Еңбек - адамнан, ризық - Алладан

image.png 

 Ғылым, білім, өндіріс саласында тер төкпесе де біздің күнделікті өмірімізге жайлылық сыйлайтын маман иелері бар.  Ия, олардың жұмысы көзге көрінбеуі мүмкін, кейде бағаланбай жатуы да мүмкін. Бірақ дәл осы мамандардың жұмысы сырт көзге қарапайым болып көрінгенімен шын мәнінде бұл мәдениеттің бастауы. Себебі тазалық  бар жерде тәртіп пен мәдениет бар. 

    Қаламыздың көркеюіне өз үлесін қосып жүрген жанның бірі Өмірбек Кәрімбаев. Нәпақасын адалынан тауып жүрген азамат қазіргі таңда «Жасыл жер» ЖШС-да жұмыс істейді. Таңмен таласып оянып, қолына күрегі мен сыпырғысын алатын шымкенттік тұрғын өз жұмысына ешқашан күпірлік етпеген. Керісінше дені сау азамат қандай жұмыс болса істеу керек дейді ол. 

«Осы мекемде жұмыс істеп жатқаныма 4 жылдай уақыт болды. Шүкір деймін. Ең бастысы аяқ қолым сау. Сондықтан ешқандай жұмыстан қашпаймын. Кейде он екі мүшесі сау болса тұра көшеде қаңғып жүрген адамдарды көргенде «көше сыпырсаңда жұмыс істесеңші» деп ақылымды айтып отырамын»,- дейді мекеме қызметкері.

      Бүгінде бес баланы асырап отырған әке осы адал еңбектің арқасында үйлі болғанын айтады.

«Біздің басты міндетіміз қала ұйықтап жатқанда көшені тазалап, қоқыстанды жинау, айналаны таза ұстау. Көшелерді сыпырамыз, қаланың сәніне айналған ағаштарды ретке келтіріп қырқамыз. Айналамыз таза болса, ауамыз да таза болмақ. Сондықтан қаланың тазалығы бұл мамандардың, жұмысшылардың ғана мойнынан артылған жүк емес. Әрбір тұрғын бұған өз үлесін қосу керек. Жәй ғана қоқысты жерге шашпай, арнайы жәшікке салғанның өзі тазалыққа үлес қосқаның және сенің бойындағы мәдениеттілікті білдіреді. Кішкентай балаларды да жастайынан тазалыққа үйреткен абзал. Осы жұмыстың арқасында бала шағамызды асырап жүрмін және жалақымды жинай отырып үй салып алдым. Ең бастысы ерінбеу керек. Ал ризық Алладан»,- дейді Өмірбек Кәрімбаев. 

Шынтуайтында, еліміз осындай еңбекқор жандардың арқасында дамып жатыр. Еңбекқор адам елге сүйкімді, сыйлы, беделді келеді. 

Ал, бүгінде, байқауымша, қара жұмысқа қол былғамай, ауадан ақша жасап, тез баюды, оқу бітіре сала бастық болуды қалайтын жастар көп. Президент соңғы уақытта жастардың еңбекке құлшынысын арттыру керек дегенді жиі айтып жүр. Ол үшін әрбіріміз отбасымызда балаларымызды еңбек етуге тәрбиелеуіміз керек. Жұмыстың үлкен-кішісі болмайды, бастысы – наныңды адалдап же! 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Тазалық жаршылары құрметке лайық жандар
  • Еңбек - адамнан, ризық - Алладан
  • Еңбек- адамның шынайы бейнесі
  • Тазалық сақшыларының өз миссиясы бар
  • Өрт сөндірушілер – бүгінгі күннің батырлары
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер