
Қысқы кезеңнің жақындауына байланысты еліміздің барлық өңірлерінде жол инфрақұрылымын күтіп ұстау, қар тазалау, көктайғақтың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстар – тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және қоғамдық көліктің үздіксіз жұмысын ұйымдастыру үшін аса маңызды. Қысқы маусым басталмас бұрын коммуналдық мекемелер техникалық паркін тексеріп, қажетті жөндеу жұмыстарын аяқтауы қажет. Атап айтқанда: арнайы қар тазалау машиналары, грейдерлер, тракторлар, тұз себу механизмдері толық дайындаудан өтуі тиіс, сондай-ақ қажетті жанар-жағармай қоры, қосалқы бөлшектер мен техникалық сұйықтықтар жеткілікті мөлшерде дайын болуы және күндіз-түні қызмет көрсететін жедел бригадалар жасақталып, олардың кезекшілік кестесі бекітілуі керек.
Осы орайда Шымкент қаласының Абай ауданында алдағы қысқы маусымға дайындық жұмысы жалғасуда. Бүгін аудан аумағында қар тазалайтын және көктайғақтың алдын алуда пайдаланылатын арнайы техникалардың дайындығы тексерілді.
«Абай» коммуналды мемлекеттік мекемесінің базасындағы қар тазалау техникаларының дайындығы, инертті материалдардың (құм-тұз қоспасы) қоры, арнайы құрал-жабдықтар, тәулік бойғы кезекші топтардың жұмыс кестесі, жанар-жағармай қорын қамтамасыз ету сияқты мәселелер пысықталып, толық дайындық деңгейі анықталды.
Қыста аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол қозғалысын тұрақтылығын сақтау және коммуналды қызметтердің жұмысын үйлестіру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Қазіргі таңда аудан бойынша 45 жол машинасы, 15 трактор, 2 автогрейдер, 2 жүк тиегіш, 2 көпбейінді трактор, 55 қар тасығыш техника бар. Сонымен қатар 4200 тонна тұз, 9000 м³ шағал тас, 2250 м³ құм сияқты инертті материал қоры жинақталған.
Қар тазалау мен жол қауіпсіздігіне дайындық – қысқы маусымдағы ең жауапты жұмыстардың бірі. Коммуналдық қызметтердің үйлесімді әрекеті, техниканың дер кезінде дайындалуы және халықтың сақтық шараларын ұстануы – қысқы кезеңді қиындықсыз әрі қауіпсіз өткізуге негіз болады. Инфрақұрылымы толық дайын қалалар мен ауылдарда тұрғындардың қозғалысы бәсеңдемей, өмір сүру сапасы жоғары деңгейде сақталады.
