Түркістан облысының оңтүстік бөлігінде көлік-логистикалық инфрақұрылымның маңызы жыл өткен сайын артып келеді. Бұған ең алдымен өңірдің Өзбекстанмен шектесуі, халықаралық сауда бағыттарының тоғысында орналасуы және шекаралық аудандардың экономикалық белсенділігінің өсуі әсер етуде. Осы тұрғыдан алғанда, Мақтаарал ауданындағы «Дарбаза–Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы жай ғана жаңа көлік жолын салу жобасы емес, оңтүстік өңірдің логистикалық картасын өзгертуге бағытталған стратегиялық жобаға айналып отыр.
Қазір оның құрамындағы ірі нысандардың бірі – Атакент кентіндегі «Мақтаарал» станциясының инфрақұрылымын қалыптастыру жұмыстары. Станция аумағында бірқатар нысанның құрылысы қатар жүргізілуде. Жалпы құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Нысанның бас мердігері – «Integra Construction KZ» ЖШС, қосалқы мердігері – «TS-Smart Construction» ЖШС. Жобалау ұйымы – «KSD Engineering» ЖШС.
Жаңа станцияның қалыптасуы Мақтаарал үшін ерекше мәнге ие. Өйткені аудан экономикасында ауыл шаруашылығы, сауда және өңдеу салаларының өзіндік орны бар. Ал теміржол желісінің іске қосылуы өндірілген өнімді ішкі нарыққа ғана емес, сыртқы нарықтарға шығаруға мүмкіндік беретін қосымша логистикалық арна қалыптастырады.
Бүгінде станция аумағында құрылыс жұмыстары бірнеше бағытта жүріп жатыр. Әскерилендірілген күзет ғимараты бойынша қазаншұңқыр қазу, топырақты нығыздау және тұтас құйма іргетас орнату жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі уақытта ғимараттың жүк көтергіш және ішкі бөлу қабырғалары қалануда.
Өрт қауіпсіздігіне арналған инфрақұрылымда да жұмыс жалғасып жатыр. Өрт сөндіру резервуарының қазаншұңқыры толық қазылған. Өрт сөндіру бекетінде жер жұмыстары мен негізді дайындау аяқталуға жақын. Төрт метр тереңдікте қадаларға арналған ұңғымалар қазылып, топырақты қабаттап нығыздау жұмыстары толық орындалған. Қазір іргетас құю кезеңі жүріп жатыр.
ПРУ-мен вагондарға техникалық қызмет көрсету пункті бойынша қазаншұңқыр қазу және топырақты нығыздау жұмыстарының жартысы орындалған. Қадаларға арналған ұңғымаларды қазу және негіз топырағын қабаттап нығыздау жұмыстары жалғасуда.
Жолаушыларға арналған вокзал ғимаратында да негізгі құрылыс кезеңі басталды. 25 жолаушыға арналған нысан бойынша қазаншұңқырды жобалық белгілерге дейін қазу жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі уақытта іргетас құйылуда.
Электрлік орталықтандыру бекетінде қазаншұңқырды жобалық деңгейге дейін қазу және іргетасты бетондау жұмыстары толық аяқталған. Монолитті қабырғалар мен бағандарды құю жұмыстарының 80 пайызы орындалды.
Яғни станцияның жеке нысандары әртүрлі құрылыс кезеңінде тұрғанымен, жалпы жұмыс бір өндірістік кесте бойынша жүргізілуде. Мұнда құрылыс қарқынымен қатар нысандардың өзара технологиялық байланысына да мән беріліп отыр. Өйткені станцияның толыққанды жұмыс істеуі үшін тек теміржол жолының салынуы жеткіліксіз. Оған жолаушылар инфрақұрылымы, техникалық қызмет көрсету, қауіпсіздік, электрмен жабдықтау және басқа да инженерлік жүйелер кешені қатар дайын болуы қажет.
Ал «Дарбаза–Мақтаарал» теміржолының өзі бұдан да ауқымды міндетті шешуге арналған. Жобаның жалпы құны 286 млрд теңгені құрайды. Ұзындығы 152 шақырым болатын теміржол желісін жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделген.
Жаңа магистральдің стратегиялық маңызы оның географиялық орналасуынан көрінеді. Мақтаарал – Өзбекстанмен шектесетін, Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда-экономикалық байланыстар үшін маңызды аудан. Сондықтан жаңа теміржол желісі іске қосылғаннан кейін бұл аумақтың транзиттік мүмкіндігі кеңейіп, шекара маңындағы елді мекендердің экономикалық белсенділігіне қосымша серпін бермек.
Жобаның негізгі мақсаттарының бірі – жүктерді Орталық Азия елдеріне барынша тиімді бағыттау. Атап айтқанда, транзиттік жүк ағындарын Ауғанстан, Иран, Тәжікстан және Өзбекстан бағыттарына жедел жеткізуге жағдай жасалады. Сонымен қатар «Сарыағаш–Ташкент» бағытына түсіп отырған жүктемені екі есеге дейін азайту көзделген.
Бұл жерде мәселе тек бір теміржол бағытының жүктемесін азайтуда емес. Қазақстанның оңтүстігіндегі логистикалық жүйені қайта теңгеру туралы сөз болып отыр. Қазіргі таңда Сарыағаш бағыты Орталық Азияға шығатын негізгі қақпалардың бірі саналады. Халықаралық жүк ағыны артқан сайын осы бағыттағы теміржол және шекара инфрақұрылымына түсетін салмақ та көбейеді. Сондықтан балама маршруттың пайда болуы өңірдің көлік жүйесі үшін маңызды.
Түркістан облысының Өзбекстанмен шекаралас аудандары үшін мұндай жобалардың экономикалық мәні тіпті жоғары. Мақтаарал, Жетісай, Келес, Сарыағаш аудандары арқылы өтетін сауда байланыстары бұрыннан қалыптасқан. Бұл аумақтарда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу және сауда-саттық белсенді. Енді осы экономикалық әлеуетке теміржол логистикасының қосылуы жергілікті өнімді тасымалдау мүмкіндігін кеңейтеді.
Әсіресе ауыл шаруашылығы үшін көлік инфрақұрылымының маңызы зор. Өнім көлемі артқан сайын оны уақытында өткізу мәселесі алдыңғы орынға шығады. Автомобиль көлігі белгілі бір қашықтыққа тиімді болғанымен, ірі көлемдегі жүкті алыс бағыттарға тасымалдауда теміржолдың мүмкіндігі басым. Сондықтан жаңа теміржол желісі Мақтааралдың ғана емес, оған іргелес аудандардың да өндірістік және аграрлық өнімдерін сыртқы нарықтарға жеткізуге қолайлы жағдай қалыптастыра алады.
Бұл ретте Түркістан облысының көлік-логистикалық әлеуеті бір ғана «Дарбаза–Мақтаарал» желісімен шектелмейді. Өңір арқылы халықаралық автомобиль және теміржол бағыттары өтеді. Облыстың Өзбекстанға шығатын бірнеше шекаралық өткізу бекеті бар. Олардың қатарында «Жібек жолы», «Қапланбек», «Атамекен», «Қазығұрт» секілді бағыттар бар. Бұл өткелдер арқылы жолаушылар ғана емес, тауарлар мен коммерциялық жүктер де тасымалданады.
Сондықтан шекара маңындағы аудандарда көлік инфрақұрылымын дамыту – тек жол салу мәселесі емес. Ол кедендік рәсімдерді жеделдету, жүк терминалдарын көбейту, қоймалық инфрақұрылымды дамыту, логистикалық орталықтар құру және шекара маңындағы сауда айналымын ұлғайту міндеттерімен қатар жүреді.
Осы тұрғыдан қарағанда, «Дарбаза–Мақтаарал» теміржол желісінің іске қосылуы өңірдегі логистикалық инфрақұрылымның келесі буынын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Теміржол станцияларының маңында қоймалар, жүк терминалдары, сервистік кәсіпорындар және өнімді өңдеу нысандары орналасуы мүмкін. Бұл өз кезегінде жаңа инвестиция тартуға жағдай жасайды.
