
Қала тіршілігінің тоқтаусыз ағымында таңмен таласа жолға шығып, мыңдаған адамның уақытында жұмысқа, білімге, маңызды кездесулеріне жетуіне жағдай жасап жүрген еңбек адамдарының бірі – автобус жүргізушілері. Олар қоғамдағы ең жауапкершілігі жоғары мамандық иелерінің қатарында. Себебі жүргізушінің әрбір шешімі, әрбір қадамы – жолаушылардың қауіпсіздігі мен күнделікті өмірінің жайлы өтуіне тікелей әсер етеді. Автобус жүргізушісінің жұмыс күні көбіне таңғы 5-те басталып, кешкі уақытқа дейін жалғасады. Алдымен көлік техникалық тексеруден өтеді, қозғалыс қауіпсіздігіне көз жеткізіледі. Қала көшелеріндегі жол қозғалысы, кейде тығыздық, кейде ауа райының қолайсыздығы – бәрі де жүргізушінің сабырлылығы мен кәсіби шеберлігін талап етеді. Көпшілік байқамайтын тағы бір жүктеме – жолаушылармен қарым-қатынас. Әртүрлі мінез, әртүрлі жағдайлар, кейде асығыс, кейде шаршаған адамдар. Осындайда жүргізушінің әдептілігі, төзімділігі, қызмет көрсету мәдениеті ерекше мәнге ие.
Таңмен таласа оянып, үшінші мегаполис тұрғынлдарын діттеген жеріне аман-есен жеткізіп жүрген еңбек адамының бірі Диханов Қанат. Жолаушылар тасымалы саласында 30 жылдан астам уақыттан бері абыройлы еңбек етіп келе жатқан адал қызметкер 1973 жылы Қазығұрт ауданы, Қызыл Ата ауылында дүниеге келген. Ол жастайынан еңбекқорлық пен тәртіпті бойына сіңіріп өсті. Мектепті аяқтаған соң кәсіби-техникалық білім алып, 1991-1993 жылдары Отан алдындағы борышын абыроймен өтеді. Әскерден кейін өз өмір жолын халыққа қызмет етуден бастауды жөн көріп, 1994 жылдан бастап транспорт саласында үздіксіз еңбек етіп келеді.
Жолаушыларды межелі жеріне аман-есен жеткізу – жүргізушінің ең үлкен міндеті. Ол мұқияттықты, жол ережесін қатаң сақтауды, қауіптің алдын алуды қажет етеді. Бүгінде қоғамдық көлік жүйесінде цифрландыру енгізіліп, маршруттар жаңартылып, көліктердің қауіпсіздігі артқанымен, негізгі жауапкершілік бәрібір жүргізушінің иығында. Қоғамдық көлікті басқару — тек рөлге отыра салу емес. Бұл – адамдардың қауіпсіздігіне жауапкершілік, күн сайын жүздеген тағдырмен ұшырасып, олардың уақытын, көңіл-күйін, тыныштығын қамтамасыз ету. Осы міндетті Қанат мырза адалдықпен, үлкен жауапкершілікпен атқарып жүр.
Жалпы еңбек өтілі — 31 жыл. Осы уақыт ішінде «Ынтымақ» салық кәсіподағының бастауыш кәсіподақ ұйымы – «TTK» ЖШС компаниясында 74 бағыты бойынша қызмет етіп, 18 жыл бойы бір бағытта үздік жүргізуші болды. Қала жолдарын бес саусағындай меңгерген тәжірибелі маман ретінде кез келген жағдайда қауіпсіз басқаруды басты міндет санайды. Жолаушылар тарапынан жылы пікір мен алғысқа жиі бөленуі — осы еңбектің шынайы бағасы.
Қанат Диханов үшін автобус — күнделікті табыс көзі ғана емес, адамдармен байланыс, қоғамға пайдалы болу жолы. Ол әр жолаушыны сыпайылықпен қарсы алып, жол бойы мәдениеттілік пен адамгершілікті серік етеді. Жас жүргізушілерге бағыт-бағдар көрсетіп, тәжірибесін бөлісіп келе жатқаны да оның кәсіби біліктілігінің айғағы.
Отбасылық өмірінде де ол — тірегі мықты, жауапты азамат. Жұбайы Саутова Гүлсара екеуі алты бала тәрбиелеп өсіріп отырған үлкен шаңырақтың иелері. Балаларына отансүйгіштік, еңбекқорлық пен әдептілік секілді адамгершілік құндылықтарды үйретуді басты міндет санайды. Өмір бойы бір қағидадан айнымаған: «Адал еңбек — адамдықтың белгісі. Отбасыға сүйіспеншілік және қоғамға пайда тигізу — ең басты мақсатым».
Автобус жүргізушілері – күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі. Олардың еңбегі байқалмайтын сияқты көрінгенімен, әр адамның күнін жеңілдетіп, уақытын үнемдеп, қауіпсіз сапар жасауды қамтамасыз етіп отыр. Қоғамдағы осы бір ең маңызды жүктемені арқалаған мамандар еңбегіне құрмет – өркениетті қоғамның белгісі. Олар – өз ісінің шебері ғана емес, қала тіршілігінің тынысын қамтамасыз етуші нағыз еңбек адамдары.
