Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «Біздің қоғам масылдық психологиядан арылуы керек. Әрине, мемлекет әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсете береді. Бірақ жұмыс істеуге мүмкіндігі бар әрбір адам адал еңбекпен табыс тауып, отбасын асырауға міндетті. Осының өзі елімізді дамытуға үлес қосу деген сөз», - деген болатын. Бүгінде елімізде әлеуметтік осал топтағы азаматтарға мейілінше көмек көрсетіп келеді. Алайда осы мемлекеттің қамқорлық аясынан шығып, өз бетінде еңбек етіп, адал табыс тауып, масылдықтан арылып, тұрмысын иүзеп жатқан жандар да жеткілікті. Тіпті мүмкіндігі шектеулі азаматтар да үкіметтің арқасына жүк болмай еңбек етіп, адал нәпақасын табуға тырысып жүр. Мұндай еңбекқор мүмкіндігі шектеулі жандар үшінші мегаполисте де баршылық. Ал осындай мүгедек азаматтардың қоғамнан өз орнын тауып, екі қолға бір күрек табуына мамандар жәрдемдесіп келеді.
Жақында Шымкент қаласында мүгедектігі бар азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шара «Ten qogam» әлеуметтік қолдау орталығында өтті.
Жәрмеңке «Шымкент қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығы» мен «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында өтті. Мақсат — мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуға ықпал ету, олардың еңбек нарығына қолжетімділігін арттыру.
Іс-шараға 30-дан аса жұмыс беруші қатысып, 450-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Сондай-ақ, жұмыс іздеушілерге «Күміс жас», «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыс» бағдарламалары бойынша уақытша жұмыс орындары ұсынылды.
Жәрмеңкеге 60-қа жуық мүгедектігі бар азамат қатысып, нәтижесінде:
- 1 азамат тұрақты жұмысқа орналасты, 12 адам сұхбаттасуға жолдама алды;
- 1 адам «жастар практикасына;
- 1 адам қоғамдық жұмысқа;
- 3 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына қатысуға ниет білдірді.
Қалған қатысушыларға жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламалар жөнінде кеңес берілді.
Биыл Шымкентте 49 679 азаматты жұмыспен қамту шараларымен қамту жоспарланған. Оның ішінде 1120 мүгедектігі бар азаматты тарту көзделіп отыр. Бүгінгі таңда 354 адам қамтылды.
Сонымен қатар, қалада мүгедектігі бар азаматтарға жұмыс орындарына квота белгіленген. Қазіргі таңда осы квота шеңберінде 20 мекемеге 40 азамат жұмысқа жолданды.