Мақтаарал станциясының құрылысында да осындай кешенді тәсіл байқалады. Мұнда жолаушылар вокзалы ғана емес, вагондарға техникалық қызмет көрсету пункті, электрлік орталықтандыру бекеті, күзет ғимараты, өрт қауіпсіздігі нысандары секілді өндірістік және инженерлік инфрақұрылым қатар салынып жатыр.
Теміржолдың іске қосылуы ауданның ішкі көлік жүйесіне де ықпал етеді. Өйткені жаңа станцияға апаратын автомобиль жолдары, жүк тасымалына арналған бағыттар, қойма және сауда инфрақұрылымы қатар дамуы тиіс. Мұндай үдеріс Атакенттің ғана емес, жалпы Мақтаарал ауданының экономикалық белсенділігін арттыруы мүмкін.
Жоба өңірдегі транзиттік әлеуетті күшейтумен қатар, Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттерімен сауда байланысын кеңейтуге де қызмет етеді. Қазақстан үшін оңтүстік бағыттағы көлік дәліздерінің маңызы жыл сайын артып келеді. Себебі Қытайдан келетін, сондай-ақ Орталық Азия елдері мен Ауғанстан, Иран бағыттарына бет алған жүк ағындарын әртараптандыру қажеттілігі күшейіп отыр.
Бұл жағдайда Түркістан облысының географиялық орналасуы оған ерекше мүмкіндік береді. Бір жағынан – Шымкент пен Қазақстанның басқа өңірлеріне шығатын ішкі көлік желісі, екінші жағынан – Өзбекстан арқылы Орталық Азияның басқа елдеріне өтетін халықаралық бағыттар бар. Ал жаңа теміржол осы жүйедегі байланысты күшейтетін қосымша буынға айналмақ.
Логистиканың дамуы үшін тек транзиттік жүк ағынының болуы жеткіліксіз. Оның өңір экономикасына нақты әсері болуы қажет. Сондықтан алдағы уақытта жаңа теміржол желісінің бойында өндіріс пен өңдеуді дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын және сұрыптайтын орталықтар ашу, экспортқа бағытталған кәсіпорындарды орналастыру маңызды.
Мақтаарал үшін бұл бағыттың әлеуеті жеткілікті. Ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі жоғары. Егер өнімді сақтау, өңдеу және тасымалдау жүйесі бір-бірімен байланыстырылса, шаруалардың нарыққа шығу мүмкіндігі артады. Ал дайын өнімнің сыртқы нарыққа тікелей немесе транзиттік бағыттар арқылы жөнелтілуі жергілікті өндірістің бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.
«Мақтаарал» станциясының құрылысы аяқталғаннан кейін бұл мүмкіндіктерді пайдалануға қажетті инфрақұрылымның негізгі элементтері қалыптасады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының кезең-кезеңімен жүруі жобаның өндірістік кестеге сәйкес іске асырылып жатқанын көрсетеді. Нысандардың сапасы мен жобалық талаптарға сәйкестігіне де басымдық берілуде.
Сөйтіп, Атакенттегі бүгінгі құрылыс – ертеңгі логистикалық мүмкіндіктің негізі. Бірнеше ғимараттың бой көтеруі сырт көзге қарапайым құрылыс жұмысы болып көрінуі мүмкін. Алайда оның ар жағында оңтүстік өңірдегі жүк ағындарын қайта бөлу, шекара маңындағы аудандардың экономикалық белсенділігін арттыру, экспорттық бағыттарды кеңейту және халықаралық транзитті дамыту секілді ауқымды міндеттер тұр.
Жыл соңына дейін «Дарбаза–Мақтаарал» теміржол желісін пайдалануға беру жоспары орындалса, Түркістан облысының көлік картасында жаңа бағыт пайда болады. Ал оның толық экономикалық тиімділігі теміржолдың іске қосылуымен ғана емес, осы бағыттың айналасында жаңа өндірістер, қоймалар, логистикалық орталықтар мен сауда байланыстары қаншалықты қалыптасатынына байланысты болмақ.
Мақтааралдың шекаралық орналасуы бұл мүмкіндікті одан әрі арттыра түседі. Сондықтан жаңа теміржол желісі аудан үшін көлік мәселесін шешетін нысан ғана емес, инвестиция, сауда, өндіріс және экспортты байланыстыратын жаңа экономикалық артерияға айналуы тиіс.
