Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Мәжіліс отырысында Starlink интернеті қашан қосылатынын мәлімдеді деп хабарлайды RGmedia.kz тілшісі.
— Starlink биылғы жылдың 3-тоқсанында бүкіл ел аумағында толық көлемде нақты жұмыс істей бастайды, оны кез келген азамат пайдалана алады. Қазір компания бағасын белгілеп, жерге қондыру нүктесі бойынша техникалық мәселелерді анықтап жатыр. Алайда ол оптикалық интернетке қарағанда сәл қымбатырақ, сондықтан азаматтарда әрдайым таңдау құқығы болады, — деді Ж. Мәдиев.
Ал Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Starlink интернетінің ай сайынғы абоненттік төлемі — 20-25 мың теңге болуы мүмкін екенін айтты.
— Ауылдарды Starlink спутниктік жүйесіне неге қоспайды деп сұрап жатыр. Ол қосылады. Оған ешкім қарсы емес. Бірақ оның бағасы қымбат, абоненттік ай сайынғы төлемі кем дегенде 20-25 мың болады. Ақшасы барлар оны төлеп ала береді, ал қарапайым халықты кім ойлайды?, — деді Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.
Еске сала кетейік, жақында Қазақстан Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Starlink компаниясы (SpaceX-тің еншілес құрылымы) спутниктік интернет қызметін Қазақстан аумағында ресми іске қосу туралы келісімге қол қойған болатын.