Шымкентте Францияның Құрметті консулдығы ресми түрде ашылды

image.png

     Шымкент қаласында халықаралық қарым-қатынастарды нығайту бағытында маңызды оқиға орын алды. Қалада Франция Республикасының Құрметті консулдығы ресми түрде ашылып, мегаполистің сыртқы байланыстарын кеңейтуге жаңа мүмкіндік тудырды. Бұл бастама Шымкент қаласының әкімдігі мен Францияның Қазақстандағы Елшілігі арасында 2025-2028 жылдары бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған Ынтымақтастық жөніндегі жол картасы аясында іске асырылып отыр.

    Жаңа консулдықтың ашылуы Франция мен Шымкент қаласы арасындағы дипломатиялық, экономикалық, мәдени және ғылыми байланысты одан әрі нығайтуға серпін береді. Сонымен қатар, өңірге инвестиция жұмылдыруға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді.

    «Жаңа консулдықтың ашылуы тек мәдени байланыс қана емес экономикаға да оң әсерін тигізеді. Себебі Франциядан Шымкентке  көптеген ірі, белгілі брендтер келе бастайды. Сондай-ақ ол жақтың кәсіпкерлері мегаполисімізге қызығушылық танытып, біздің қалада бизнестерін дамытады деген ойдамыз»,- дейді кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова. 

    Консулдық сауда-экономикалық байланыстарға көмектесу, Қазақстандағы Франция азаматтарының құқығы мен мүддесін қорғауға қолдау көрсету, құжаттарды (паспорттар, визалар және т.б.) алуға байланысты көмек көрсету, француз тауарлары мен қызметтерін жергілікті нарықта ілгерілету, екі ел арасындағы экономикалық, ғылыми және сауда ынтымақтастығын дамыту, сондай-ақ, мәдени және білім беру іс-шараларын ұйымдастыруға қолдау көрсету бағыттары бойынша қызмет көрсетеді.

    «Франция Республикасы мен Шымкент қаласы әкімдігі арасында арнайы жол картасы әзірленген. Жол картасы аясында Шымкент қаласында 30-ға тарта мәдени-рухани іс-шара өткізу жоспарланған. Ең алдымен осы бағыттағы жұмысты жандандырмақпыз. Әрине, біз үшін екі ел азаматтарының татулығы мен заңды құқықтары бірінші орында»,- дейді Франция Республикасының Шымкенттегі құрметті консулы  Игорь Копайлов.

    Францияның Шымкент қаласындағы Құрметті консулдығының ашылуы өңірдің халықаралық серіктестікке ашықтығын айқын көрсетіп, Шымкенттің жаһандық деңгейдегі беделін арттыруға ықпал ететін маңызды қадам болып саналады.

    Соңғы жылдары Шымкент әлемдік деңгейдегі қалалармен байланыс орнату бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Индустрия, сауда, логистика, туризм және мәдениет салаларын дамытуға арналған халықаралық жобалар артып, шетелдік мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері мегаполиске қызығушылық танытып отыр.

    Францияның Құрметті консулдығының ашылуы бұл үрдісті одан әрі жандандырып, қаланың халықаралық келбетін күшейтетін маңызды қадам болды. Консулдықтың ашылуы – екіжақты қарым-қатынастар тарихында айтулы оқиға. Бұл бастама өңірдің экономикалық дамуына, мәдени және білім беру жобаларының көбеюіне, инвестициялық климаттың жақсаруына оң ықпал етеді.

    Шымкент халықаралық серіктестікке ашық, заманауи, қарқынды дамып жатқан мегаполис екенін тағы да дәлелдеді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Инфрақұрылымның тынысын тірілткен маман
  • Еңбекші ауданында өрт қауіпсіздігі және улы газдың алдын алу шаралары өткізілді
  • Шымкентте «Сreative Еthno Мarket» шығармашылық алаңы өтті
  • Шымкентте 341 жер учаскесі мемлекет мұқтажына қайтарылды
  • Сhocolatine Кazakhstan-2025 байқауында Орталық Азияның үздік кондитерлері анықталды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер