Кейде белгілі бір дәрежеге, мансапқа, байлыққа қолы жеткен адамдарды ғана еңбек адамы деп қарайтын секілдіміз. Шын мәнінде табысы аз болса да сонымен күн көріп жүрген қаншама жан бар. Олардың да істеп жүргені еңбек. Тек бір адамдарда ми еңбегі, ой еңбегі басым болса, енді біреулері керісінше физикалық тұрғыдан көп қимылдап, күннің ыстығы мен суығына қарамай еңбек етіп жүреді.
Иә, еңбек – қашан да қадірлі. «Адамды адам еткен – еңбек» деген қағиданы былай қойғанда, еңбексіз нәпақа, күнкөріс жоқ.
Күнделікті өмірде қолына сыпырғы, күрек ұстаған тазалық жанашырларын көреміз. Ауа-райының қолайсыздығына қарамай жұмысшылар көбінесе шаң-тозаңда, шақырайған күннің, шытынаған аяздың астында жұмыс істейді. Өйткенi, олар қала тазалығына жауапты екенін сезінеді. Кейіпкеріміз Толқын Оразбаева – Шымкенттің шырайын кіргізіп жүрген коммуналдық сала қызметкері. Оның міндеті аула сыпырып, көше тазалау ғана емес адамдарды тазалыққа шақыру. Таңсәріден бастап қолына құрал-сайманын алып, жұмысына кірісетін еңбек адамы қаланың тазалығына үлес қосып жүргенін мақтан етеді және әрбір адам қоршаған ортаның, Қазақстанның, қаламыздың тазалығына үлесін қосса дейді.
«Табиғатты сақтап жүрейік, Алланың берген аманаты ғой. Үймізді қалай ұстасақ, табиғатты да солай қоғрғауымыз керекү. Жастарға тазалықты үйретейік.Таза болып тұрғаны өзімізге де жақсы»,- дейді Толқын Оразбаева.
Тазалық мамандары жыл сайын қалаға көптеп туристер ағылатынын айтады. Сондықтан көше тазалағын ылғи бірінші орынға қоюуымыз керек дейді.
Еңбек еткен адамның қор болмайтыны белгілі. Бүгінде өзінің еңбексүйгіштігінің арқасында бел жазбай еңбек етіп, ел алғысын арқалаған кейіпкеріміз Толқын қандай жұмыс болса да шын ынта-ықыласыңмен істеу керектігін алға тартады.
Тазалық тек ауламен шектеліп қана қоймайды. Өзінің айналасына ұқыпты қарайтын адам әр ісіне адал, тиянақты болады. Бұл елдің өркендеп өсуіне де әсер етеді. Аула сыпырушы болу үшін адамда үлкен ерік-жігер мен табандылық болуы қажет. Сол себептен бұл мамандық иелеріне де аса құрметпен қарау қажет. Сонда халықтың санасы өзгеріп, табиғатқа деген жанашырлық сезімі оянар еді. Жұмысшы мамандықтары жылы бос ұранға айналмай, нақты істермен көрініс табуы тиіс. Оған алғашқы қадам – ең төменгі буында еңбек етіп жүрген осы мамандарға қамқорлықтан басталуы қажет.