ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкіметтегі баспасөз конференциясында көмір саласының Энергетика министрлігінің құзырына берілу барысы мен қордаланған мәселелерді шешу бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда көмір саласы ресми түрде Энергетика министрлігінің қарауына беріліп жатыр. Негізгі бағыттар бойынша жедел жұмыс басталып, бар проблемалар терең талданған.
«Басты қиындықтар бізге жақсы таныс – жиналған берешектер, логистикалық кедергілер және әсіресе жылыту маусымы қарсаңында көмір жеткізуді қатаң бақылау қажеттілігі. Көмір – ел энергетикасының негізгі тірегі, сондықтан оны үзіліссіз жеткізу — басты басымдығымыз», — деді Ерлан Ақкенженов.
Сондай-ақ министр саланың ірі кәсіпорындарының қатысуымен өткен алғашқы стратегиялық кеңесте басым міндеттер айқындалып, тұрақты мониторинг тетігі іске қосылғанын атап өтті. Жақын арада көмір саласындағы жағдайды тұрақтандыру және әрі қарай дамыту бойынша кешенді іс-қимыл жоспары таныстырылмақ.