АҚШ Гренландияның әр тұрғынына 100 мың доллар төлеп, аралды сатып алмақ

image.png

АҚШ билігіндегі шенеуніктер Гренландия тұрғындарын Даниядан бөлініп, болашақта Америка Құрама Штаттарына қосылуға көндіру мақсатында бір реттік ақшалай төлемдер жіберу мүмкіндігін талқылаған деп хабарлайды  rgmedia.kz тілшісі. 

Reuters дерекөзінің жазуынша төлемнің нақты сомасы мен оны жүзеге асыру тетіктері әзірге белгісіз. Алайда, Ақ үй қызметкерлерін қоса алғанда, АҚШ шенеуніктері бір адамға 10 мыңнан 100 мың АҚШ долларына дейін төлеу нұсқаларын талқылаған.

Данияның теңіз асып жатқан аумағы саналатын, халқы шамамен 57 мың адамды құрайтын Гренландия тұрғындарына тікелей ақша төлеу идеясы – Копенгаген мен Нуук билігінің «Гренландия сатылмайды» деген мәлімдемесіне қарамастан, АҚШ-тың аралды «сатып алу» жолын іздестіріп жатқанын көрсететін нұсқалардың бірі.

Бұл тәсіл Ақ үйде Гренландияны иемденуге қатысты талқыланып жатқан бірнеше жоспардың бірі ғана. Олардың қатарында АҚШ әскерін қолдану мүмкіндігі де бар. Алайда мұндай әрекет Гренландия халқы үшін тым саудаға негізделген, тіпті ар-намысты қорлайтын қадам болып көрінуі мүмкін. Өйткені гренландиялықтар өз тәуелсіздігі мен Данияға экономикалық тәуелділігі мәселесін ұзақ уақыттан бері өздері талқылап келеді.

«Жетер енді… Аннексия туралы қиялдарға жол жоқ», – деп жазды Гренландия премьер-министрі Йенс-Фредерик Нильсен жексенбі күні Facebook парақшасында. Ол бұл пікірді АҚШ президенті Дональд Трамптың елге аралды иемдену қажет екенін тағы да айтқанынан кейін білдірді.

ЕУРОПА КӨШБАСШЫЛАРЫ: ШЕШІМ ТЕК ГРЕНЛАНДИЯ МЕН ДАНИЯҒА ТИІЕСІЛІ

Соңғы күндері Трамп пен Ақ үйдің өзге де өкілдерінің Гренландияға «құқығымыз бар» деген мазмұндағы мәлімдемелеріне Копенгаген мен Еуропаның өзге елдерінің басшылары қатаң наразылық білдірді. Себебі АҚШ пен Дания – НАТО аясында өзара қорғаныс жөнінде келісімге қол қойған одақтастар.

Сейсенбі күні Франция, Германия, Италия, Польша, Испания, Ұлыбритания және Дания бірлескен мәлімдеме жасап, Гренландияға қатысты кез келген шешімді тек Гренландия мен Дания ғана қабылдай алатынын атап өтті.

Аралды сатып алу және гренландиялықтарға тікелей төлем жасау мүмкіндігі жөніндегі талқылауларға байланысты пікір сұралғанда, Ақ үй Reuters агенттігін баспасөз хатшысы Каролин Ливитт пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың сәрсенбі күні айтқан сөздеріне сілтеді.

Брифинг барысында Ливитт Трамп пен оның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілері «ықтимал сатып алу қандай болуы мүмкін екенін қарастырып жатқанын» растады. Ал Марко Рубио келесі аптада Вашингтонда Даниядағы әріптесімен Гренландия мәселесін талқылау үшін кездесетінін айтты.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қазақстанда баланың туа біткен даму кемістіктерін анықтау 12,5%-ға артты
  • Дін мемлекеттен бөлек — Конституция жобасы
  • Танымал блогерлер ескертуден кейін қосымша 18,2 млрд теңге табысын декларациялады — МКК
  • Ауыл мен қалаға бірдей интернет: Үкімет инфрақұрылымды күшейтпек
  • СҚО-да сталкинг дерегі бойынша алғашқы үкім шықты
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер