Адам саудасына қатысты Заң талабы күшейтілді

Адам саудасы – жалпы адамзаттың сүйегіне қара таңба болған, адам құқығын ең арсыз, ең аяусыз аяққа таптаудың түрі. Өкінішке қарай, адам саудасы құрбанының үстінен еріктен тыс мәмілелер жасалып, ол меншіктегі «тірі тауарға» айналады.

Screenshot_28.jpg

Көп жағдайда азаматтар зорлықпен, түрлі алдап-арбау тәсілдерімен шекара асып, мәжбүрлі еңбекке жегіледі, сексуалдық, физикалық, психикалық зорлық-зомбылыққа душар болады. Әлемдік статистика бойынша адам саудасының негізгі құрбандарын әйелдер мен жас қыздар құрайды. 

ҚР Бас прокуратурасы жанындағы құқық қорғау органдары академиясы жыл сайын республиканың ішкі істер органдары адам саудасына қатысты 100-ден астам қылмысты тіркейтінін мәлімдеді. Мәселен, жуырда адам саудасымен айналысты деген күдікке ілінген Түркістан қаласында бір күдікті анықталды. Яғни, Түркістан облыстық прокуратураның үйлестіруімен Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел-іздестіру шарасын жүргізу барысында «Ш» есімді азамат адам саудасы үшін 400 мың теңге алу барысында қолға түскен. Түркістан облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Олжас Мариннің мәліметінше, адам саудасымен айналысқан күдікті соңғы 2 жыл бойы мүгедектігі бар екі азаматты қайыршылық жасауға мәжбүрлеп, оларды Шымкент қаласында сату кезінде ұсталып, қамауға алынған.  

Есте болса, жуырда Бас прокуратура жанындағы құқық қорғау органдары академиясында өткен форумда адам саудасына қатысты адам сенгісіз жайттар баяндалған болатын. Жарияланған мәліметтер бойынша Қазақстандағы адам саудасының әрбір жетінші құрбаны бала екен. Соңғы жылы балаларды құлдықта ұстау бойынша 30 дерек анықталған. Күні кеше Ұлытау облысында еңбекке заңсыз жегілген жасөспірімдердің жайы бұл статистикаға әлі ене қойған жоқ. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы адам саудасына қатысты 124 дерек тіркелген. Мұндай сипаттағы қылмыстар көбінесе «Stop трафик» жедел алдын алу шараларының нәтижесінде әшкереленетін көрінеді. Өзін зайырлы, тәуелсіз мемлекет санайтын біздің елдің құқық қорғау саласы үшін бұл үлкен сын. 

Ал міне бүгінгі күні мұндай жағдай Түркістанда да орын алып отыр. Күдікті ұсталып, қамауға алынғанды. Дегенмен, Түркістан облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Олжас Мариннің айтуынша, қазір түркістанда тағы да 10 азаматтың адам саудасымен айналысуға қатыстылығы бар-жоғы тексеріліп жатыр екен. Олжас Марин «Қазіргі таңда адам саудасы фактісі бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде, өзге ақпарат ҚПК 201-бабының талаптарына сай жария етілмейді» деп мәлімет берді.

Жақында елімізде кезекті рет «STOP трафик» жедел шарасы өтті. Соның нәтижесінде 39 қылмыс анықталған. Екі келіншек туған баласын сатқысы келген. Біреуі Шымкентте ұсталған. Ал, Орал қаласында 35 жастағы әйел үш ай бойы кәмелет жасқа толмаған қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Барлық ақшаны өз қалтасына басқан. Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалып, 17 жастағы қыз туған-туыстарына тапсырылған. Өкініштісі сол, бүгінгі күні елімізде адам саудасының ең көп таралған түрі – сәби саудасы. Сорақысы сол, әлі дүниеге келіп үлгермеген құрсақтағы баланы тағдыр талайына тастайтын безбүйрек аналар да бар. Қоғамда үлкен резонанс туғызған оқиға 2022 жылдың соңында болды. Іс Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Тараздағы көпсалалы аурухананың екі акушері алдын ала сөз байласу арқылы кәмелетке толмаған баланы саудалады деп айыпталған. Тергеу барысында 2022 жылдың қарашасында 35 жастағы әйел жүктілігінің жетінші айында түсік жасатқысы келген. Алайда, дәрігер оны райынан қайтарған. Әйел нәрестені дүниеге әкелгенімен, тамақтандырудан бас тартып, перзентхана қызметкерлерінен сәбиді алып кетуді сұрайды. Әйелдің жағдайын өз отбасынан жасырғанын түсінген акушер баланы сатуға көмек сұрап, әріптесіне жүгінеді. Өздерінің қылмыстық пиғылын жүзеге асыру үшін акушерлер жәбірленушіні алдау және сенімін теріс пайдалану арқылы жаңа туған нәрестені біреуге 1,5 миллион теңгеге сатып жіберген. Сатып алушы баланы заңды түрде өз фамилиясына тіркеуге тырысқан. Бұл ретте барлық төлем сомасының бір миллионы биологиялық анаға берілуі керек болса, 500 мың теңгесі құжат рәсімдеуге жұмсалады деп жоспарланған. Ресми емес деректер бойынша, сәбиді сатып алмақшы болғандар он жыл бойы өз бетінше балалы болуға тырысқан. Жамбыл облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметіне сүйенсек, прокурор сотталушыларды 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіп дәрежесін, сондайақ Қылмыстық Кодекстің 55-бабы 2-бөлімінің талаптарын ескере отырып, сот оларды 8 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл жалпы тіркеліп, жария болып, заңды түрде шара қабылданған оқиғаның бірі ғана. Ал, шын мәнінде ресми органдар жыл сайын 5-7 сәбидің заңсыз сауда құрбаны болатынын айтып дабыл қағып келеді. Өкінішке қарай, қолдаусыз қалған аналарға пана болған дағдарыс орталықтары мен перзентханалар сәби саудасының «қара базарына» айналғаны жайлы деректер ақпарат айдынында еркін жүзіп жүр. 2016 жылы бала саудасында әккіге айналған 30 адамнан құралған қылмыстық топтың заңнан аттап кете алмағаны әлі күнге дейін жымысқы ойлары барларға сабақ болмай тұр. Мұндай өрескел қылмыстарды алдын алу жұмыстары Түркістан облысы мен Түркістан қаласында біршама жолға қойылған. Мәселен, Түркістан облыстық полиция департаментіне қарасты Түркістан қалалық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жергілікті полиция басқармасының, көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлерімен және мемлекеттік еңбек инспекторларымен бірлесіп облыс және қала аумағында орналасқан шаруа және фермерлік қожалықтарды, ауыл шаруашылығы алқаптарын, қыстаусаяжайларды, алқаптарды, құрылыс нысандарды мәжбүрлі еңбекке қанау фактілерін анықтауға бағытталған тексеру жұмыстары жүргізілуде.

2000 жылдары азаматтардың еңбегін қанаудан гөрі жыныстық қанау мәселесі бірінші орында болатын. Тиісінше, адам саудасының негізгі құрбандары – әйелдер еді. Мәселен, 2016-2020 жылдар аралығында Шымкент пен Түркістан қаласынан 39 бойжеткеннің құлдық құрығына түсіп, шетелге өтіп кеткені белгілі болып, осы іс-бойынша қылмыстық топ құрықталып, жаза арқалаған болатын. Ал қазір жағдайдың тұтастай сипаты біршама өзгерген. Бүгінде әйелдерге қарағанда, ерлер адам саудасының потенциалды құрбанына айналып отыр. Яғни бұл азаматтардың еңбегін қанау фактілерінің, құлдықта ұстау деректерінің көбейгенін аңғартады. Көбінесе ерлерді ауыл және мал шаруашылығына немесе құрылыс жұмыстарына жегеді. Мұның басты себебі – елдегі әлеуметтік ахуалдың төмендеуі. Қаржы жағынан тығырыққа тірелген адам түрлі тәуекелге баруға дайын. Кейде азаматтарымыз заңды түрде Қазақстаннан Ресейге аттанады, ал ары қарай заңсыз түрде өзге шет мемлекеттердің шекарасын кесіп өтеді. Бөтен елде қанаушылар олардың құжаттарын тартып алып, еріксіз еңбекке жегеді.

