Шымқалада тағы бір газ толтыру станциясы салынбақ

image.png   

Шымкентте  жолаушылар тасымалы қызметінің сапасы күн санап жақсарып келеді. Қалада «Shymkent Bus» бірлескен кәсіпорнының базасында үшінші газ толтыру станциясының құрылысы жүргізілуде. Жаңа нысанды  ағымдағы  жылдың тамыз айында іске қосу жоспарланған. Бұл шара газбен жүретін автобустардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, салқындатқыш жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. 

Өңірлік коммуникация  қызметі мамандарының дерегінше бүгінде Шымқалада жолаушылар тасымалын қамтамасыз ету мақсатында 82 бағыт бойынша күн сайын 984 автобус қызмет көрсетеді. Оның ішінде 845 автобус заманауи салқындатқыш жүйесімен жабдықталған болса, 139 автобуста мұндай жүйе зауыттан орнатылмаған.

Соңғы уақытта тұрғындар тарапынан қоғамдық көліктердегі салқындатқыш жүйесінің жиі өшуіне қатысты шағымдар түсуде. Бұл мәселе негізінен кейбір автобустардың отын ретінде сығымдалған газ-метанды пайдалануымен байланысты. Қала аумағында газбен жүретін автобустарға қызмет көрсететін екі газ толтыру компрессорлық станциясы (АГНКС) жұмыс істейді. Алайда қолданыстағы станциялар барлық автобустарды толық көлемде жанармаймен қамтамасыз ете алмай отыр.

Салдарынан кейбір бағыттарда газды үнемдеу мақсатында жүргізушілер салқындатқыш жүйелерін уақытша өшіруге мәжбүр болады. Сонымен қатар, жолаушылардың өз өтініштері де әсер етеді: кейбір егде жастағы азаматтар жүргізушілерден салқындатқышты өшіруді сұрап, терезелерді ашық ұстауды қалайды.  Жаңа газ толтыру станциясының құрылысы аталған мәселенің шешімі болмақ дейді жауапты мамандар.  

Сондай-ақ қалада техникалық жағынан ескірген автобустар да бар. Мысалы, пайдалануға берілгеніне 5 жылдан асқан «Ankai» маркалы шамамен 300 автобус қызмет етеді. Тасымалдаушы мекемелермен жасалған келісімшарттар аясында автопаркті кезең-кезеңімен жаңарту міндеттемесі қарастырылған. Осы жоспарға сәйкес, 2025 жылдың қыркүйегіне дейін қалаға 200 жаңа автобус сатып алу көзделіп отыр.

Жаңа автобустардың келуі тек салқындатқыш жүйесіне қатысты мәселені шешіп қана қоймай, техникалық ақауларға байланысты жиі тоқтайтын ескі автобустарды алмастыру арқылы қаладағы қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыруға ықпал етеді.  Мұның барлығы жолаушылардың жайлылыңы мен қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан шаралар. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ұлттық аспапты ұлықтаған жан
  • Өмірін жан-жануардың саулығына арнап келеді
  • Спортты дамыту басты назарда
  • 1 миллион шымкенттік сақтандырылған
  • Медициналық көмектің сапасы жоғарылап келеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер