Түркістанның соңғы жылдардағы өзгерісі қаланың сәулеттік келбетімен ғана өлшенбейді. Бұрын негізінен әкімшілік және туристік орталық ретінде танылған шаһардың экономикалық бейнесі де өзгеріп келеді. Қалада өндіріс орындары көбейіп, индустриялық және арнайы экономикалық аймақтар кеңейіп, инвестициялық жобалардың ауқымы артып келеді. Ең бастысы, бұл үдеріс жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, Түркістанның өндірістік қалалар қатарындағы орнын нығайтуға бағытталған.
Осы бағыттағы жұмыстың қазіргі нәтижесі 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы негізгі экономикалық көрсеткіштерден де көрінеді. Қалада сегіз айда 36,7 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Оның 22 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Бұл қала экономикасында дайын өнім шығаруға бағытталған өндірістердің қарқыны күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
Инвестициялық белсенділік те жоғары деңгейде. Жыл басынан бері Түркістан қаласының экономикасына негізгі капиталға 217,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Бекзат шағынауданындағы өндірістік парк аумағында бес өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталды. Енді осы алаңға жаңа кәсіпорындарды орналастыру және олардың өндірісін жолға қою кезеңі басталмақ.
Осыған байланысты жалпы құны 11,8 млрд теңге болатын төрт инвестициялық жобаны орналастыру бойынша келісімшарттарға қол қойылды. Жобалар толық іске асқан кезде 580 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл төрт жобаның өзі қаладағы инвестициялық саясаттың нақты нәтижеге – өндіріс пен тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталғанын аңғартады.
Түркістан үшін мұндай жобалардың маңызы ерекше. Өйткені өндірістік нысандардың көбеюі қаланың экономикалық құрылымын өзгертіп қана қоймай, шағын және орта бизнестің жаңа тізбектерін қалыптастырады. Бір кәсіпорынның айналасында шикізат жеткізушілер, қосалқы өндірістер, тасымалдау, қызмет көрсету және логистика саласындағы кәсіпкерлердің жұмысы жанданады. Соның нәтижесінде инвестицияның әсері бір ғана өндіріс орнымен шектелмей, қаланың басқа секторларына да тарайды.
Түркістанның өндірістік әлеуетін бағалағанда арнайы экономикалық аймақтың орны бөлек. «TURAN» арнайы экономикалық аймағында бүгінде 163,3 млрд теңгенің 15 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар толық іске асқанда 4 576 адам жұмыспен қамтылады. 2025 жылы мұнда 49,7 млрд теңгенің төрт ірі жобасы іске қосылып, 916 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал 2026 жылы 114 млрд теңге көлеміндегі 12 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Индустриялық аймақта да өндірістік база қалыптасып келеді. Мұнда жалпы құны 19,8 млрд теңгені құрайтын 31 жоба іске асырылуда. Оның 23-і толық іске қосылып, 957 адам жұмыспен қамтылған. Қазір индустриялық аймақты кеңейту және «Түркістан-2» жаңа индустриялық аймағын құру жұмыстары жүргізілуде.
Бұл көрсеткіштер Түркістанда өндіріс үшін жай ғана жер телімдері бөлініп қоймай, біртұтас экономикалық орта қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Инвестор үшін өндірістік алаңның болуы жеткіліксіз. Электр энергиясы, газ, су, жол, байланыс, логистика секілді инфрақұрылымның қатар жүруі қажет. Сондықтан соңғы уақытта қаладағы индустриялық аумақтардың инженерлік және көлік инфрақұрылымына басымдық беріліп отыр.
Мәселен, индустриялық аймақтың логистикалық мүмкіндігі биыл айтарлықтай кеңейді. Мұнда бұрыннан тартылған теміржол желісі ұзақ уақыт пайдаланылмай келген еді. 2025 жылдың соңында оны қайта қалпына келтіру жұмыстары басталып, ұзындығы 4 417 метр теміржол тұйығы жаңғыртылды. Енді кәсіпорындар өз жүктерін теміржол арқылы тасымалдап, логистикалық шығындарын азайта алады. 2026-2027 жылдары бұл желі арқылы жылына 1 500-3 000 вагон, ал 2028-2029 жылдары 3 000-5 000 вагонға дейін жүк тасымалдау жоспарланып отыр.
Өндірістік инфрақұрылымның кеңеюі нақты кәсіпорындардың дамуына да жол ашып отыр. Мәселен, қаладағы «Qaz Natural Laminat» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ламинат өндірісін жолға қойған. Құны 5 млрд теңге болатын кәсіпорын өндірістің екінші кезеңін іске асыруға дайындалып жатыр. Бұл – жұмыс істеп тұрған өндірістің қуатын арттыру арқылы жаңа инвестиция тартудың бір мысалы.
Ал «Hygeia Textile Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жобасы өңдеу өнеркәсібінің басқа бағытын қамтиды. Құны 3,6 млрд теңге болатын өндірістік кешен 20 гектар аумақта орналасып, мұнда иіру, тоқыма және джинсы матасын өндіретін фабрика салынады. Кәсіпорын толық қуатына шыққанда 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Жоба үш кезеңмен жүзеге асырылмақ.
Мұндай өндірістердің пайда болуы Түркістанның экономикалық бейнесін өзгерте түседі. Әсіресе өңдеу саласының дамуы қала үшін маңызды. Себебі өңдеу кәсіпорны тек дайын өнім шығармайды. Ол шикізаттан бастап, өндірістік өңдеу, сақтау, тасымалдау, өткізуге дейінгі бірнеше буынды қамтитын экономикалық тізбек қалыптастырады. Бұл ретте жергілікті мамандарға деген сұраныс та артады.
Түркістанда өндірістің жаңа бағыты ретінде тоқыма өнеркәсібінің қалыптасуы да назар аударарлық. Қаладағы толық циклді мақта агроөнеркәсіптік кешенінің алғашқы кезеңі іске қосылды. Жалпы құны 86,2 млрд теңге болатын жоба бірнеше кезеңмен жүзеге асырылуда. Кешенде мақтаны өңдеуден бастап жіп иіру, мата өндіру және дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі өндірістік тізбек қалыптастыру көзделген. Бірінші кезеңде 430 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, ал жобаның келесі кезеңдері аяқталған кезде жұмыс орындарының саны бірнеше мыңға артады.
Бұл жобаның ерекшелігі – шикізатты сырттан дайын күйінде сатып алып қана қоймай, оны өңдеудің барынша көп бөлігін бір өндірістік жүйеге біріктіруінде. Мұндай тәсіл қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді. Демек, Түркістанның индустриялық дамуында тек кәсіпорындар санын көбейту емес, өндірістің технологиялық деңгейін көтеру де маңызды орынға шығып отыр.
Қаладағы инвестициялық саясаттың тағы бір бағыты – өндірістік алаңдарды алдын ала инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. «TURAN» арнайы экономикалық аймағын кеңейту барысында жаңа аумаққа электр, газ, су, кәріз және байланыс желілерін тарту көзделген. Бұл инвесторлардың жобаларын іске қосу мерзімін қысқартуға және өндірістік нысандардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Осының барлығы Түркістанның біртіндеп тұтынушы қала ғана емес, өндіріс пен кәсіпкерлікті шоғырландыратын экономикалық орталыққа айналып келе жатқанын көрсетеді. Бұған дейін қала экономикасында сауда, құрылыс және қызмет көрсету салалары басым болса, енді өндірістің өзіндік салмағы артып келеді. Сегіз айдағы 22 млрд теңгелік өңдеу өнеркәсібі көлемі осы үрдістің нақты көрінісі.
Бұл ретте туризм саласының да қатар дамып келе жатқанын атап өткен жөн. Қаңтар-тамыз айларында қаладағы туризм саласына 39 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 56 пайызға жоғары. Ал қаңтар-маусым айларында туризм саласындағы қызмет көрсету көлемі 3,1 млрд теңгеге жетіп, 55 пайыздық өсім көрсетті. Яғни Түркістанның экономикасы бір ғана бағытқа тәуелді болмай, бірнеше саланың қатар дамуына негізделіп отыр.
Әлеуметтік нәтиже де аз емес. Сегіз айда қалада 1 700 жаңа жұмыс орны ашылды. Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша жоспарланған 720 адамның орнына 1 720 адам жұмыспен қамтылды. Мұндай көрсеткіштер өндірістік жобалардың еңбек нарығына тікелей әсер ететінін көрсетеді.
Қала экономикасының тағы бір маңызды көрсеткіші – құрылыс. Жыл басынан бері 175,9 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары орындалып, 277,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өнеркәсіптік нысандардың салынуы, жаңа тұрғын аудандардың қалыптасуы және инфрақұрылымның кеңеюі өзара байланысты жүріп жатыр. Өндіріс көбейген сайын жұмыс орындары ашылады, жұмыс орындары көбейген сайын халықтың тұрақты табысы мен тұрғын үйге сұранысы артады.
Ендігі міндет – басталған жобалардың уақытында іске қосылуын қамтамасыз ету. Инвестициялық жобаның келісімшартына қол қою – жұмыстың аяқталғаны емес, керісінше негізгі кезеңнің басталғанын білдіреді. Сондықтан жобалардың құрылыс мерзімі, инженерлік инфрақұрылымы, қаржыландырылуы және жұмыс орындарының нақты құрылуы тұрақты бақылауда болуы қажет.
Осыған байланысты кезекті лездемелік мәжілісте орындалуы төмен және орындалмаған индикаторларға ерекше назар аударылды. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қала әкімінің орынбасары Айдас Тоғызбаев жауапты бөлімдерге инвестиция тарту және көтерме сауда көлемін арттыру, салық түсімдерін қамтамасыз ету, тіркелмеген нысандарды заңдастыру және айыппұлдарды өндіріп алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Түркістан үшін инвестицияның басты өлшемі оның көлемі ғана емес, нақты экономикалық нәтижесі болуы тиіс. Яғни әрбір жоба жаңа өндіріс, жаңа технология, жаңа жұмыс орны, жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндік және қала бюджетіне қосымша түсім әкелуі қажет.
Бүгінде Түркістанда осы талаптарға жауап беретін өндірістік база қалыптасып келеді. Өндірістік парк, индустриялық аймақ, арнайы экономикалық аймақ, жаңартылған теміржол инфрақұрылымы және ірі өндірістік жобалар бір-бірін толықтырып, қаланың жаңа экономикалық моделін қалыптастыруда.
Ал жалпы құны 11,8 млрд теңге болатын төрт жаңа жобаның іске асуы осы ауқымды жұмыстың кезекті кезеңі болмақ. 580 адамның тұрақты жұмыспен қамтылуы – бір қарағанда бір ғана көрсеткіш. Алайда оның ар жағында жаңа кәсіпорындар, өндірістік тізбектер, салық түсімдері, мамандар даярлау және қала экономикасының кеңеюі тұр.
Түркістанның бүгінгі мақсаты – тарихи мәртебесін сақтай отырып, заманауи өндіріс пен инвестицияға негізделген экономикалық орталыққа айналу. Қазір қолға алынған жобалар мен қалыптасып келе жатқан өндірістік инфрақұрылым осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып жатқанын көрсетеді.
