Нашақорлыққа жол жоқ

Нашақорлық пен есірткі саудасының алдын алу үшін Түркістан қалалық прокуратурасы да нақты жұмыстар жүргізуде. Түркістан қаласының прокуроры Каукен Нәрікбаевтың айтуынша, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері биыл есірткінің заңсыз айналымына қатысты 629 деректі анықтаған.

Screenshot_33.jpg

Оның 259-ы қылмыс, 370-і теріс қылық. Ал есірткі сату бойынша 35, құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз егу бойынша 67, аса ірі көлемде есірткі сақтау бойынша 10 жайт тіркелді. Жедел шаралардың нәтижесінде 1 есірткі лабораториясының жұмысына тосқауыл қойылған. 

Мәселен «Алматы – Ташкент» тас жолы бойында Форд автокөлігі тоқтатылып, Шымкент қаласының тұрғынынан 79 килограмм кептірілген марихуана тәркіленіп, күдікті қамауға алынды. Сондай-ақ Түркістан қаласы «Самара-Шымкент» тас жолы бойындағы жанармай құю бекетінде «Ваз приора» автокөлігі тоқтатылып, Шымкент қаласының тұрғынынан 300 грамм мефедрон синтетикалық есірткі заты тәркіленді. Тексеру барысында күдікті Шымкент қаласында пәтер жалдап, синтетикалық есірткі затын қайнатып, дайындап, телеграмм желісі арқылы жасырын қойып сатумен айналысатындығы анықталды. Сонымен қатар есірткі жарнамалау, графити жазулары бойынша 8 дерек тіркеліп, тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Осы ретте полиция профилактикаға баса назар аударып келеді. Мәселен жыл басынан бері нашақорлыққа және есірткіге қарсы 45 мыңнан астам мектеп оқушысы, студенттер және жергілікті тұрғындардың қатысуымен 295 іс-шара өткізілген. «Халықаралық есірткі бизнесіне және нашақорлыққа қарсы күрес күні» аясында бір ай бойына түрлі іс-шаралар ұйымдастырды.

Полицияның бастамасымен «Нашақорлыққа жол жоқ, біз өмірді таңдаймыз!» атты форум Түркістан қаласының барлық шағын ауданында, қалаға қарасты елді мекендерде өтті. Бұл шаралардың басты мақсаты – жастарға есірткі мен нашақорлықтан аулақ болу және есірткі қылмыстары бойынша заң алдындағы жауапкершілік туралы құқықтық кеңес беру.

Ата-бабамыздың өткен тарихына бажайлып қарасақ, жаман әдетке үйір болмаған. Рас, Абай заманында болыстар орыс шенеуніктеріне жағымпазданамыз деп бірге ішімдік ішіпті деген әңгіме бар. Сол тұста қазақтың тәуірлері шақша жасатып, насыбай атады екен. Даланың дарабоз ақылдысы Құнанбай қажы насыбай ататындардың езуін тіліп, жазалапты деген де сөз бар.

«Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан қалалық филиалының төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетовтың айтуынша, статистика көрсеткендей жаман жолға түскендердің көпшілігі қалада кездесетіндігі қорқынышты. Алайда, үздіксіз жұмыс жүргізудің арқасында нашақорлар мен есірткі бизнесімен айналысатындардың саны жыл сайын азайып келеді.

«Саламатты өмір салтын орнықтырамыз» деп үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгенімізбен, қоғамды жайлап бара жатқан бұл кеселдің алдын алу үшін әлі де болса құқық қорғау органдары, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік ұйымдар бірлесе жұмыс істеу керек. Әсіресе, жастар орталықтары белсене араласулары қажет. Ақсақалдар кеңесінің де көмегі тиетінін байқап жүрміз. Мысалы, өткен жылы қаламызда бір отбасы ішімдікке салынып, балалары сабаққа бармай, азғындау фактісі тіркелгенде, сол шағын ауданның билер алқасы әлгінің үйіне барып, ортаға салып, ақырында ол отбасын азып-тозудан сақтап қалды. Мұндай оқиға қала сыртындағы елдімекен де кездесті. Қалалық билердің араласуымен кеселдің алды алынды», - дейді Жарқынбек Құлбайымбетов.

Нашақорлықпен, есірткі саудасымен күресу үшін соңғы жылдары заңдар қатаңдатылды. Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілу кезінде шетелдік тәжірибелер де сарапталды. Халықаралық тәжірибе бүгінгі күні есірткімен күресуде қылмыстық шараларды қатаңдатпай, оны жою мүмкін емес екендігін көрсетті. Мысалы, Ұлыбритания, Бельгия, Грекия, Ирландия, Канада, Франция және басқа да елдер осы қылмыстар үшін өмір бойы бас бостандығынан айыруды белгіледі. Есірткіні сатқаны үшін өлім жазасына кесу Иран, Қытай, Сингапур, АҚШ және Тайланд заңнамаларында көрсетілген.

Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-іс жүргізу кодекстеріне және Есірткінің заңсыз айналымы аясындағы жауапкершілікті күшейту мәселелері» бойынша «Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтары жөніндегі кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы әзірленіп, маусым айында қабылданды.

Бұл заң тек аса ауыр есірткі қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартады, олар ҚР ҚК-нің 250, 259, 260, 262, 264 және 266 баптары бойынша белгіленеді. Осылайша жаңа заңға сәйкес, келесі қылмыстық санкциялар қолданылуы мүмкін:

    – аса ірі көлемде есірткі контрабандасы үшін – 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға; лауазымды тұлғаның қызметтік жағдайын пайдаланып, есірткіні сатқаны үшін – 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға;

    – оқу орындарында және кәмелетке толмағандардың есірткіні сатқаны үшін – 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға; ұйымдасқан қылмыстық топпен есірткіні сатқаны үшін – 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға; кәмелетке толмағандарды, екі немесе одан да көп адамдарды, сондай-ақ күш көрсетумен есірткіні пайдалануға тартқаны үшін – 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға;

    – есірткіні пайдалануға тартып, соның негізінде адам өліміне әкеліп соққаны үшін - 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға;

    – есірткіні пайдалану үшін притондар ұйымдастырғаны үшін – 3 жылдан 7 жылға дейін, ал қызметтік жағдайын пайдаланғаны немесе ұйымдасқан топпен ұйымдастырғаны үшін 7 жылдан 12 жылға дейін.

Сонымен қатар, есірткі қылмысы тікелей заңсыз табыс табумен байланысты болғандықтан, осындай қылмыстың әрбір құрамы үшін мүліктерін міндетті түрде тәркілеу енгізілген.

«Заң талаптарын жұртшылыққа түсіндіру құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі деп білеміз. Бұл жерде жалпақ шешейлікке жол беруге мүлдем болмайды. Өйтсек, ұлтымыздың болашағына балта шабамыз. Сыртқы күштердің де арманы – халқымыздың санасын улау, тәні мен жанының сапасын құрту, сөйтіп, өздерінің ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстау. Айналып келгенде, мәңгүрт ұлтты басқару оңай. Осыны әрбір адам түсіну керек. Ұлтымыздың ұсақталып кетуіне жол бермеуіміз керек», - дейді «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан қалалық филиалының төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Отаншылдық та өз еліңе, өз жеріңе, өз тарихыңа деген сыйластықтықтан басталады
  • Әйелін ұрып, баласын жылатқанды заң басынан сипай қоймайды
  • Адамдардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет
  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер