Шымкент – атына заты сай көрікті, заманауи, цифрлы қала. Мұнда қоғамдық көліктердің сапасына, қызметіне аса көңіл бөлініп келеді. Қаладағы қоғамдық көліктерде 2024 жылдың қараша айынан бастап жолақыны қолма-қол төлеу жүйесі тоқталытып, цирлық жүйеге көшкен. Бұл жолаушылардың ыңғайлылығы үшін жасалған. Қазір қалада қоғамдық көлікте жолақыны төлеу тәртібіне бақылау шаралары күшейтілген. Өткен айдан бастап «Бақылау-тексеру қызметі» мамандары жолақы төлемеген жолаушыларға қатысты «102» нөмірі арқылы полиция қызметкерлерін шақыруды тәжірибеге енгізді. Нәтижесінде маусым айында 1168 әкімшілік хаттама толтырылды. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері қалада жолақы төлемеген жолаушыларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 622-бабы 2-тармағы бойынша 2339 әкімшілік хаттама толтырылып 18 393 896 теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Қолма-қол ақшасыз төлем жүйесінің дамуы және Бақылау-тексеру қызметінің белсенді жұмысы қоғамдық көліктегі ашықтықты арттырып, жолаушылар тәртібін күшейтуге ықпал етеді. Әкімдік қоғамдық көліктегі жолақы төлеуді қатаң қадағалауды жалғастырып, жолаушыларға қауіпсіз әрі ыңғайлы жағдай жасауды көздеп отыр.
Қазіргі уақытта «Бақылау-тексеру қызметінің» 73 қызметкері күн сайын таңғы 6:00-ден кешкі 22:00-ге дейін рейдке шығып, жолаушылардың билеттерін, көлік карталарын және тегін жүру құқығын растайтын әлеуметтік немесе мектеп карталарын тексереді. Тексеру кезінде жолақысын төлемеген жолаушыларға құқықтары мен міндеттері түсіндіріледі. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.
Бүгінде жолаушыларға төлем жасаудың бірнеше заманауи әдісі қолжетімді. Атап айтқанда:
• көлік картасы (оны «Smart Mobility» ЖШС кеңсесінен немесе Бақылау-тексеру қызметі мамандарынан сатып алуға болады);
• мобильді төлемдер (Bluetooth, QR-код арқылы, банк карталарымен, автобустың мемлекеттік нөмірін енгізу арқылы, екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшалары арқылы).
Айта кетейік 2024 жылғы 26 сәуірдегі қала әкімдігі мен мәслихатының бірлескен шешіміне сәйкес, бірнеше санаттағы азаматтар қоғамдық көлікте тегін жүру құқығына ие.