Білімге ұмтылған жастарды мемлекет әрдайым қолдап келеді. Білімімен және талантымен көзге түскен жастар биыл ерекше сыйлыққа ие бола алады. Бұл қандай сыйлық? Бұл туралы Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, Haileybury Astana халықаралық мектебінің қазақ тілі мұғалімі Озода Баходирқызы шымкенттік жастарға түсіндіріп берді деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Спикердің айтуынша, «Jas Keñes Siyligi» жастар сыйлығы 2024 жылы Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бастамасымен құрылған және еліміздің экономикасы мен қоғамдық өмірінің маңызды салаларында ерекше көзге түскен жас мамандарды қолдауды мақсат етеді. Биылғы жылы сыйлық құрылымында бірқатар жаңалықтар бар: номинациялардың саны былтырғы жетіден онға дейін артты. Жаңа бағыттар ретінде жас ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен дәрігерлер, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, креативті индустриялар және атом өнеркәсібі саласының мамандары қамтылды. Сыйлықтың әрбір номинациясы белгілі бір сала қызметкерлеріне арналған. Мәселен, ішкі істер органдары мен қарулы күштер өкілдері, медицина қызметкерлері мен дәрігерлер, өндіріс және тау-кен саласы мамандары, инклюзивті оқу және әлеуметтік мекемелер қызметкерлері, педагогтер мен ғалымдар, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер, энергетика мен атом өндірісі қызметкерлері, құрылысшылар мен жұмысшы мамандық өкілдері, агроөнеркәсіп кешені мамандары және ақпараттық технологиялар мен креативті индустрия қызметкерлері өз саласы бойынша қатыса алады.
Сыйлыққа еліміздің 35 жасқа толмаған азаматтары үміткер бола алады. Байқауға өтінімдер 2025 жылғы 20 шілдеге дейін арнайы сайт арқылы қабылданады. Конкурстық іріктеу үш кезеңнен тұрады, нәтижесінде әр номинация бойынша екі жеңімпаз, жалпы 20 жеңімпаз анықталады. Жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайды, әр жеңімпазға 1 млн теңгеден беріледі. Сыйлықтың бас серіктесі және демеушісі – «Brave Talents» компаниясы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Jas Keñes Siyligi» жастарды қолдау және олардың кәсіби дамуына серпін беру арқылы Қазақстанның барлық өңіріндегі жас мамандардың әлеуетін арттыруды көздейді. Сыйлық пен Кеңестің жұмысы туралы толығығақ ақпаратты арнайы сайттан білуге болады.