Өңірдегі медициналық мекемелер тәжірибелі дәрігерлерді жұмысқа қабылдауға дайын.
Бүгінде Түркістан өңірінде 250-ден астам бейінді дәрігер жетіспеушілігі анықталып отыр. Анестезиолог және реаниматология, акушерлік-гинекология, неврология, кардиология, неонатология, травматология-ортопедия, офтальмология, оториноларингология, клиникалық фармаколог, инфекционист, онколог мамандары тапшы деп жазады kaz.inform.kz.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, аймақтың медициналық мекемелері осы салаларда тәжірибесі бар кадрларды жұмысқа қабылдауға дайын.
— Өңірде 24 мыңнан астам медицина қызметкері халыққа еңбек етіп келеді. Дегенмен демографиялық жағынан көш бастап тұрған Түркістан облысы үшін білікті дәрігерлер қажет. Осы мәселені шешу мақсатында облыс әкімдігі 5 жылдық жоспар бекіткен болатын. 2023-2029 жылдары резидентураға 675 грант бөлініп, жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылды. 2023-2024 оқу жылында түскен 176 резидент Астана, Алматы, Қарағанды және Түркістан қалаларындағы медицина университеттерінде білімін жетілдіріп жатыр. Кадрлар дайындалып жатыр. Оларға бір ғана шарт қойылған. Міндетті түрде Түркістан облысына келіп, денсаулық сақтау ұйымдарында қызмет көрсетуі тиіс, — дейді Бейсенбай Тәжібаев.
Биыл да облыс әкімдігі тарапынан резидентураға 75 грант белгіленіп, 145,4 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда тапшы мамандықтардың тізімі әзірленді. Денсаулық сақтау басқармасы және еліміздегі жетекші университеттер арасында гранттарды бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үміткерлердің аталған конкурсқа қатысуға мүмкіндігі бар.