Тұрғындардың кітап оқуға деген құштарлығы артып келеді

image.png

Біріміз кітапты ой-өрісті кеңейту үшін оқысақ, біріміз – жұмыс барысында ақпарат іздеп оқимыз. Арамызда кітап оқып, демалатындар да бар. Қандай себеп болмасын, оқу сауаттылығы дағдыларын дамыту маңызды. Оқу ой-өрістің кеңеюіне, жан-жақты дамуға, ойлау қабілетін жетілдіруге, шығармалардағы кейіпкерлердің мінез-құлқындағы жағымды тұстарын бойға сіңіруге көмектеседі, жалпы, адамды тәрбиелейді және рухани байытады. Кітап оқуға бала кезден баулу керек. Адамның әдебиетке деген махаббаты сол балалық шақтан пайда болады. Қазіргі технология дамытған заманда балалар кітап оқымайды немесе болашақта кітаптың орнын электронды оқулықтар басады деген әңгіменің талайы айтылып жүр. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өз ойын білдірген болатын.  "Жақында әлеуметтік желіде еліміздегі кітапханалардың рөлі туралы қоғам назарын аудартқан пікірталас болды. Шындығына келгенде, бұл мәселенің мән-жайы баршаға түсінікті болуға тиіс. Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанынан қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды. Сондықтан біз жалпы кітапханалардың жүйесі мен жұмысын ұйымдастыруға жаңаша көзқараспен қарауымыз қажет. Бұл ретте осы саладағы заманауи үрдістерді ескергеніміз жөн", – деген Мемлекет басшысы мектеп кітапханаларының кітап қорын  жаңалау және толықтыруды тапсырған  болатын. Сонымен қатар Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында ұлтымыздың оқуға құштарлығын арттыру үшін тиісті шараларды қабылдауды тапсырып еді. Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бойынша  көркем әдебиеттің балалар үшін қолжетімді болуы үшін министрлік арнайы жоба әзірледі. Жоба аясында білім беру ұйымдарына қарасты кітапханалардың материалдық-техникалық және ақпараттық базасын жақсарту, балаларға арналған көркем әдебиетті жыл сайын сатып алуды жүзеге асыру бойынша шаралар қабылдануда.

ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов «Біз кітапханашылардың мәртебесін арттыру, олардың еңбекақысын көтеру және жұмысының жаңа талаптарға сай болуын қайта қарастырып жатырмыз. Оларды педагогикалық кадрлар санатына енгізу бойынша бастаманы көтердік.

Кітапхана заманауи жабдықталып, бала үшін ыңғайлы әрі қызықты болуы керек. Оқушы онда кітап оқумен қатар нетворкинг немесе шығармашылық даму дағдыларын игере алуы қажет» деп президенттің бастамасы бойынша  атқарылып жатқан іс-шараларды атап өтті.

  Осы орайда  Түркістан қаласындағы «Фараб» кітапханасы Президенттің бастамаларын қолдап, тұрғындардың кітап оқуға деген құшталығын ояту мақсатында түрлі шараларды ұйымдастырып келеді.  Кітапхана ұжымы оқырмандарға былтыр қыркүйек айынан бастап қызмет көрсетіп келеді. Жақында аталмыш кітапхана қызметкерлері осы күнге дейін ең көп кітап оқыған үш оқырманды анықтап, оларды Шымкент қаласына саяхат жасатып, жақсы әсерге бөледі. 

– Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың туғанына – 100 жыл. Біздің саяхатымыз ел басқару ісінде айрықша қолтаңбасын қалдырған осы азаматтың еңбегін таныстыруға арналды. «Асқаровтың ізімен» атты тақырыпта ұйымдастырылған іс-шара барысында оқырмандарды Шымшаһардағы дендросаябаққа апардық. Олар табиғат аясында кең тыныстап қана қойған жоқ, қаланың өткен тарихынан сыр шертетін дүниелерді көріп, мол мағлұмат алды, – дейді кітапхана директоры Жанат Шардарбекова. 

Әзірге өңірімізде ең көп кітап оқыған осы үш азаматты оқырманға кеңірек таныстыра кетуді жөн көрдік. «Әзірге» деп отырған себебіміз, аталмыш кітапхана қызметкерлері жыл соңында «Алтын формуляр» иесін анықтап, оны арнайы марапатқа ұсынбақ ниетте. Формуляр дегеніміздің өзі – оқырманның кітапшасы. Онда оның кітапханадан алған кітаптары жазылады. Сондықтан жыл соңына дейін «Алтын формуляр» иесі атанып, сый-сияпатқа ие болуға әркімнің- ақ бар таласы. Ендеше, оқырмандарға сәттілік тілейміз. 

Ең көп кітап оқыған үш оқырманның арасында 1948 жылы дүниеге келген Өтеген Ысқақұлы есімді қария бар. Түркістан қаласында тұрады. 40 жыл теміржол саласында жұмыс істеген. Зайыбы екеуі 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде сол перзенттерінен немере-шөбере сүйіп отырған бақытты ата мен әже. Көп оқыған қариядан қазір қолында қандай кітап бар екенін сұрап едік, жақында кітапханадан жазушы Әлжантегі Төкеннің «Елең-алаң жалған-ай» атты әңгімелер мен хикаяттар жинағы мен Қанат Әбілқайырдың  шығармаларын алғанын айтты. Өтеген қария кітапхана ашылғалы бері бүгінге дейін 38 кітап оқыпты.

Ал, Шерхан Саматұлы 23 кітап оқыған. Шерхан 1999 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Мамандығы – актер. Астана қаласындағы қазақ ұлттық өнер университетін драма театр және кино әртісі мамандығы бойынша тәмамдап, 2021 жылы Түркістанда жаңадан ашылған сазды-драма театрына жұмысқа қабылданыпты.  

– Мамандығым театр әртісі болғандықтан, маған одан да көп кітап оқу керек деп ойлаймын. Қазір қоғамда «Жастар кітап оқымайды» деген пікірді жиі естиміз ғой. Ол рас. Сондықтан, замандастарыма кітап оқуға деген дағдыны мықтап қалыптастыру қажет екенін айтқым келеді, – дейді Шерхан. 

Шерхан жазушы Шыңғыс Айтматов пен Ілияс Есенберлиннің шығармаларын сүйіп оқитынын айтты. 

«Фараб» кітапханасына жиі бас сұғатын келесі кейіпкеріміз – Жанизат Сәдібекова.  Ол – Тараз қаласының тумасы. Түркістандағы Халықаралық туризм және меймандостық универсиетінде екінші курста оқиды.  

– «Фараб» кітапханасының сыртқы келбетінің өзі адамды тартады. Мен таңертең сабақта боламын. Түстен кейін міндетті түрде кітапханаға барып,  кітап оқимын. Өзіме тізім жазып алғанмын, – дейді Жанизат. 

Айта кетейік,  «Farab» жаңа кітапханасы көпфункционалды білім кешені ретінде жасақталған. Бұл орталық бүгінде білім алып қана қоймай, шығармашылық пен шабытты ұштастырып, бірегей жобаларды жүзеге асыратын кешен ретінде барша кітапқұмар қауымның сүйікті мекеніне айналып үлгерді. Ол үшін барлық жастағы оқырмандарға барлық жағдай жасалған. Үш қабатты шығармашылық шаңырақ әртүрлі аймақтарға бөлінген. Оқу залдары мен кітап сөрелері іріктеліп, орнатылған. Ең жоғарғы әрі жарық қабатында үлкен кітапхана жайғасқан. Онда Қазақ елінің атақты қайраткерлері мен қаламгерлері мен әлемнің үздік ақын-жазушыларының әр жылдары жазылған туындылары, естеліктері мен күнделіктері жиналуда.

Өлкетану бөліміндегі ең құнды болып саналатын тарихи жәдігер 1919 жылғы атақты «American Quartet» тобының орындауында Бобби Джонес пен Джек Стерннің «Түркістан» деп аталатын музыкалық пластинкасы. Бұл туындының жазбасы «Farab» кітапханасының ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижесінде АҚШ Конгресі Кітапханасының мұрағаттарынан табылды. Әр түрлі мұрағат көздеріне сәйкес, жазба 1906 немесе 1919 жылы жазылуы мүмкін. Сонымен қатар бұл туынды 1919 жылы Бродвейдің хитіне айналған.

Екінші қабатта алуан түрлі студиялар, шеберханалар мен қолөнер дүкендері орын алды. Бұл жерде кез-келген оқырман үшін кітаптан шабыттанған дүниелерді өз қолымен жасап шығаруға мүмкіндік бар. Бірінші қабатта Fab-lab орналасқан. Мұнда кітапқұмар қауым бір-бірімен кездесіп, бас қоса алады. Жаңа туындылардың тұсауын кесуге барлық жағдай жасалған. Төменгі қабатта ғылыми-зерттеу орталығы, яғни негізгі кітап сақтау қоймасы орналасқан. Бұл жерде өте сирек кездесетін кітаптар мен монускриптілер сақтаулы. Сонымен қатар, мұндағы үлкен зерттеу орталығы құнды дүниелерді сақтап қалу үшін оларды қайта қалпына келтіріп, цифрландырады.

Ұйымдастырушылардың ойынша, Әл-Фарабидің музыка туралы трактатын оқығаннан кейін, адам өз туындысын немесе тіпті музыкалық шығармасын жасауға шабыт алуы мүмкін. Сонда Fab-lab-тағы заманауи технологияларды қолдана отырып, өнер туындысын жарыққа шығарып, тіпті жаңа музыкалық аспапты ойлап таба алады. Ол үшін осында дыбыс жазу студиясы орналасқан. Орталықта би ұжымымен бірге өз қойылымын ойлап тауып, оны осында орналасқан кино-концерт залында көрсетуге немесе атриумда таныстыруға болады. Осылайша, жаңа кітапхана шығармашылық арманның жүзеге асуына толық мүмкіндік береді.

Бірінші қабатта ерекше көзге түсетін жұмсақ орындықтары бар үлкен ағаш баспалдақ бар. Ол баспалдақтарда жайлы жұмсақ жастықшалар мен орындықтар арнайы оқырмандар үшін қойылған. Қазіргі таңда бұл баспалдақ кітапсүйер қауымның оқыған шығармаларынан алған әсерлері мен ойларын талқылауға таптырмас орын болып отыр.

Бұдан бөлек, кітапхана ғимаратында жаңа туындылардың тұсауын кесуге арналған жаңа үлгідегі шығармашылық залы, кәдесыйлар дүкені және кездесулерге арналған жайлы кофехана бар. Мұнда басқосу студиясы- коворкинг, компьютерлік сынып, фото және бейнетүсірілімге арналған мультимедиа залы бар. Бұл – әсіресе блогерлер, фотографтар мен дизайнерлер үшін пайдалы орын болмақ. Кітапханада 3D модельдерін жасауға арналған проекциялық бөлме, каллиграфия және өнер студиясы, қыш құмыра жасауға арналған шеберхана бар. Балалар залында оқудан басқа робототехника бойынша сабақтар өтеді. Ескі кітаптардың, қолжазбалар мен құжаттардың мұрағаты ұсынылады.

«Ғылыми-зерттеу тұрғысынан кітапхананың мақсаты – барлық құжаттарды, куәліктерді және басқа да маңызды материалдарды бір жерге жинау. Осыған дейін мұның бәрі әр жерде сақталып келген. Мысалы, 1872 жылы Түркістан үлкен туралы альбом шетел асып кеткен. Онда жергілікті шейхтер мен билеушілерден көптеген заңды құжаттар жинағы болатын. Қазір мұның бәрі Санкт-Петербургтегі шығыстану мұражайында сақтаулы. Құжаттардың үлкен көлемі Ташкентке археология орталығына жеткізілген. Олардың көпшілігі жеке тұлғалардың қолында, олардың бірі зерттеуші Шаховцов болып саналады. Осылайша, көптеген зерттелмей қалған дүниелер жетеді. Жаңа кітапхананың міндеті – бұл құжаттарды бір жерге жинап, оқырмандар мен ғалымдарға қолжетімді ету. Ол үшін барлық ақпарат сандық форматқа ауыстырылады»,-дейді кітапхана жобасын тұжырымдамалық әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Айко Токен.

Екінші тарихи міндет – ескі құжаттар мұрағатын жинап, сақтау. Ол үшін ерекше жағдайлар мен сыртқы факторларды бақылау қажет. Мұндай құжаттарды тотығуға қарсы жабдығы бар арнайы цех қалпына келтіреді. Айта кетейік, бұл – Орталық Азиядағы жалғыз цех. Үшінші маңызды бағыт – жасанды зердені пайдалана отырып, тарихи кітаптар мен материалдардың үлкен дерекқорын қалыптастыру. Fab-lab – бұл үлкен өндіріс зертханасы. Бес машинаның қарапайым жиынтығын қолдана отырып, кез-келген адам ойындағы дүниенені, сәндік заттардан компьютерге дейін жасауға толық мүмкіндіктер бар.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістан мектептерінде "Ясауитану" пәні оқытылмақ
  • Анасы өлтірген болуы мүмкін марқұм балалардың бірі ұл, біреуі қыз
  • Тасада тұрған «диспетчерлер» кімдер? Леңгірде көше атауының дауы 5 жылдан бері созылып келеді
  • Базардан кітапхана ашылды. Түркістанда тың бастама қолға алынды
  • Имандылыққа шақырған жүздесу болып өтті
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер