
Үшінші мегаполистің келер жылға бюджеті қанша болмақ және 2026 жылы қай саланы дамытуға басымдық берілмек? Осы және өзге де мәселелелер бүгін Шымкент қаласы мәслихатының кезекті XXXI сессиясында талқыланды. Отырысты мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов жүргізіп, сессия жұмысына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен әкімнің орынбасарлары, аудан әкімдері, қалалық басқарма басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Отырыста қаланың биылға арналған бюджеті нақтыланды және Шымкенттің 2026-2028 жылдарға арналған бюджеті бекітілді. 2026 жылғы мегаполис бюджеті 818,3 миллиард теңгені құрады, оның ішінде өзіндік кірістер – 622 миллиард теңге. Бұл көрсеткіш биылғы жылмен салыстырғанда 123 миллиард теңгеге немесе 25 %-ға жоғары.
Бюджетті қалыптастыру кезінде ең алдымен жалақы, міндетті төлемдер және әлеуметтік сала шығыны қамтамасыз етілді. Әлеуметтік салаға 438 млрд теңге немесе бюджет көлемінің 54 %-ы бағытталады. Сонымен қатар, қала дамуын қамтамасыз ететін өзекті міндеттерді шешуге басымдық берілді.
Депутаттар 2021-2025 жылдарға арналған Қаланың даму жоспарының жүзеге асырылуы туралы есепті тыңдап, жаңа стратегиялық құжат – Шымкенттің 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарын бекітті. Алдағы бес жылда 6,6 триллион теңге инвестиция тарту, 5,7 миллион шаршы метр үй салу және өнеркәсіп өндірісінің көлемін 1,4 есеге арттыру жоспарлануда.
Сонымен қатар, тегін дәрілік препараттар тізіміне үш нозология медикаменттері енгізілді. Баспана көмегін көрсету және тұрғын үй сертификаттарын беру қағидалары қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкестендірілді. Қаланың тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы бекітілді.
Бұдан бөлек, депутаттар мәслихаттың тұрақты комиссиялары төрағаларының есептерін тыңдап, мәслихат аппараты мен Ревизиялық комиссия туралы ережелерді бекітті.
Сессия соңында қала әкімі қабылданған шешімдердің маңыздылығын атап өтіп, мегаполистің тұрақты дамуына бағытталған бастамаларды қолдағаны үшін депутаттарға алғыс айтты. Қаланың инфрақұрылымын жақсарту және халықтың өмір сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жалғасатын болады.
