
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Шымкент қаласы аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы кешенді шаралар күшейтіледі. Бұл жұмыстар мерекелік іс-шаралардың тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жоғары деңгейде өтуіне бағытталған.Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында айтылды.
Белгілі болғандац қалада көпшілік жиналатын орындарда құқық қорғау органдарының, төтенше жағдайлар қызметінің және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен кезекшілігі ұйымдастырылды. Қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында патрульдеу жұмыстары күшейтіліп, құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары қолға алынды.
Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда. Сауда орталықтары, мәдениет және әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына бақылау күшейтілді. Жауапты мекемелер профилактикалық тексерулер жүргізіп, азаматтарға қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруда.
Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шаралардың тыныш әрі қауіпсіз жағдайда өтуі – басты басымдық ретінде белгіленді.
Сондай-ақ, Табиғи монополияларды реттеу комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің 2025 жылғы жұмысының нәтижелері және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттауына жол бермеу бағытында қабылданып жатқан шаралар қаралды.
Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қуанар Базарбаев жаңа жылдық мерекелер кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған ведомствоаралық жоспардың бекітілгенін хабарлады. Жоспар аясында «Газ баллоны», «Қауіпсіз Жаңа жыл» және «Пиротехника» сияқты алдын алу акциялары қамтылған. Акциялар аясында тұрғын үйлерде, сауда нысандарында және көпшілік жиналатын орындарда газ баллондарын пайдалану талаптарының сақталуына бақылау күшейтілді. Мамандар азаматтарға тұрмыстық газды қауіпсіз қолдану, газ жабдықтарын уақытылы тексеру және ақау анықталған жағдайда тиісті қызметтерге жүгіну қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Желтоқсан айында газ баллон жабдықтары орнатылған автокөліктерді тексеру бойынша рейдтер жүргізіліп, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау туралы түсіндірілді, мектептерге, медициналық және әлеуметтік мекемелерге ерекше көңіл бөлінуде.
Сонымен қатар, желтоқсан айында пиротехника бұйымдарын сату және пайдалану талаптарының сақталуын бақылау мақсатында сауда және ойын-сауық нысандарында қосымша тексерулер жоспарланған. Жаңа жылдық іс-шаралар өтетін алаңдарда өрт сөндіру техникасы мен ТЖД қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылады.
«Қауіпсіз Жаңа жыл» акциясы шеңберінде мерекелік безендірулердің, электр желілерінің және шыршаларды орнату талаптарының сақталуына ерекше назар аударылуда. Ал «Пиротехника» акциясы барысында пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату мен қолданудың алдын алу, рұқсат етілмеген орындарда отшашу атуды шектеу шаралары жүзеге асырылуда.
Жауапты қызметтер тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырып, мерекелік күндерді тыныш әрі қауіпсіз жағдайда өткізуге үндейді.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің басшысы Кенжеболат Көшекбаевтың айтуынша, 2025 жылы Шымкент қаласында 75 қызмет түрі бойынша 55 табиғи монополия субъектісі жұмыс істейді. Бес базалық кәсіпорын бес жылдық тарифтер негізінде қызмет көрсетуде.
