Шымкентте Күләш Шәмшидинованың «Үздік» кітабының тұсаукесері өтті

image.png

Шымкент қаласында мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген ұстазы Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинованың «Үздік» атты жаңа кітабының тұсаукесері жоғары деңгейде ұйымдастырылды. 

Салтанатты шараға «Өрлеу» БАҰО» Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институтының, Шымкент қаласы Білім басқармасы жанындағы Ардагерлер кеңесінің, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының, білім басқармасы мен Әдістемелік орталықтың өкілдері, сондай-ақ жалпы білім беру ұйымдарының басшылары, ата-аналар қауымы, химиялық-биологиялық және физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Республикалық «Дарын» мектеп-лицейінің педагогтары қатысты.

Салтанатты рәсімде қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек авторды құттықтап, оның ел білімін дамытудағы ерен еңбегіне ерекше тоқталды: «Күләш Ноғатайқызы – саналы ғұмырын ағартушылыққа арнаған, қазақ білімінің дамуына қажымай еңбек еткен қайраткер. Оның әрбір бастамасы – болашақ ұрпақтың жарқын келешегіне қызмет етеді. «Үздік» кітабы – тәжірибесі мен парасатының жемісі, жас буын мен ұстаздар қауымына бағытталған баға жетпес мұра»,- деді ол өз сөзінде.

  Керемет кештің басында су жаңа кітапқа арналған презентация көрсетілді. Автор Күләш Ноғатайқызы жиналған жұртшылыққа ризашылығын білдірді. Содан соң кітаптың лентасы қиылып, қолтаңба беру және оқырманмен кездесу алаңы ұйымдастырылды. 

«Барлық ата-ана, барлық  ұстаздар түсіну керек -бұл кітапта сұрақтарға бір адамның жауабы берілген. Ол менің жауабым. Әр ата-ана өз алдына тұлға. Әр отбасының өзінің ерекшеліктері бар. Сондықтан кез-келген жағдайда  балалармен жұмыс істеген кезде дайын рецепт жоқ. Мен ой салуды айттым. Мен бір-ақ нәрсе айтқым келеді, қай уақытта да балаларыңыздың жанында болыңыздар. Бала қуанғанда, қателік жібергенде жанынан табылыңыздар. Сол қателікті бірге түзеуге, баланы дұрыс  жолға салуға тырысыңыздар»,- дейді кітап авторы.

Күләш Ноғатайқызының бұл еңбегі – жас ұрпақты жан-жақты дамытуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, ұстаз бен ата-ананың ортақ жауапкершілігін нақтылауға бағытталған өте құнды туынды. Кітапта «Адал азамат» тәрбие бағдарламасының негізгі қағидаттары мен альфа ұрпақпен жұмыс істеудің жаңа әдістемелері кеңінен қамтылған.

«Ата-анаға да, педагогтарға да бұл кітаптың берері мол. Өйткені автордың бойындағы тәжірибе екінің бірінде жоқ. Ол кісі өзінің тәжірибесімен бірінші кезекте педагогтармен бөлісіп отыр, сонымен қатар ата-аналармен де бөлісіп отыр. Әрбір ата-ана білім мен тәрбиеге қатысты мазалаған сұрағының жауабын осы кітаптан табады деп ойлаймын »,- дейді Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Дәрібаева. 

Кітап педагогтар мен ата-аналар үшін тәрбие мен білім берудегі құнды әдістемелік нұсқаулық болып табылады.

   Білікті ұстаздың еңбек жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі. Ол қарапайым мектеп мұғалімінен министрге дейін сатылап көтерілген тұлға. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап білім беру саласында жауапты қызметтер атқарды. Білікті маман, іскер ұйымдастырушы ретінде еліміздегі білім, ғылым саласындағы реформаларды іске асыруға атсалыстыЕңбек жолына назар салып көрсек: 

1979 жылы  С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін бітірген.

1979-1981 жылдары — орта мектепте химия пәнінің мұғалімі.

1981-1987 жылдары — Киров аудандық комитетінің хатшысы, Гвардейский аудандық комитетінің бірінші хатшысы, ЛКЖО Талдықорған облыстық комитетінің хатшысы.

1987-1988 жылдары — Талдықорған облыстық партия комитетінің нұсқаушысы.

1988-1991 жылдары — Талдықорған қалалық партия комитетінің хатшысы.

1991-1992 жылдары — Талдықорған облыстық мұғалімдерді жетілдіру институты директорының орынбасары.

1992-1996 жылдары — Талдықорған қаласындағы № 18 орта мектептің директоры.

1996-2002 жылдары — Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары.

2002 жылғы ақпаннан 2005 жылғы мамырға дейін — Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі.

2005 жылғы 23 мамырдан 2007 жылғы сәуірге дейін — "Бөбек" ұлттық ғылыми-практикалық білім беру-сауықтыру орталығының бас директоры.

2007 жылғы сәуірден бастап 2009 жылғы қазанға дейін — Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі.

2009 жылғы қазан - 2019 жылғы ақпан аралығында — "Назарбаев Зияткерлік мектептері" АҚ Басқарма төрайымы.

2019 жылғы 25 ақпаннан 13 маусымға дейін — Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі.

"Назарбаев Зияткерлік мектептері" ААҚ басқарма төрайымы (2009-2019).

   Айта кетейік, Күләш   Шәмшидинова «Құрмет» орденінің иегері. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қоғам тірегіне айналған автобус жүргізушісі
  • Еңбек адамы – көрінбейтін еңбек қаһарманы
  • Жастармен ашық диалог өрбіді
  • Шебер қол, сапалы жұмыс: нағыз еңбек адамы
  • Цифрландыру – жаңа буын мамандарының негізгі құралы
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер