Жас кәсіпкерге мүмкіндік көп

Screenshot_7.png

Түркістан жастарының енді өз орталықтары бар. Ол жерде құжаттарын реттеуге, тәулік бойы интернеттің көмегіне жүгінуге, үйірмелерге қатысуға және спорт алаңдарында ойнауына болады. Робот техника бойынша жұмыс істеуіне де арнайы бөлме жабдықталған. Бәрінен де жас кәсіпкерлердің өз идеяларын жүзеге асыруына жағдай жасалып отыр.

  Түркістан облысының Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасына қарасты  жаңадан ашылған «Жастар ресурстық орталығының»  ғимаратында Тurkestan hub IT орталығы ашылды. Мұнда  IT саласындағы кәсіпкерлер, жас мамандарға өз жобасын жүзеге асыруды үйретіп, оған  инвесторлар тарта алады. Орталықтың ашылуына Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова қатысып, жастарға беріліп жатқан мүмкіндіктермен танысты. ІТ park мектебінің шәкірті атануға 14 пен 29 жас аралығындағылар қатыса алады. Сонымен қатар, білім аламын дегендерге  модельдеу, бағдарламалау, смартфондарға арналған мобильдік қосымшаларды іске қосу мен сайт ашу бойынша тәжірибелік сабақтар өтпек.

Тарқатып айтар болсақ, көпфункционалды жаңа ғимараттың бірінші қабатында жастарға құжат бойынша қызмет көрсетеді. Яғни, оқуға түскісі келсе, жұмыс іздесе қайда жүгінуге болатынын осындағы мамандардан біле алады. Ата-анасыз өскен жетім балалардың тұрғын үй кезегіне тұруына дейін керекті құжаттарын реттемек. Екінші қабатта тегін интернетке қосылған 24 компьютер бар, оған қосымша өз ноутбугымен келетіндер үшін 8 орын қамтылған. Үндістан, Еуропа, Араб елдеріне қызмет көрсететін «Bugin.kz» халықаралық компаниясының осында филиалы ашылмақ. Филиалда IT, медия саласында жастарды жұмыспен қамтамасыз етеді.

    Сонымен қатар, спорт, өнер саласы бойынша ойын ойнайтын үйірмелер жасақталған. Егер басшылық тарапынан атқарылатын жұмыс жүйелі жүріп, жастар өз мүмкіндіктерін толық пайдаланса болашағы бар жобаларды іске асыруға болады. Үшінші қабаттағы конференция залында жастар жиылып, көңілді кештер өткізеді. Ал ғимарттың артқы аумағында  үш үлкен спорт алаңшасы тұр. Онда кешегі ашылған күннен бастап жастар арасында кіші футболдан турнирдің алғашқы ойыны басталып кетті.

­­­­ ­ – «Түркістан хабтың» мақсаты өз кәсібін ашқысы келетін жастарға жан-жақты қолдау білдіру. Егер жобасы іске асып, оған инвестор тартылып жатса ол өнімін Түркістан облысы аумағында сатуына жәрдем береміз. Штатта қазір 3 IT компания жастармен жұмыс істеуге дайын,- деді облыстық Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер  басқарма басшысының орынбасары Кенжебек Азатбеков. 

Сонымен қатар, бұл күні бұқаралық спортты дамыту мақсатында кіші футболдан облыс әкімінің кубогы басталды. Облыс бойынша 20-дан аса спорттық газондар бар екен. Әрқайсысынан 5 команда шыққанда 100-ден аса футболшылар жиналып, алдағы 1-желтоқсанға дейін өзара жолдастық кездесулер өткізіп тұрады. 

Салтанатты ашылудан кейін  әкім барлық жастар қамтылған жиынға қатысып, жас кәсіпкерлердің ұсыныс, тілектерін тыңдап, Түркістанды бірге түлетуге шақырды.

 

Динар БОРАНБЕКҚЫЗЫ


®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Жас кәсіпкерге мүмкіндік көп