
«Тамақтандыру индустриясы және сервис» колледжінде «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы, «Бармен–бариста» біліктілігі бойынша білім алып жүрген 1-курс студенттеріне арналған танымдық мастер-класс ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – студенттердің кәсіби дағдыларын шыңдау, қонақжайлылық индустриясындағы жаңа трендтермен таныстыру және тәжірибелік машықтарын алғашқы курстан бастап дамыту.
Мастер-класс барысында кәсіби бариста мамандары студенттерге кофе дәндерінің түрлері мен өңдеу сатылары, дұрыс экстракция жасау әдістері, эспрессо, американо, капучино, латте түрлерін дайындау, сүт көбікпен жұмыс істеу техникасы, кофе дәмін бағалау сияқты маңызды ақпараттарды көрсетті. Студенттер кәсіби кофемашинамен жұмыс істеп, сусын дайындауды тәжірибе жүзінде орындап көрді.
Сонымен қатар мастер-класстың екінші бөлімінде бармен ісі бойынша сусындарды кәсіби безендіру, қауіпсіздік және санитарлық талаптар, шыны ыдыстар түрлері мен қолдану ерекшелігі, қонақпен қарым-қатынас мәдениеті, бар аймағын ұйымдастыру принциптері сияқты бағыттар қамтылды.
Шеберлік сабағын өндірістік оқыту шебері Тұрарбек Алтынай Қалдыбайқызы жоғары кәсіби деңгейде өткізді. Тәжірибелі мамандар студенттерге қонақтарға қызмет көрсетуде жылдамдық, әдеп, коммуникация және эстетикалық ұқыптылықтың маңызын түсіндірді.
Мастер-классқа қатысқан студенттер алған әсерімен бөлісіп, жаңа білімнің болашақ маман ретінде қалыптасуында үлкен рөл атқаратынын атап өтті. Бірінші курстан бастап кәсіби бағыттағы нақты тәжірибемен танысу олардың қызығушылығын арттырып, мамандыққа деген ынтасын күшейтті.
Іс-шара нәтижесінде студенттер кофе дайындау мәдениетін, бар жұмысын ұйымдастыру технологиясын меңгеріп, қонақжайлылық саласының кәсіби стандарттарымен жақынырақ танысты.
Жаңа бастама – жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Студенттер үшін бұл тәжірибе болашақ маман ретінде қалыптасуына үлкен мотивация болды!
