Талап-тілектер ескерусіз қалмайды

11 сәуірде  «AMANAT» партиясынан сайланған Түркістан облыстық мәслихатының депутаты ретінде Төлеби ауданында кезекті қоғамдық қабылдауымды өткіздім.

Screenshot_3.jpg

Жиынға келген азаматтар бірқатар мәселе бойынша өтініштерін жеткізді. 

Атап айтқанда, жеке кәсіпкер Сұлтан Садықов Бірінші Мамыр ауылдық округінің аумағында балық шаруашылығын жүргізуге 100 миллион теңге инвестиция құюға дайын екенін, алайда мәселенің бос жер телімінің жоқтығына тіреліп тұрғанын жеткізді. Аудан экономикасына жеке кәсіпкерлердің инвестициясын көбірек тартудың маңыздылығын түсіндіріп жатудың өзі артық. Дегенмен, бірінші кезекте бұл мақсатқа пайдалануға болатын бос жер телімдерінің бар-жоғын анықтап алу қажет. Қоғамдық қабылдауға қатысқан аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асхат Райымбеков пен аудандық Жер қатынастары бөлімінің басшысы Дулат Исабекұлы мәселені қарастырып, тиісті жауабын беріп, заңға сәйкес кәсіпкерге барынша қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.

Қоғамдық қабылдауда қозғалған келесі мәселенің де жер қатынастарына қатысы бар болып шықты. Дәлірегі Өсербай Аралбайұлы Жоғарғы Қасқасу ауылындағы өндірістік кооперативтің құрамындағы өзіне тиесілі жер үлесін ала алмай жүргенін жеткізді. Даулы жағдайдың мән-жайын баяндаған ол бұл салада бірталай әділетсіз шешімдердің орын алғанын атап өтті. Дулат Исабекұлы өз кезегінде жер қатынастары саласында бірқатар даулы мәселелердің барына тоқталып, арызданушының мәселесін заң аясында жан-жақты қарайтынын айтты. 

Төңкеріс елді мекенінен келген Нүркен Тұрдалиев Жеңістің 80-жылдығы аясында Төңкеріс ауылындағы бір көшеге осы ауылдан шыққан атақты майдангер атасының атын беру жайлы ұсынысын жеткізді. Бұл мәселеге қатысты аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ономастика бойынша инспекторы Ақерке Нұртай түсіндіріп өтті. Заң талабына сәйкес тарихи тұлғалар тізімі әр үш жыл сайын жаңартылып отырады. Көше атауларына осы тұлғалардың есімін ғана беруге болады. Мәдениет министрлігі тарапынан соңғы рет мұндай тізім 2024 жылы бекітілгендіктен, оны жаңарту ісі тек 2027 жылға қарай қолға алынбақ деген жауап алдық. Алайда бұл тақырыпты әлі де зерттеп, зерделей түсетін боламыз.

Ғалымжан Елшібай, 

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістанда 101 жастағы майдангермен тағылымды кездесу өтті
  • Түркістанда жас ақындар мүшәйрасы өтті
  • Сайрам-Өгем ұлттық паркінде қар барысы фототұзаққа түсті
  • Қайтарылған активтер халық игілігі үшін пайдаланылуда
  • Сайрам ауданында жаңа шағынауданның құрылысы басталды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер