Құмар ойынның соңына түскендердің ертеңі бұлыңғыр. Бұл жол опасыздыққа алып баратынын біле тұра, барын тігіп, дүние-мүлкінен айырылғанынан бөлек, жақындары теріс айналып, көбіне жалғыз қалады.
Ойынға деген қызығушылықтың салдарынан құмарлыққа беріліп, одан өзге ештеңе ойлай алмайтын, көрмейтін күйге түседі. Мұндай жағдай Қазақстан қоғамына да таңсық емес. Лудомандарды емдеу – аса қиын процесс.
Түркістан қалалық полиция басқармасының басшысы Бауыржан Жанаевтың айтуынша, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев лудоманияға қарсы күресті күшейту бағытындағы заңға қол қойған болатын. Заңда букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды сыртқы (көрнекі) жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, видео және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынды. Түркістан қаласында осы бағытта жұмыстар басталып кетті.
- Тәуелділіктің салдарынан тартылыс шырмауынан шыға алмай қалған жандар көп. Жақындарынан тірідей айырылып, ең ауыр сезімдерден өтіп қойғандықтан оған ендігі өмірі бәрібір болып кетеді. Ол ортасынан оңаша, жалғыз қалғандықтан енді емін-еркін, жоғалтатын ештеңесі жоқ, бар қымбатынан айырылған нағыз ойыншыға айналады. Ойын процесінде алған әсері оларды қайталап ойнай беруге мәжбүр етеді. Одан бөлек қашан да өзіне көңілі толмағандықтан, бойындағы бар ерекше қасиетін ойында көрсетуге ұмтылады. Шынайы өмірге қарағанда, ойында жеңіске қол жеткізу жеңіл болғандықтан, өзін ойында көрсеткісі келеді. Ойындағы жетістіктері неғұрлым мол болса, соғұрлым ол осы ойынға қайта орала береді, - дейді басқарма басшысы.
Сонымен, Түркістан қаласы бойынша лудомания немесе ойын бизнесімен күрес мақсатында Түркістан қалалық ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы», Түркістан қалалық прокуратурасы, Түркістан қалалық полиция басқармасымен бірлесіп, рейдтік, зерделеу жұмыстарын жүргізді. Кәсіпкерлерге жаңа заңның талаптары түсіндірілді.
«Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2024 жылдың 9 айында жастар мен жасөспірімдер арасында лудоманияның алдын-алу профилактикалық жұмыстары бойынша 11 іс-шара ұйымдастырды. Атап айтсақ, Түркістан қаласындағы мектептерде жоғарғы сынып оқушылары арасында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасында «Сен өзгерсең – сенің әлемің де өзгереді», «Құқықбұзушылықтың алдын алу» және «Тәрбие тал бесіктен басталады» тақырыптарында семинар-тренингтер және түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Сонымен бірге «Құмар ойынға құмартпа» тақырыбында кино көрсетіліп, «Лудомания – қоғам дерті» атты семинар-тренинг ұйымдастырылған.
– Бір рет ұтып, жеңіл түскен ақшаны қолға ұстағаннан пайда болған адреналинді сезінген адам, осы жетістігін қайталағысы келеді, алайда көбіне ұту мүмкін емес. Басқа да құмарлықтарға, мысалы, есірткі, алкогольге құмар адамдар сияқты, ойынға құмарлық та өте қауіпті. Тез еріп кетеді. Психикалық бұзылыстардан емделген адамдар, сондай-ақ ойынға құмарлыққа да ұшырағыш болады. Соңғы екі жылда құмар ойындар нарығы жылжымайтын мүлік нарығын басып озған. Тіпті, бұл індет жаңа қоғамның дерті ретінде тіркеліп, құмарға салынғандарға медицина мамандарының тікелей көмегі қажет. Қазіргі таңда ойын жарнамалары кез келген онлайн платформада қолжетімді. Жарнамасы жер жарып, заңдылық тұрғыда ешқандай тосқауыл болмаған соң, елдегі ересектер ғана емес, жастар да құмар ойынға тәуелді болып барады. Әлеуметтік статусы әртүрлі жастарға жан-жақты көмек беру бүгінде ең басты мәселеге айналды. Ал, ол үшін түгел қоғам мүдделі екенін естен шығармаған абзал, – деді Түркістан қаласының прокуроры Каукен Нәрікбаев.
