ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ОРТА АЗИЯДА БАЛАМАСЫ ЖОҚ МАҚТА КЛАСТЕРІ ҚАЛЫПТАСЫП, ҮШ ІРІ ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Отырар ауданында орналасқан көпфункционалды «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» аясында еліміздегі ең ірі, заманауи мақта өңдеу зауыты, сондай-ақ жылына 800 миллион метр суару лентасын өндіретін, 50 мың гектар егіс алқабын заманауи тамшылатып суару жүйесімен қамтамасыз етуге қауқарлы өндіріс орны іске қосылды. 

image.png

Сонымен қатар жобалар жұмысын біріктіріп, басқару мен бақылауды жүзеге асыратын жасанды интеллектке негізделген орталық басқару станциясы пайдалануға берілді.  Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Механикаландырылған станция аталған ірі жоба үшін шетелден арнайы тапсырыспен жасақталған. Бір орталық арқылы 30 мың гектар алқаптағы суару, реттеу және бақылау жұмыстары автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылады, бұл – Мемлекет басшысы тапсырмаларының нақты нәтижесі. 

Осылайша, Түркістан облысында мақта шаруашылығы саласының жаңа дәуірі – агроөнеркәсіп саласын түбегейлі жаңғыртатын, Орта Азия кеңістігінде баламасы жоқ мақта-тоқыма кластерін қалыптастыруға бағытталған ауқымды әрі стратегиялық жоба іске асырылды. Бұл – мақта өсіруден бастап, жіп иіру, мата тоқу, тігін және дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қамтитын, өңір экономикасына жаңа серпін беретін тарихи бастама. Аталған жоба мақта агроөнеркәсіптік салаға жүйелі өзгеріс енгізіп қана қоймай, шикізаттық бағыттан арылып, қосылған құны жоғары дайын өнім өндіруге көшуге негіз қалайды. Осы арқылы Түркістан облысында тұтас мақта-тоқыма экожүйесі қалыптасып отыр.

Жоба аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су үнемдейтін озық технологияларды жедел енгізу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында тамшылатып суару жүйесін қолдану нәтижесінде су шығыны екі есеге дейін қысқарып, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі үш есеге дейін артты. Инновациялық технологиялардың арқасында әр гектардан орта есеппен 50–60 центнер мақта өнімі алынуда. Бұл климаттық өзгерістер жағдайында ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға бағытталған тиімді шешім болып отыр. Аталған бастама Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру, шикізатты терең өңдеу, нақты секторды дамыту және жаппай цифрландыру арқылы экономиканы жаңғырту жөніндегі тапсырмаларының өңірлік деңгейде нақты іске асқанын көрсетеді. Мақта саласында толық өндірістік циклді қалыптастыру арқылы өңірдің экспорттық әлеуеті артып, мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылуда. Бұл – Түркістан облысының ғана емес, тұтас ел экономикасының дамуына серпін беретін стратегиялық жоба. 

Жобаның іске қосылу рәсімінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұл бастаманың маңызын ерекше атап өтті.

– Бүгін – тарихи сәт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау мақсатында өңірде ауқымды жобалар жүзеге асуда. «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» – сол бастамалардың ең ірілерінің бірі. Түркістан облысы – Қазақстандағы мақта өсіретін жалғыз өңір. Біздің басты мақсатымыз – мақтаны тек шикізат ретінде емес, терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығару. Бірегей жобаның ашылуы – Түркістан облысының агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам. Бұл кәсіпорын заманауи технологияларды пайдалана отырып, мақта шаруашылығын жаңа деңгейге көтерді. Қытайлық серіктестермен бірлесіп, 30 мың гектарға жуық алқапта тамшылатып суару әдісімен мақта егіліп, жоғары өнімділікке қол жеткізілді. Құны 21,1 млрд теңгені құрайтын екі мақта өңдеу зауыты жылына 180 мың тонна шитті мақтаны өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл – аудан халқының ғана емес, тұтас өңірдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты нәтиже, – деді облыс әкімі.

Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін қалыптастыратын ауқымды жоба аясында 10 зауыт іске қосылады, оның ішінде 4-уі егіс алқаптарына жақын мақта өңдеу бойынша, 2-уі – заманауи су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, тамшылатып суару жүйелерін өндіру бойынша, сондай-ақ тігін және бояу-әрлеу фабрикасын қоса алғанда, 4 тоқыма зауыты бар. Инвестициялардың жалпы сомасы 200 млрд теңгеден асады. 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Арнайы қалашықта жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Бүгінде кластердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін ПВХ құбырларын шығаратын зауыт іске қосылды, тоқыма фабрикалары салынуда. 

Күні кеше Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында толық циклді тоқыма бұйымдарын өндіретін ірі кешен іске қосылып, тоқыма өнеркәсібінің жаңа дәуірі басталды. Бұл кәсіпорын жыл сайын 11,4 мың тонна жіп, 47,3 млн шаршы метр мата, 2 млн төсек-орын жиынтығы және 4 млн көрпе өндіруге қауқарлы. Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан бұл ауқымды жобалар өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп, экономиканың тұрақты өсуіне негіз қалайды. Түркістан енді тек тарихы терең, руханияты биік өңір ғана емес, өндірісі дамыған, инновацияға негізделген экономикалық орталық ретінде қалыптасуда.

Алдағы 5 жылда мақтаны өсіруден бастап дайын киім шығаруға дейінгі толық циклді кәсіпорындар жүйесі түбегейлі іске асырылып, Түркістан облысы Орта Азиядағы жетекші мақта-тоқыма орталығына айналуға бағыт алып отыр.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ОРТА АЗИЯДА БАЛАМАСЫ ЖОҚ МАҚТА КЛАСТЕРІ ҚАЛЫПТАСЫП, ҮШ ІРІ ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
  • ЭКОНОМИКА МЕН АГРОСАЛА БАСТЫ НАЗАРДА
  • Түркістан облысында қыс мезгілінде 14 жылыту пункті қызмет көрсетеді
  • Түркістанда 800-ге жуық мектеп директорына арналған басқару интенсиві өтті
  • «AMANAT» партиясы халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы бастамаларды талқылады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер