
Шымкент қаласы Білім басқармасы Әдістемелік орталығының жоспарына сәйкес Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-экономикалық колледжі және Саз колледжінің бірлесуімен "Жұмысшы мамандықтар" жылына орай «Мен өз ісімнің шеберімін» атты қалалық байқау өтті.
Байқаудың басты мақсаты – студенттердің кәсіби шеберлігін шыңдау, жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын насихаттау және жастар арасында еңбекке деген қызығушылықты арттыру болды.
Білім сайысы Шымкент қаласы Білім басқармасы Әдістемелік орталығының Аналитикалық талдау, техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің техникалық және кәсіптік білім беру әдіскері Ахметова Құттықыз Сейілбекқызы және Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-экономикалық колледжінің директоры Арынбекова Ажар Серікқызының қатысуымен салтанатты түрде ашылды.
Байқауға қала колледждерінен 12 команда қатысып, IT саласындағы өз білімдері мен шеберліктерін көрсетті. Ал талантты да, талапты жастардың білімін білікті мамандардан құралған әзіл қазылар бағалады. Атап айтқанда: Қаратау ауданы Мансап орталығы, Оқыту және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бөлімі басшысы Толқын Бегалықызы, Аймақтық инновациялық университеті, АКТ кафедрасының меңгерушісі, магистр, аға оқытушы Эльмира Тілесқызы, Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті, Математика және информатика кафедрасының аға оқытушысы Абдулмажит Орынбасарұлы, «Индустриалды-техникалық колледжі» МКҚК, арнайы пән оқытушысы Бақдәулет Омарұлы және Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің робототехника маманы Нұрбек Махамедкәрімұлы.
Студент жастар өндірістік және техникалық дағдыларын көрсетіп, шығармашылық шешімдер ұсына отырып, өз кәсіби шеберліктерін бағалау мүмкіндігіне ие болды. Байқауда шеберлік, дәлдік, инновациялық ой-пікір және өндірістік талаптарға сәйкестік басты критерий ретінде қарастырылды.
Қатысушылар мен қазылар алқасының пікірінше, байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылған және жұмысшы мамандықтарға деген қызығушылықты арттыруда маңызды рөл атқарды. Мұндай іс-шаралар жастарды кәсіби тұрғыда жетілдіріп, оларды еңбек нарығына бейімдеуге мүмкіндік береді. «Байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Студенттердің кәсіби шеберлігін көрсетуге арналған бұл іс-шара Жұмысшы мамандықтар жылына орай ерекше мәнге ие болды. Мұндай тәжірибе жас мамандардың біліктілігін арттыруға және олардың мамандыққа деген қызығушылығын нығайтуға үлкен мүмкіндік береді. Байқауға қатысқан студенттердің кәсіби деңгейі жоғары болды. Олар тапсырмаларды шебер орындап, шығармашылық ойларын көрсетті. Мұндай байқаулар студенттердің өз ісіне деген жауапкершілігін арттырып, мамандыққа деген құрметін қалыптастыруға көмектеседі»,- дейді Аймақтық инновациялық университеті, АКТ кафедрасының меңгерушісі, магистр, аға оқытушы Эльмира Тілесқызы.
Шеберлік пен жылдамдық, білім мен бәсеке сынға түскен байқаудың нәтижесі бойынша 1-орын Үтеген Әділетке бұйырса, 2-орынды Құдайбергенқызы Жанырыс пен Төребек Бексұлтан иеленді. Ал 3-орынды Рәтбек Ажар, Сайлауқызы Назерке мен Қамбар Асан алды. Тартысты бәсекеде көзге түскен студенттерге арнайы номинациялар да табыс етілді. Атап айтқанда «Үздік Web жоба» – Алимбаев Бауыржан , «Үздік қосымша» – Заманкхан Асылжан , «Жыл инновация» – Давлетбай Әбдісейіт, «Үздік қолданушы» – Смагин Иван , «Ақылды IT маман» номинациясын Қонарбай Серік, пен Жарылқасым Нұралмат иеленді.
