Қарашық жұрты әкім есебіне жоғары баға берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауы ауылға ерекше серпін берді. Жалпы алғанда ауыл тұрғындарының негізгі күн көрісі егіншілік пен мал шаруашылығы. Мұндай қарекет Қарашық ауылдық округінің тұрғындарында да бар.

Screenshot_42.jpg

Округ тұрғындарының бірсыпырасы Түркістан қаласына, енді бірі аудан орталығы Шорнақта барып жұмыс істейді. Сондықтан да бұл Қарашыққа кіретін бірнеше елді-мекендердің өзекті жайлары бір-біріне ұқсас. Халықтың кездесулерде көтеретіні интернет байланысының төмендігі, жайылымдық жерлердің тарылып бара жатқандығы, су тапшылығы, жеке үй салып алуға жердің берілмеуі.

Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков Қарашықтағы мектептің мәжіліс залында ауыл тұрғындарымен кездесу өткізіп, 2024 жылы Құмтүйін елді мекені мен Қарашық ауылында мектеп салынатындығын айтты. 

- Сіздермен де бұдан үш ай бұрын кездесіп, біраз мәселенің төңірегінде әңгіме құрған болатынбыз. Бүгін де сіздердің тараптарыңыздан сол мәселелер қайта көтерілуде. Тағыда қайталап айтамын, ол жобалардың барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Өздеріңіз білесіздер, бұрындары аудан әкімдері ауыл тұрғындарының хал жағдайын білу үшін емес, өзінің жылдық жоспарды жақсы орындағаны үшін ғана бір көрініп, оның өзінде де, баяндама жасаумен құтылатын. Ендігі жерде басқаша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай әрбір аудан әкімі ел алдында үш ай сайын есеп беріп отырады. Соған орай, осыдан үш ай бұрын маған жолдаған хаттарыңыз, өтініш, шағымдарыңыздың қаншалықты орындалғанына тоқталайын, - деп бастады кезекті есебін Ғани Құрмашұлы.

Оның айтуынша, тұрғындар мәселе көтергенде айғай-шуға баспай, сабырлы қалыппен өз ойларын жеткізуі тиіс. Мәселен, осыдан үш ай бұрын жүйнектік Қуаныш Ботабеков жайылымдық жерлердің тарылып бара жатқандығы және карьерлердің экологиялық ахуалға кері әсері болып жатқандығын, олардың заңсыздарын қайтарып алып, жерді халық игілігіне беру туралы мәселе қозғаған екен.

Осыған орай, әкім биылғы Референдум негізінде жердің асты да, үсті де халықтыкі болып саналатындығын, соған орай аудан әкімдігі мен жер инспекциясы, экологиялық басқарма, қоғамдық ұйымдар бірлесе отырып, аудан аумағында заңсыз жұмыс істеп жатқан 22 қиыршық тас карьерінің жұмысын тоқтатқанын жеткізді.

Сондай-ақ Қарашық ауылдық округінің тұрғындары кездесуде жол мәселесін көтерді. Аудан әкімі Қарашық ауылынан өтетін облыстық маңызы бар Түркістан-Қарашық-Қарнақ автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Құмтүйін елдімекенінің тұрғындары ауыз су мәселесін көтеріп, халықты сапалы ауыз сумен қашан қамтамасыз ететінін сұрады.

«Қарашық ауылдық округіне қарасты Құмтүйін елді мекенінен ауыз су ұңғымасын қазуға Кентау қаласы әкімдігі тарапынан 42 миллион теңге қаржы қаралып, 370 метр қазылды. Сонымен қатар, «Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» тарапынан жер асты су қорына геологиялық іздеу-барлау жұмыстары жүргізілетін болады. Жер асты су қоры анықталған соң, ұңғыманы тиісті тереңдікке дейін қазу жұмыстары басталады», - деді аудан әкімі Ғ. Рысбеков.

Сонымен қатар Қарашық және Құмтүйін елдімекендерін сапалы электр жүйелерімен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Ауыл шаруашылығы саласына тоқталған аудан әкімінің баяндауынша, Қарашық ауылдық округі өткен жылы ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялар соммасы 197,26 миллион теңгені құраған. Бұдан бөлек, Қарашық ауылдық округінде ағымдағы жылы жалпы құны 300 миллион теңгені құрайтын 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Кездесуде Ғани Рысбеков қарашықтық шаруаларды жаңа әдістерді пайдалануға шақырды.

«Қарашық ауылдық округі облыс орталығына өте жақын орналасқандықтан болашақта егістік жерлер тарылады. Сол себептен заманауи үлгідегі жаңбырлатып суару, тамшылатып суару сияқты жаңа әдістерді қолға алғандарыңыз тиімді болмақ. Ауыл шаруашылығы саласы ауданымыздағы ең маңызды сала болғандықтан, біз шаруаларға барынша жағдай жасаймыз. Мемлекет тарапынан да субсидияларды шаруаларға қол жетімді ету әрекеттері жасалып жатыр. Мал шаруашылығына тоқталатын болсақ, ауыл айналасындағы жайылым жерлерді ортақ жайылымға қайтару жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын айтқым келеді», - деді аудан әкімі.

Сауран ауданы әкімінің ашық та еркін форматтағы есебіне жоғары баға беріп, ауыл ақсақалдары өзекті мәселелерге шынайы жауап беріп және үлкен жанашырлықпен кірісіп жатқан аудандағы бөлім басшыларына да, халықтық қызметі үшін жұртшылықтың алғыстарын жеткізіп, ақ баталарын берді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ауыл халқының қуанышын еселеген «Ауыл аманаты»
  • 10 көпір жөнделуде
  • Тұрғындардың талап-тілегі орындалуда
  • Бабайқорғанда байыпты кездесу өтті
  • 9020 түп көшет отырғызылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер