
Қоғамның дамуында үлкен жетістіктерді алға тартып, жаңа жобаларды жүзеге асыратын да – еңбек адамы. Солардың бірі әрі қай салада болмасын сұранысы жоғары мамандықтың иесі – слесарь. Қарапайым көрінгенімен, бұл кәсіптің жауапкершілігі мен маңызы ерекше. Өндіріс ошақтарынан бастап коммуналдық шаруашылыққа дейін слесарь еңбегінсіз жұмыс жүруі мүмкін емес. Слесарьдың қолтаңбасы – әрбір өндіріс орнының тұрақты жұмысында, әрбір үйдің жылусыз, сусыз, жарықсыз қалмауында жатыр. Қаламыздағы өз ісінің шеберін атанған слесардің бірі- Нұрғали Сүлейменов. Ол 1974 жылдың 12 желтоқсанында Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласында дүниеге келген. Білім жолын 1981 жылы Терешкова атындағы №31 жалпы орта мектепте бастап, кейін №37 Фурқат мектебінде жалғастырды.
1993–1994 жылдары Алматы қаласы, Бурундай елді мекеніндегі 8/ч 2177 шекара бөлімінде әскери борышын өтеп, ел алдындағы міндетін абыроймен орындады. Әскери қызметтен кейін кооператив саласында еңбек етіп, тәжірибесін жетілдірді.
2006 жылдың 6 сәуірінен бастап Көкшетау қаласындағы әскери бөлімде ішкі әскер қатарында қызмет атқарып, 2011 жылғы маусымда келісімшарт мерзімін аяқтады. 2015–2017 жылдары Шымкент қаласындағы «Водомер» ЖШС-де су есептегіш құралдарын орнату маманы (слесарь) болып еңбек етті.2020 жылдан бері Шымкент қаласы әкімдігінің «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында жұмыс істеп келеді. Бүгінгі күні Су шығынымен күрес жөніндегі инспекция бөлімінің инспекторы қызметін атқарады. Өз саласының талаптарын жетік білетін, жауапкершілігі мен еңбекқорлығымен ерекшеленетін маман ретінде ұжым арасында ерекше құрметке ие.
Нұрғали Еркінұлы 2014 жылы отау құрған. Жұбайы — Тлемисова Гүлдана, 1988 жылғы. Қызы — Сүлейменова Зере Нұрғалиқызы, 2016 жылдың 12 мамырында дүниеге келген. Отбасының берекесін, тәртібін басты орынға қоятын үлгілі әке.
Нұрғали Еркінұлы — адал еңбегімен, кәсіби шеберлігімен және жауапкершілік мәдениетімен ерекшеленетін тәжірибелі қызметкер. Ол – тек жұмысшы емес, қоғамдық инфрақұрылымның тірегі, күнделікті тұрмысымыздың тыныштығы мен жайлылығы үшін еңбек ететін қарапайым қаһарман.