Адамның лудоманияға берілуінің ең бірінші белгілері ойын туралы әрдайым ойлап, соған байланысты оқиғалардан арыла алмауы. Олар қанша ұтылса да, ойынды тоқтата алмайды. Кезекті ұтылыстан кейін ойнамауға бел буғанмен, бұрынғы таныстарын кездестіріп, осы тақырыпта әңгімелессе немесе ойын мекемесі жанынан өте қалса, құмарлығы қоза түседі. Осы орайда бірнеше ойынқұмарлыққа салынған жандардың тағдырымен бөлісуді жөн көрдік. Лина 16 жасында Еркін есімді жігітті жақсы көрді. Еркіннің де Линаға ілтипаты ерекше еді. Күн құрғатпай гүл, шоколад жіберіп, бар ықыласын бөлетін. Бірде Линаны отырысқа шақырып, сусынына әлдебір дәрі қосып беріп, соңыра анаша, есірткі ұсынады. Жайдарлы, ақкөңіл мінезді, бір үйдің жалғыз қызының мінезі әп-сәтте өзгеріп шыға келді. Ол бір үйдің жалғыз қызы болғандықтан, ата-анасы айтқанын екі етпейтін. Соны пайдаланған Еркін Линадан бір доза үшін қомақты қаражат алып тұрды. Кейін мән-жайдың беті ашылғанда, Линаны жақындары емдетті. Алайда, жас қыз қазіргі таңда есірткіден бойын аулақ ұстағанымен, құмар ойындарының соңына түсіп кетті. Ол ойнағысы келіп тұрады. Өзінің ойынға деген құмарлығын қандыру үшін көшеге шығып, елден ақша сұрайтын хәлге түсті. Кәдуілгі қайыршыларға қосылып, тиын жинап, бар тапқанын ойын автоматтарына салады...
Ал, Айнұр өзінің құмар ойынға келуінің себебін еш түсіндіре алмайды. «Жүрегім ойынды қалап тұрады. Одан басқа ештеңе қызық емес» депті ол психологтарға. Жас ана жуырда бесінші бөбегін дүниеге алып келді. Алайда, оны қарт ата-анасы, күйеуі, тіпті балалары да үйінде ұстай алмайды. Ешкімді тыңдамайды. Ақыры көше кезіп, қаңғырып кеткен.
– Бұрын кетіп қалғанымен, екі-үш күннен кейін үйге оралатын. Үнемі балалары үшін кешірдім. Осы кеткенде молынан кетті. Ол ойынға тәуелді. Бәлкім есірткі де араласқан шығар, білмеймін. Әйтеуір үйге келгенде ары кетсе бір айдан соң, қайта кетіп қалады. Оны ұстап отыру мүмкін емес. Ол мен сүйген Айнұрға түк ұқсамайды. Барлығы біз ауылдан Түркістан қаласына көшіп келген жылы басталды. Кештетіп «құрбыма барып келемін» деп шығып кететін. Ойын автоматтарына телміріп тұрған жерінен талай алып келдім. Емдеттім. Алайда, ол өзін ауру сезінбейді, намыстанады. Ашушаң. Оның айтуынша жақындары түсінбейді, қалауын орындамайды. «Беті бері қарайтын шығар, ортасын өзгертейін» деген оймен ауылға көшіп келдік. Үйді, дүниені бәрін тігіп бітті. Оны, тіпті балалары да тоқтата алмады. Өтірік сөйлейді. Бізді қарызға батырып кетті. Ал, ең сорақысы ол өзінің анасы дүниеден озғанын, жерлегенімізді де естімеді. Шешесін қызының күйігі алып кетті. Біз оның қайда жүргенін білмейміз. «Әйел адам ғой, жаны нәзік» деп мен оған көп еркіндік беріп қойғаныма өкінемін. Жанын түсінуге, барынша қолдауға тырысатынмын. Арманы биік, ақылды әйел еді. Жұмысында да абыройлы, қызметі өсіп-ақ келе жатқан жерінен қалаға көшіп, бар жағдайын жасамақ едім. Бәрін аяқ асты етті. Балалар «мамалап» іздеп, жылағанда не деп жауап берерімді білмеймін. Не өлінің, не тірінің қатарында жоқтығы жаныма батады, – деп күйінеді күйеуі.
«Құмар ойын – адамның біліктілік емес, сәттілік арқылы жүзеге асатын, жеңіл жолмен байлыққа кенелудің бір түрі. Алайда, бұл оңайлықпен келетін нәрсе емес. Себебі, құмар ойындардың заңдылығы да осында. Әуелі ұйымдастырылған сәттілікпен жеңіске жеткен ойыншы, қанағатсыздық танытып, олжасын еселегісі келеді. Әйткенмен, стратегия бойынша, адам ақыр соңында қалай болмасын жеңіліске ұшырайды. Барынан айырылғанымен қоймай, келесі жолы айым оңынан туады деген соқыр үміттің арбауында қалып, тоқтаусыз келе беретіндер де аз емес», – деді психологтар.