Еңбек адамы – тек белгілі бір мамандық иесі ғана емес, жауапкершілік, адалдық және кәсібилік үлгісі. Олардың еңбек жолы жас буынға жігер беріп, қоғамда еңбек мәдениетін қалыптастырады. Өндіріс, құрылыс, көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы – барлық салада нақты жұмысты атқаратын адамдарсыз экономика дами алмайды. Әрбір жаңа нысан, жол, үй, машина немесе қызмет түрі еңбек адамдарынсыз жүзеге аспайды. Коммуналдық қызметкерлер, инженерлер, дәнекерлеушілер, жүргізушілер, жол жөндеушілер – халықтың күнделікті өмірін қауіпсіз әрі жайлы етуге үлес қосады. Олардың уақтылы атқарған жұмысы – қоғам тыныштығының кепілі. Еңбек адамы – мемлекеттің тірегі. Оларсыз ешбір өндіріс те, құрылыс та, инфрақұрылым да, қызмет көрсету саласы да дами алмайды. Сондықтан жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, еңбек адамының еңбегін бағалау және жастарды техникалық білім алуға ынталандыру – қоғамның ортақ міндеті.
Қаланың әр жерінде атаққа ұмтылмай, өз еңбегімен айналасындағы адамдардың өмірін жеңілдететін азаматтар бар.Солардың бірі – өз ісіне адал, қаласына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Фахритдин Улиходжаев.
Фахритдин Юлдашұлы 1965 жылы Шевченко елдімекенінде дүниеге келген. Жастайынан-ақ ол еңбекке деген құрмет пен істі соңына дейін жеткізу қағидатын бойына сіңірді. Алғашқы еңбек жолын шин зауытында бастап, қарапайым жұмысшыдан ауысым басшысына дейін өсті. Осы жылдары ол басты ақиқатты түсінді: адалдық, жауапкершілік және адамдарға деген құрмет кез келген істі мағыналы ете алады.
Уақыт өте келе оның өмір жолы қалалық көлік саласымен тоғысты. Ол қоғамдық көліктің дамуына ширек ғасырдан астам уақыт арнады. Жаңа бағыттардың ашылуына, тұрақты қызмет көрсетілуіне, жолаушылардың қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттыруға тікелей үлес қосты. Фахритдин Юлдашұлы үшін автобус жүргізу – жай ғана жұмыс емес, қала тұрғындарына қызмет ету, олардың белгіленген жеріне аман-есен жетуіне жағдай жасау болатын.
Әріптестері оны ұстаз, ақылшы ретінде құрметтейді. Сабырлы мінезі, талапшылдығы және ұйымдастырушылық қабілеті әрдайым сенім ұялатады. Ол жастарға бағыт-бағдар беріп, кәсіби жолдың қыр-сырын үйретуден ешқашан жалыққан емес. Сол себепті оның жанында әрдайым ортақ мақсат жолында еңбек ететін ынталы адамдар тобы қалыптасады.
Бүгінде Фахритдин Улиходжаев өзінің өмірлік ісін одан әрі жалғастырып, «ТТК» ЖШС-нің өндіріс басшысы қызметін атқарып келеді. Оның тәжірибесі мен жауапкершілігі қаланың көлік инфрақұрылымын дамытуға үлес қосып, тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдетуде.
Көлік инфрақұрылымы – қала қозғалысының қауіпсіздігі мен үздіксіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық сала. Бұл бағытта еңбек ететін мамандардың еңбегі қоғам үшін аса маңызды. Көлік инфрақұрылымы саласында еңбек ететін мамандар – өз ісіне берілген, кәсібіне адал жандар. Олардың еңбегі жастарға техникалық мамандықтарды таңдауда мотивация болып, еңбекке деген құрметті қалыптастырады.
Отбасы – Фахритдин Юлдашұлы үшін ең басты қуат көзі. Жұбайы екеуі төрт перзент тәрбиелеп, бүгінде үш немеренің алақанын жылытып отыр. Ол өзі үшін ең үлкен бақыт – олардың болашағына сеніммен қарау екенін айтады.
Еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен мерейтойлық медальмен марапатталды. Алайда өзі үшін ең қымбат марапат – жолаушылардың шынайы алғысы мен әріптестерінің құрметі.
Фахритдин Улиходжаевтың еңбек жолы – даңғаза ұрансыз, бірақ үлкен өнегеге толы өмір. Адал еңбек, сабырлы мінез бен қарапайым адамгершілік арқылы ол күн сайын айналасын жақсартып келеді.
Осындай жандар – қаланың тірегі. Осындай еңбек – қоғамның мерейі. Осындай адамдар – Еңбек Адамдары!