Адам саудасының иіріміне көбінесе шетелдік азаматтар жұтылып кетеді. Себебі, олар барған елдерінің тілін білмейді, тәртібі, заңы бейтаныс. Ал, кейбір құрбан болған азаматтар өздерінің арыз-шағымдарын қайтарып алады. Мұның бірінші себебі – құқықтық процестердің ұзақтығы. Азамат бұл елде әрі қарай қалуға қорқады, жақындарын сағынып, еліне оралуға асығады. Екіншісі, дәлелдерді жинау үлкен құлшынысты қажет етеді. Алайда, істің әрі қарай жүруіне жәбірленушінің жалғыз арызы аздық етеді. Үшіншісі, сексуалды қанаудың құрбандары намысының аяққа тапталғанына қорланады. Жәбірленуші арыз жазған жағдайда қоғам тарапынан моральдық қысымға душар болады. Ал, құқық қорғау органдары мамандарының істі тоқтатудағы жалғыз классикалық себебі – қылмыс құрамының болмауы екен. Мигранттар контрабандасының қызмет көрсету нарығында қолға «тірі тауарды» оңай түсіру үшін онлайн сервистер пайдаланылады. Ал, Internet World Stats мәліметтері бойынша Қазақстанда интернет арқылы адам саудасын жүзеге асырудың, ақпарат табудың аса қиындығы жоқ. Бұл киберқауіпсіздіктің нашар екенін айғақтайды. Егер Қазақстан азаматы елден заңсыз шығарылса және қанауға ұшыраса, мемлекет ол азаматты қайтаруға, аудармашы мен адвокат қызметіне және басқа да шығындарға арнайы қаражат бөледі. Мұны жүзеге асыру үшін жәбірленуші немесе оның туысы өтініш жазу керек. Сонымен қатар, зорлық-зомбылық, заңсыз әкету және басқа да қылмыс фактісін растайтын құжаттарды қоса беру керек.

Қазақстан Конституциясының 1-бабында «мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі» екені тайға таңба басқандай көрсетілген. Ал, адам саудасымен айналысқандарға көзделген жаза қаншалықты жұмсақ? 2020 жылдың 1 қаңтарында Қылмыстық заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілді. Олардың арасында адам саудасы, кәмелеттік жасқа толмағандарды сатуға байланысты баптар бар. «Кәмелеттік жасқа толмаған балаларды сату» деп аталатын 135-бап бұрынғыдан да қатаң жаза қолдануды қарастырды. Егер біреуге сатқан немесе сатып алған бала қайтыс болса, оның өліміне кінәлі адам 18 жылға қатаң тәртіптегі колонияға қамалады. Бұрын осы баптың 4-тармағы бойынша қылмысы дәлелденген тұлға 15 жылға түрмеге қамалатын. «Адам сату» деп аталатын 128-бапқа қатысты жаза күшейтілді. Бұдан былай мұндай қылмыс жасаған адам 3 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ең ауыр жаза бұрынғы қалпында қалды – 15 жыл қатаң тәртіптегі колонияға қамау. Алайда, адам саудасының жазасына байланысты тартыстар көп. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Отаншылдық та өз еліңе, өз жеріңе, өз тарихыңа деген сыйластықтықтан басталады
  • Әйелін ұрып, баласын жылатқанды заң басынан сипай қоймайды
  • Адамдардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет
  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер