Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды. Сондықтан айрықша маңызға ие еңбек адамдарының беделін көтеру бүгінгі күннің талабы.
Бүгінде миллионнан астам Шымкент қаласының тазалығына жауап беретін «Жасыл жер Шымкент» мекемесінде 400-ден астам адам адал еңбек етіп, қаламыздың гүлденуіне ат салысып жүрген жайы бар. Қала тұрғындары енді ғана оянып, бірі жұмысқа, бірі оқуына бара жатқанда мекеме қызметкерлері көше мен аялдамаларда қызу жұмыс істеп жатады. Олардың басты міндеті шаһардың айнадай таза болуын қамтамасыз ету.
«Біздің компания Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына қарасты жауапты мердігер мекеме. Біздің басты қызмет Қаратау ауданы бойынша сай-арықты тазалау және көгалдандыру, абаттандыру. Компаниямызда 400-ге жуық қызметкер бар және 65 арнайы техникамыз бар. Одан бөлек бізде фельдшерлік пункттарымыз бар. Техникалық көліктерді жүргізушілер таңертең жұмысқа шықпастан бұрын күн сайын тексеруден өтеді. 300-ге жуық көше тазалайтын қызметкерлеріміз бар. Олар таңғы сағат алтыдан түсті екіге дейін жұмыс атқарады. Олардың жұмысы көшелерді сыпыру, аяқ жолдарды тазалау. Аялдамаларды жуу және қоқыс жәшіктерін тазалау», -дейді «Жасыл жер Шымкент» ЖШС директорының орынбасары Қалдыбек Оразбаев.
Қаратау ауданы бойынша 75 көше бекітілген. Міне, осы көшелердің бойын күн сайын мекеме қызметкерлерді тазалап отырады. Олардың жұмысы шіліңгір шілде де, нөсер жауында да, дауылда да, қақаған аязда да тоқтаған емес. Сондықтан олардың еңбегі орасан және құрметке лайық.
«Қала тұрғындарын тазалыққа шақырғым келеді.Жәй ғана қоқысты жерге тастамай жәшікке салса соның өзі біздің жұмысымызды әлдеқайда жеңілдетеді. Қызметкердердің барлығы біреудің әкесі, біреудің анасы, біреудің баласы, біреудің қызы. Бұл кісілердің жұмысы оңай емес. Жаздың ыстығы, қыстың суығында олардың барлығы көшенің бойында еңбек етіп жүреді. Сондықтан еңбектері бағаланса дейміз. Мемлекет басшысы қазір еңбек адамдарына ерекше мән беріп, қадірлеуді тапсырды емес пе?! Жалпы қоғамдағы әрбір еңбек етіп жүрген адам мемлекеттің басты байлығы деп білемін»,- дейді учаске бастығы Сәуле Мырзаева.