Түркістанда «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік көрме-конкурсының қорытындысы шығарылды. Көрмеге қойылған өнімдерге қарап-ақ өңір экономикасының соңғы жылдары қаншалықты өзгергенін аңғаруға болады. Бір жерде азық-түлік өндірілсе, енді бір кәсіпорын жиһаз шығарады. Бірі құрылыс материалына ден қойса, екіншісі тоқыма немесе өндірістік жабдық шығаруға бейімделген. Яғни Түркістан экономикасының өндірістік картасы біртіндеп кеңейіп келеді.
Биылғы конкурсқа 200-ден астам тауар өндірушінің қатысуы да осының белгісі. Бірақ мұндай шараның маңызын тек жеңімпаздарды анықтаумен шектеу дұрыс емес. Өйткені қазіргі кезеңде кәсіпкер үшін өнім шығару жеткіліксіз. Оны тұрақты өткізу, сапасын халықаралық деңгейге жеткізу, өндірісті үздіксіз ұстап тұру және өзге кәсіпорындармен байланыс орнату қажет.
Бүгінгі индустриялық саясаттың негізгі сұрағы да осында. Түркістанда қанша зауыт пен цех бар дегеннен гөрі, сол кәсіпорындардың бір-бірімен қаншалықты байланысқаны маңызды. Бір кәсіпорын екіншісіне шикізат немесе бөлшек берсе, үшіншісі қаптама шығарса, төртіншісі логистикалық қызмет көрсетсе, өндірістің айналасында тұтас экономикалық тізбек пайда болады. Мұндай байланыс кәсіпорынның тұрақтылығын да арттырады.
Соңғы жылдары облыста өндірістің жаңа бағыттарының пайда болуы осы үдерістің алғышартын қалыптастырып отыр. Мақта, ауыл шаруашылығы өнімдері, азық-түлік, құрылыс материалдары, тоқыма, өнеркәсіптік тауарлар мен жабдықтар бойынша жобалар көбейіп келеді. Ендігі міндет – олардың арасындағы байланысты күшейту.
Өңірде импортталатын тауарларға жүргізілген талдау да осы қажеттілікті көрсеткен. Жергілікті шикізатпен ұштастыруға болатын басым бағыттар анықталып, көкөністі терең өңдеу, балалар тағамы, томат пастасы, сүт өнімдері секілді жобалар бойынша 40 инвестициялық ұсыныс әзірленген. Сонымен бірге облыста өндірілетін 400-ден астам өнімді қамтитын отандық тауар өндірушілердің каталогы жасалған.
Бұл жерде мәселе жай ғана каталог жасауда емес. Кәсіпкердің өнімін кім сатып алады деген сұраққа жауап табу маңызды. Егер жергілікті өнімді облыстың өзіндегі ірі кәсіпорындар, сауда желілері, әлеуметтік нысандар, құрылыс компаниялары және мемлекеттік ұйымдар тұрақты сатып алса, кәсіпкердің өндірісті ұлғайтуға мүмкіндігі артады.
Осыдан жергілікті қамту мәселесі шығады. Өнеркәсіптік оқшаулау үлесі жоғары өндіріс дегеніміз – өнімнің сыртқы қабығын ғана Қазақстанда жасау емес. Оның құрамындағы мүмкіндігінше көп бөлшек пен қызметтің өзімізде қалыптасуы. Қаптама, қосалқы бөлшек, арнайы киім, жөндеу қызметі, тасымал, техникалық сүйемелдеу – мұның бәрі өндірістің ажырамас бөлігі.
Түркістандағы жаңа өндірістер осы талапқа біртіндеп жақындап келеді. Мақта өндірісінде шикізатты тек сыртқа шығармай, одан мата мен тоқыма бұйымдарын өндіруге ұмтылыс бар. «Kazakhstan Lihua» жобасының толық қуатқа шығуы осы өндірістік тізбекті кеңейтуге бағытталған. Яғни егістіктегі өнімнің дайын тауарға дейінгі жолын барынша ел ішінде қалдыру көзделіп отыр.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде де осындай тәсіл қажет. Шардарада жүзеге асырылып жатқан «Казкрахмал» жобасы жүгеріні терең өңдеу арқылы 26 түрлі өнім шығаруды көздейді. Мұндай өндірістің мәні бір ғана зауыттың жұмысымен шектелмейді. Шикізат өндіруші фермерден бастап, дайын өнімді тұтынушыға жеткізетін логистикаға дейін бірнеше экономикалық буын пайда болады.
Өңірде ет комбинаты, алкогольсіз сусындар шығаратын кәсіпорын, ауыл шаруашылығына арналған дрондар, өнеркәсіптік тоңазытқыштар, еден жабындары сияқты жаңа өндірістердің іске қосылуы да экономиканың әртараптанып келе жатқанын көрсетеді.
Бірақ өндіріс көбейген сайын оған қажетті инфрақұрылым мәселесі де алдыңғы қатарға шығады. Кәсіпкердің өндіріс орнын ашуына жағдай жасау үшін жер мен ғимараттың өзі жеткіліксіз. Электр қуаты, су, жол, инженерлік желі, қойма және логистика болуы керек. Осы тұрғыдан алғанда шағын өндірістік парктердің маңызы артып отыр.
Қазір облыстың аудан-қалаларында 22 шағын өндірістік парк құрылып, жалпы аумағы 225,4 гектар жерде 256 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Түркістан қаласындағы өндірістік парктің алғашқы кезеңінде салынған 40 ғимараттың 37-сі жұмысын бастаған. Екінші кезеңде тағы 70 гектар аумақта 112 өндірістік ғимарат салу жоспарланған.
Мұндай алаңдардың артықшылығы – өндірісті жылдам іске қосуға мүмкіндік беруінде. Кәсіпкер дайын инженерлік инфрақұрылымы бар нысанға орналасып, негізгі күшін өнім шығаруға жұмсай алады. Ал шағын кәсіпорындар көбейген сайын олардың өзара байланысы да күшейеді.
«Қазақстанның үздік тауары» конкурсының мәні де осы тұстан көрінеді. Көрмеде тұрған әр өнім – жеке кәсіпкердің ғана жетістігі емес, өңірдегі өндірістік ортаның бір бөлігі. Бірақ оның ұзақ өмір сүруі үшін сапа мен сұраныс қатар жүруі қажет.
Салтанатты жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров отандық өндірістің қазіргі бағытына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда жасалған» (Made in Kazakhstan) таңбасы нарықтағы сапа мен бәсекеге қабілеттіліктің шынайы белгісіне айналуы тиіс екенін атап өткен болатын. Бұл – отандық өндірісті күшейтіп, сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағытталған маңызды міндет. Бұл міндетті іске асыру аясында, Үкіметтің тікелей қолдауымен елімізде отандық өндірісті жаңғыртуға, шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық берілуде. Осындай жүйелі қолдаудың арқасында киелі Түркістан өңірі де серпінді даму жолына түсті. Қазіргі уақытта, облыста 200 мыңға жуық орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері бар. Аталған кәсіпкерлер 2026 жылдың 8 айында 1,2 трлн теңгеге өнім өндірді. Бұл өңірдегі жаңа өндірістер ашып, шикізатты терең өңдеуге бағытталған жұмыстардың нәтижесі деп білемін. Облысының экспорттық әлеуеті де жыл сайын артып келеді. 2026 жылдың бірінші жартысында облыстың сыртқы сауда айналымы 2,3 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 611 млн АҚШ долларына немесе 36,2%-ға өсті. Экспорт көлемі 323,4 млн АҚШ долларына немесе 36,5%-ға артып, 1,2 млрд АҚШ долларына жетті. Біз облысқа импортталатын тауарларға талдау жасап, өзіміздегі шикізатпен ұштастыра отырып, басым бағыттарды белгіледік. Соның негізінде көкөністерді терең өңдеу, балалар тағамы, томат пастасы, сүт өнімдері сияқты жобалар бойынша 40 инвестициялық ұсыныстар әзірленді. Сондай-ақ экономиканың әр түрлі салаларындағы отандық тауар өндірушілердің 400-ден астам өндірілетін өнімдерін қамтитын каталогын жасадық. Бұл – жергілікті өнімнің мүмкіндігін кеңінен таныстырып, шикізаттан дайын өнімге дейінгі өндірістік тізбекті қалыптастыруға бағытталған нақты қадам. Түркістан – елімізде мақта өсіретін бірден-бір өңір болғандықтан, біз оны тек шикізат ретінде сатпай, оны егістіктен бастап дайын мата мен тоқыма өніміне дейін толық өңдеуге басымдық беріп отырмыз. Аталған бағытта «Kazakhstan Lihua» ЖШС тоқыма кластерін құру жобасын іске асыруда. Жоба іске толық қосылғаннан кейін, мақта өнімін қосылған құн тауарларын шығаруды 2-3 есеге арттыру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге де ерекше мән берудеміз. Мәселен, Шардара ауданында жүгеріні терең өңдейтін «Казкрахмал» зауытының жобасы жүзеге асырылуда. Зауыт жүгеріні терең өңдеу арқылы 26 өнім түрі шығарады. Сондай-ақ заманауи ет комбинаты, алкогольсіз сусындар өндіретін жаңа кәсіпорын, ауыл шаруашылығына арналған дрондар шығару зауыты, өнеркәсіптік тоңазытқыштар шығару зауыты, еден жабындарын өндіру зауыты сияқты жобалар өңірімізде іске қосылды. Сіздердің әрқайсыңыздың жетістіктеріңіз – Түркістан облысының ғана емес, бүкіл еліміздің ортақ жетістігі. Отандық өндірісті өркендетіп, жаңа жұмыс орындарын ашып, ел экономикасының дамуына серпін беріп жүрген барша кәсіпкерлерге шынайы алғысымды білдіремін. Еліміздің экономикасы қуатты, отандық өндіріс өркенді болсын! – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Бұл сөздердің астарында қазіргі индустриялық саясаттың басты бағыты жатыр. Өндіріс көлемін көбейту керек, бірақ сонымен бірге сол өндірістің ішкі мазмұнын да өзгерту қажет. Қазақстанда шығарылатын тауардың құрамындағы отандық үлес неғұрлым жоғары болған сайын, оның экономикаға әсері де соғұрлым кең болады.
Мұны қарапайым мысалдан да көруге болады. Егер бір зауыт сырттан дайын құрал-жабдықтың бәрін әкеліп, тек жинаумен шектелсе, оның жергілікті экономикаға берері шектеулі. Ал сол кәсіпорынға қажетті бөлшекті бір жергілікті зауыт, қаптаманы екінші кәсіпорын, арнайы киімді үшінші өндіріс шығарса, экономикалық байланыс бірнеше есеге кеңейеді.
Сондықтан Түркістанның жаңа өнеркәсіптік бағытының түпкі мақсаты – жеке-жеке кәсіпорындардың көптігі емес, өзара байланысқан өндірістік орта қалыптастыру. Мұндай орта қалыптасқанда ғана өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті тұрақты сипат алады.
Көрме-конкурста жеңімпаздардың анықталуы осы процестің бір ғана көрінісі. Ең бастысы – сөреге қойылған өнімнің ертең де шығарылуы, сапасының сақталуы, жаңа нарық табуы және оны өндіретін кәсіпорынның айналасында басқа өндірістердің пайда болуы.
Сонда «Қазақстанда жасалған» деген белгі жай ғана таңба болмайды. Оның артында жергілікті шикізат, жергілікті еңбек, жергілікті технология, жергілікті кәсіпкер және ел экономикасында қалатын нақты қосылған құн тұрады. Түркістан үшін бүгінгі өндірістік өсімнің келесі сапалық кезеңі де осы.
