Мал саулығын сақтаған маман

image.png

    Адамзаттың тұрмыс-тіршілігі мал шаруашылығы саласымен тығыз байланысты. Сол себепті бұл салада еңбек етіп жүрген әрбір маманның жұмысы – ел экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігі үшін аса маңызды. Осы ретте малдың саулығын бақылап, жұқпалы аурулардың алдын алып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ветеринар мамандарының еңбегі айрықша құрметке лайық. Ветеринар – жануарлардың саулығына ғана жауап беріп қоймайды. Оның жұмысы тікелей адамдардың денсаулығына, тұрмыс сапасына да әсер етеді. Малдың түрлі аурулары дер кезінде анықталмаса немесе дұрыс емделмесе, оның салдары бүкіл өңірге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан ветеринария саласы үздіксіз білімді жетілдіруді, тәжірибені талап ететін күрделі бағыттардың бірі болып саналады. Осындай жауапты қызметті атқарып жүрген маманның бірі - Шымкент қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасына қарасты Еңбекші ауданы №6 «Ветеринариялық қызмет» мекемесінде еңбек етіп жүрген ветеринар дәрігер Мақсат Мұстафаев. 

    Таңертең ерте жұмысын бастаған маман алдымен қала тұрғындарынан түскен өтініштерді қарайды. Әрбір қоңырау мен арызға жауап беру – оның басты міндеттерінің бірі. Кейіннен бекет дәрігерлері мен бірге басшылық тарапынан бекітілген жоспарлы жұмыстарды орындауға шығады: мал қораларын зерделеу, бірдейлендіру сияқты шараларды атқарады.

    Күнделікті қызмет барысында ветеринар дәрігер тұрғындарға жануарларды күтіп-ұстау ережелерін түсіндіріп, алдын алу шараларын жүргізудің маңыздылығын жеткізеді. Мақсат үшін бұл – жай ғана жұмыс емес, қоғам алдындағы жауапкершілік. Оның айтуынша, «ветеринариялық дәрігер ең алдымен халықтың сенімін ақтап, олардың өтініштерін дер кезінде орындауға тиіс». «Менің жұмысымның мақсаты ауыл шаруашылығы жануарлар мен адам арасындағы  жұқпалы аурулардың алдын-алу, профилактикалық және диагностикалық жұмыстарын жүргізу.  Кей күндері жоспардан тыс жағдайлар да болып жатады — төлдеу, жарақаттану немесе тыныс алу, жұқпалы ауру белгілерінің байқалуы сияқты күтпеген шақыруларға дер кезінде жетіп бару қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігі дерекқор базасына тіркеу үшін төрт түліктерге құлақ жапсырмаларын тағу жұмыстарын жүргіземін. 2023 жылдың мамыр айынан бастап АШМ дерекқор базасында жауапты мамандардың бірі ретінде лауазымды қызмет атқардым. Осы жылдың наурыз айынан бастап ветеринарлық дәрігер қызметін атқарып келемін»,- дейді кейіпкерміз. 

    Бұл мамандық иелерінің айтуынша, ветеринардың жұмысы – тек емдеу емес, ең алдымен аурудың алдын алу, яғни мал денсаулығын сақтау. Өз ісінің шынайы маманы болу үшін ветеринар тұрақты түрде оқып, халықаралық стандарттарды меңгеріп, жаңа технологиялар мен дәрілік жүйелерді пайдаланып отырады. Жануарлардың мінез-құлқын, физиологиясын, ауру белгілерін терең түсіну – тәжірибелі маманның басты артықшылығы.

    Мақсат Бағланханұлы үшін бұл мамандық – жай жұмыс емес, өмірлік миссия. Ол малға жанашырлық танытып, әрбір жануардың тіршілігіне жауапкершілікпен қарайды. 

     Ветеринарлардың еңбегі арқылы сапалы ет және сүт өнімдері өндіріледі, ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамиды, эпидемиялық қауіптер азаяды, азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі, фермерлік шаруашылықтардың өнімділігі артады. Яғни ветеринар – ауыл шаруашылығының жүрегі саналатын мамандықтардың бірі.

    Ветеринар – қоғам үшін аса маңызды, жауапкершілігі жоғары маман. Ол тек жануардың емес, тұтас қауымның әл-ауқатына әсер етеді. Сондықтан олардың еңбегі ерекше құрметке ие. Күнделікті тынымсыз жұмысы мен кәсіби шеберлігінің арқасында ветеринар мамандар ауыл шаруашылығы саласының сапалы әрі қауіпсіз дамуына үлес қосып келеді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкентте «Қарызсыз қоғам» жобасының жүзеге асырылуы бойынша кеңейтілген жиын өтті
  • Шымкентте қазақ қоғамындағы әйел мәртебесі және гендерлік саясат мәселелері талқыланды
  • Кәсібилік пен тәжірибе – басты құндылық
  • Инфрақұрылымның тынысын тірілткен маман
  • Еңбекші ауданында өрт қауіпсіздігі және улы газдың алдын алу шаралары өткізілді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер