киіміне, оқу құралдарына (дәптер, қалам, сөмке т.б.) және спорттық киімдеріне жұмсалуы тиіс.
Ата-аналар немесе заңды өкілдер мектепке тиісті құжаттарды тапсыру арқылы көмекке өтініш бере алады.
Айта кетейік, 2019 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың арнайы тапсырмасына сәйкес акцияға жаңашылдық енгізілген болатын. Өзгерістерге сәйкес «Мектепке жол» акциясы екі ай ғана емес, жыл бойы іске асырылатын болды. Нәтижесінде бірнеше мәселелер шешімін тапты: біріншіден, балаға бір рет қана емес, жылдың әр мезгілінде қажетті құрал-жабдықтар алуға көмектесуге мүмкіндік болды; екіншіден, көмекке мұқтаж жандар мен қайырымдылық жасайтын азаматтардың арасында тікелей байланыс орнатылуда; үшіншіден, көмекке зәру адамдардың шынайылығын растап, олардың әлеуметтік қажеттіліктерінің жауапсыз қалмауына әсер етілуде; төртіншіден, қаражаттың түсуі мен пайдаланылуын онлайн түрде бақылауға мүмкіндік туды. Иә, ресми түрде жыл бойы қайырымдылық жасауда дәстүрге айналған акцияға жыл сайын Шымқаланың азаматтары да атсалысып, үлес қосуда.