Адамды адам еткен – еңбек. Қоғам да сол ерен еңбек арқасында ілгері жылжып, дамып отырады. Дамыған елдер қатарына қосылу, экономиканы қалыптастыру үшін де жастарды мектеп қабырғасынан еңбекке баулып отыру керек. Бала жас шыбық тал секілді, қалай отырғызса солай бет алып өседі. Баланы да жастайынан еңбекке үйрете отырып тәрбиелесек, өскенде өз жемісін береді.
Ел ертеңінің іргетасын қалыптастырушы жас буынның бойында парасаттылық құндылықтарын кең көлемде дәріптеу және адал еңбекке баулу – бүгінгі мемлекет саясатындағы басым бағыттардың бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда маңызды құндылық ретінде еңбекқорлық пен кәсіби біліктілікті баса айтты. Президент сөз арасында біраз жастың әлеуметтік жәрдемақыға қол жайып отырғанын да тілге тиек етті. Бұған ата-ананың ықпалы бар екенін де алға тартты. «Көбіне ата-аналар баласын алысқа жібергісі келмейді. Соның кесірінен көптеген жас еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіз болып, әлеуметтік жәрдемақыға қол жайып отыр. Бұл – масылдық деген сөз», деді Қ.Тоқаев.
Шымкент – жастардың қаласы. Жалынды жастардың жастық жігерін тиімді пайдалану, олардың еңбекке баулу, масылдыққа бой алдырмау мақстанда қалада бірқатар шаралар атқарылып келеді. Жақында
«Жұмысшы мамандықтар» жылына арналған іс-шаралар жоспары аясында Тұран ауданының Мансап орталығы мамандары жастарды цифрлық еңбек нарығына бағыттау жұмыстарын жалғастыруда. Мамыр айында орталық қызметкерлері Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Оңтүстік Қазақстан академиясы жанындағы медициналық колледж түлектерімен арнайы кездесу өткізді.
Кездесу барысында бітіруші студенттерге Skills.enbek.kz платформасында орналастырылған «Сенің мансаптық бастамаң: электрондық еңбек биржасын қалай пайдалануға болады» атты тегін онлайн-курсты меңгерудің жолдары түсіндірілді.
Аталған курс түлектерге өндірістік практикадан өту, жұмыс іздеу, жұмысқа орналасу, сондай-ақ онлайн форматта әңгімелесуден өту дағдыларын үйренуге мүмкіндік берді.
Нәтижесінде 115 бітіруші түлек «Электронды еңбек биржасы» бірыңғай цифрлық платформасын пайдалану бойынша білімін жетілдіріп, арнайы сертификаттарға ие болды.
Жастардың еңбек нарығына бейімделуіне бағытталған бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын таппақ.