Соңғы 3 жылда Шымкент экономикасына 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды

image.png

Соңғы 3 жылда Шымкент қаласының  экономикасына 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды, оның 75%-ы – жеке инвесторлар есебінен. Орташа жылдық өсім 11%-ды құрады.  Бұл туралы ОКҚ алаңында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков хабарлады. 

«Өңір экономикасын тұрақты дамыту мақсатында алдағы 5 жылда 6,6 трлн теңге инвестиция тарту бойынша жоспарымыз бар. Бүгіннің өзінде жалпы құны 4,6 трлн теңге болатын 221 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Инвестициялық жобалар аясында 29 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде», - деді спикер.

Қала әкімі ірі жобаларға тоқталды. Былтыр «Alsera KZ» түрік компаниясымен елімізде құны 322 млрд теңгені құрайтын ең үлкен заманауи жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Бүгінде құны 98 млрд теңгені құрайтын бірінші кезеңінің құрылысы аяқталып, 42 гектар жылыжайдан алғашқы өнім алынды. Сондай-ақ, польшалық «Fabe Agro» компаниясымен құны 68 млрд теңгені құрайтын жоғары технологиялы жылыжай құрылысын салуға 144 гектар жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Мұнда жылына 36 мың тонна қызанақ пен қияр өнімі алынып, 800-ден астам адам жұмыспен қамтылады. Түркиялық «YDA Group» компаниясымен 313 млрд теңгеге өндірістік технологиялық материалдар өндіру және отандық «INTERTRANS» компаниясымен 80 млрд теңгеге мұнай өнімдерінен ұнтақталған полипропилен өндіретін зауыт салу жоспарланған. Астана қаласында өткен инвестициялық форумда қытайлық «Shaanxi Construction Engineering» компаниясымен құны 55 млрд теңгеге тұрмыстық қалдықтарды жағу арқылы қуаттылығы 24 мВт электр энергиясын өндіру бойынша келісім жасалып, жобаны іске асыруға қоқыс полигоны жанынан 12 гектар жер телімі бөлінді.

Сондай-ақ Жаңа бастамаларды қолдау мақсатында кәсіпкерлерге қолжетімді инфрақұрылыммен қамтылған, аумағы 45 мың шаршы метр құрайтын 3 «шағын өндірістік алаң құру» жұмыстары аяқталуда. Бұл өндіріс алаңдарында 50-ден астам шағын кәсіпорындар ашылып, 300-ден аса адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

«Өткен жылдан бастап кәсіпкерлерді ашық және адал салық төлеуге ынталандыру мақсатында бөлшек салық мөлшерін 4%-дан 2%-ға төмендеткен болатынбыз. Қазіргі кезде осы салық түрінен бюджетке түсетін түсімдер 9 млрд теңгеден 31 млрд теңгеге немесе 3 есеге артып отыр. Биыл жаңа Салық кодексіне байланысты шешімді қайта қабылдап, келесі жылдан бастап жеңілдікті пайдаланатын кәсіпкерлер ауқымы 8 мыңнан 102 мыңға артады», - деді Ғабит Сыздықбеков.

Оның айтуынша, қалада бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары нәтижесінде, соңғы 3 жылда белсенді жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 128 мыңнан 141 мыңға жетіп, жұмыспен қамтылғандар саны 250 мыңнан асты. Қала экономикасында шағын және орта кәсіпкерлікпен өндірілген өнім үлесі 41%-дан 58%-ға артты. Биыл кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына 20 млрд теңге қаралып, 1 971 жобаға қолдау көрсетілді.

Биыл үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 17 300 орындық 12 мектеп толығымен пайдалануға берілді. Сонымен қатар 4 145 орындық 8 мектептің құрылысы жүргізіліп, оның екеуі тапсырылды. Бұдан бөлек 10 мектеп пен 1 балабақшаны күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 

Денсаулық сақтау саласында халыққа сапалы медициналық көмек көрсету бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Соңғы 3 жылда жаңадан 14 медициналық мекеме ашылып, емханалардың орташа жүктемесі 25 мыңнан 21 мыңға дейін азайды. Медициналық ақпараттарды автоматты түрде талдап, қатерлі ісіктерді, өкпе ауруларын, жүрек-қантамыр жүйесі патологияларын ерте анықтайтын «PACS Systems» жасанды интеллект ақпараттық жүйесі енгізілді. Шұғыл көмек көрсету қызметтеріне қолжетімділікті арттыру мақсатында биыл 3 шағын ауданда сервистік орталықтар салынды. Онда полиция, жедел жәрдем және өрт сөндіру қызметтері орналасқан. 

«Қала тұрғындарының салауатты өмір салтын қалыптастыру және спорттық инфрақұрылымға қолжетімділікті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда», - деді әкім баспасөз конференциясы барысында.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, халықтың тұрмыстық сапасын жақсарту мақсатында инженерлік және жол инфрақұрылымын дамыту, баспанамен қамту, экологиялық таза жайлы орта құру бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту аясында биыл Қызылжар-2, Ақжайық, Тұран шағын аудандарында 11 мыңға жуық халық ауыз сумен қамтылды. Ұңғыма арқылы су ішіп отырған Текесу және Айкөл елді мекендеріне 32 шақырым су құбыры тартылып, орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қостық. Қызылжар-2, Ақжайық, Азат, Тұран және Құрсай шағын аудандарындағы 13 мыңға жуық халық сапалы электр энергиясына қосылуда. 2019 жылдан бері құрылысы созылған «Ақжар» қосалқы станциясы пайдалануға берілді. Өңірдегі электр энергиясы тапшылығын азайту мақсатында «Қазығұрт» қосалқы станциясының қуаттылығын ұлғайтып, 40 мыңға жуық тұрғындар мен өндіріс орындарын үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалды. Шағын аудандарда тұратын 25 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Газ жүйелеріндегі ақауларды анықтайтын «Пергам» жылжымалы қондырғысы алынып, диагностика жүргізілген 107 шақырым құбырлардан анықталған 67 ақау қалпына келтірілді. 

«Қала тұрғындарының 99,9%-ы ауыз сумен, 100%-ы электр энергиясымен, 98%-ы табиғи газбен қамтылды», - деді қала әкімі ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Жедел жәрдем қызметіне 30 жаңа автокөлік табысталды
  • Шымкенттің 2026-2028 жылдарға арналған бюджеті бекітілді
  • Соңғы 3 жылда Шымкент экономикасына 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды
  • Студенттер зауыт жұмысымен танысты
  • Жұмысшы мамандықтар жылы: еңбек адамын дәріптеген маңызды кезең
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер