
Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орыновтың мәлімдеуінше, өңірдегі колледждер экономика мен әлеуметтік саланың негізгі бағыттары бойынша кадр даярлаумен айналысады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, құрылыс, қызмет көрсету, туризм, техника және технология, медицина, өнер, гуманитарлық ғылымдар мен білім беру салалары қамтылған.
Қазіргі уақытта облыс колледждерінде 84 мамандық бойынша 46 747 студент білім алуда. Олардың 79 пайызы мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында оқиды.
2024–2025 оқу жылында өңірдегі колледждерді 12 619 студент бітірді. Түлектердің 81 пайызы жұмыспен қамтылып, жоспарланған көрсеткіш толық орындалған. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 5 пайызға жоғары.
Жүргізілген талдау нәтижесінде техникалық, өндірістік және ауыл шаруашылығы бағытындағы мамандықтар бойынша жұмыспен қамту деңгейі 90–100 пайызды құрағаны анықталды. Ал қызмет көрсету, шығармашылық және әлеуметтік бағыттарда бұл көрсеткіш орташа деңгейде қалып отыр. Кейбір медицина, қауіпсіздік және әкімшілік мамандықтары бойынша еңбек нарығындағы сұраныстың төмен екені байқалған.
Осыған байланысты 2026 жылға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру кезінде сұранысы төмен мамандықтарды қысқарту және оны инвестициялық жобалармен, сондай-ақ өңірдің нақты кадр қажеттілігімен тікелей байланыстыру жоспарланып отыр.
Ведомствоның мәліметінше, 2025–2026 оқу жылына облысқа 15 500 мемлекеттік грант бөлінген. Оның 57 пайызы жұмысшы мамандықтарына бағытталған. Сонымен қатар 692 кәсіпорынмен жасалған келісімдер негізінде 36 колледжде 11 223 студент дуальды оқыту жүйесі бойынша білім алуда.
Бұдан бөлек, өңірдегі 12 колледж шетелдік оқу орындарымен 20 халықаралық меморандумға қол қойып, қос диплом беру, академиялық ұтқырлық және педагогтердің халықаралық тағылымдамасы бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Өткен жылы үш колледж халықаралық акредитациядан өткен.
