Үшінші мегаполисте жаңа оқу жылында жастарды кәсіби мамандықтарға баулу жұмыстары қарқын алмақ. Сондай-ақ биылғы дәстүрлі түрде өтетін тамыз кеңесі «Білім келешегі: Адал азамат. Кәсіби маман» тақырыбында өрбімек. Бұл туралы «Жаңа оқу жылына – жаңа қарқынмен» атты дөңгелек үстелде мамандар мәлім етті. “Ардагерлер кеңесінің” ұйымдастыруымен өткен жиынға ардагер ұстаздар менен білім басқармаларының басшылары қатысып, өзекті мәселелерді талқылады. 2024–2025 оқу жылының қорытындысы, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру, жаңа оқу жылына дайындық барысы, колледждер мен кәсіптік оқу орындарындағы маман даярлау деңгейі және мемлекеттік тапсырыстардың орындалуы сынды маңызды тақырыптар қозғалды.
«Балалардың жазғы бос уақытын тиімді ұйымдастыру 3 бағыт бойынша жүргізілуде. Біріншіден, қаламызда жоғары оқу орындары мен кәсіби бағдар беру мақсатында 50 оқу лагері қарастырылған. Мұнда мектеп оқушылары жоғары оқу орындарына тікелей бару арқылы тәжірибе алмасып, зерттеу жұмыстарымен танысады. Екінші «PROF START» оқу лагері. Ол техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен мектеп арасындағы байланыс. Үшіншіден, қосымша білім беру ұйымдары арасындағы шығармашылық пен өнер, спорт лагерлері. Ққушыларды жазғы лагерлермен қамтамасыз ету 94,8 пайызды құрап отыр. Қазір лек- легімен балалар жазғы лагерлерге қатысуда. Биылғы «2025 - жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануына байланысты дәстүрлді тамыз кеңесінің тақырыбы «Білім келешегі: Адал азамат. Кәсіби маман» деп бекітілді. Білім беру ұйымдарының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі білім алушыларға мамандықты сапалы таңдауға негіз болатын, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды таныстыру, мамандық таңдауға қолдау көрсету басты бағыт болып табылады. Сондай-ақ оқушылардың функцияоналдық сауаттылығын арттыру, үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс жасау жұмыстары одан әрі жалғастырылатын болады»,- деді жиында Шымкент қаласы білім басқармасының әдістемелік орталығының директоры Шолпан Сапарбайқызы.
Жиын барысында қатысушылар білім жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын ортаға салып, педагогикалық тәжірибемен бөлісті. Дөңгелек үстел жаңа оқу жылына жүйелі дайындықты қамтамасыз етуге бағытталған тиімді алаңға айналды.