
Қазақстан құрылыс саласында 32 жылдық тәжірибесі бар, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Құрметті құрылысшы» төс белгісінің иегері — Кәлімбетов Жанатбек бүгінгі таңда саладағы жауапты әрі білікті маман ретінде кеңінен танымал. Ол – қарапайым құрылысшыдан бастап, қазіргі таңда жауапты учаске шебері ретінде еңбек етіп келеді.
Кейіпкеріміздің тәжірибесі тек қана құрылыс материалын тасу немесе техникамен жұмыс жасаумен шектелмейді. Ол әрбір нысанның сапасына, әрбір жұмысшының ісіне жауапты. Оның кәсіби шеберлігі мен адалдығы — әрбір жоба сапалы аяқталуының кепілі.
Жанатбек Мәуленұлы 1963 жылдың 13 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Алғабас ауданы, Қызылкөпір елді мекенінде дүниеге келген. Орта мектепті аяқтаған соң, 1981 жылы Түркістан индустриялды–педагогикалық техникумына түсіп, 1987 жылы Гидромелиорациялық жұмыстарды механизациялау мамандығы бойынша тәмамдады.
Еңбек жолы:
01.09.1987 – 16.10.1992 — СССР Мемлекеттік аграрлық өнеркәсіп комитетінде шебер;
23.10.1992 – 20.02.1995 — «Жалын» шағын кәсіпорнында жүргізуші;
05.02.2001 – 04.02.2002 — «Қазығұрт-Су» мекемесінде инспектор-бақылаушы;
04.02.2002 – 01.02.2006 — «АБГАН» ЖШС инспектор-бақылаушы;
01.02.2006 – 31.05.2008 — «Құрсай» ЖШС инспектор-бақылаушы;
02.06.2008 – 07.09.2009 — «Метр ВРМ» ЖШС инспектор-бақылаушы;
08.12.2009 – 03.02.2010 — «Шымкентмай» АҚ, 4-разрядты қызмет көрсету технигі;
05.01.2010 – 28.02.2020 — «Метр ВРМ» ЖШС, учаске инженері.
2020 жылдың наурыз айынан бері Шымкент қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК-де учаске шебері қызметін абыроймен атқарып келеді.
Жанатбек Кәлімбетов — еңбекқорлығы, жауапкершілігі және кәсіби шеберлігімен әріптестерінің сеніміне ие болған тәжірибелі маман. 32 жылдық еңбек жолында ол әртүрлі қиындықтарға төтеп беріп, кәсіби шеберлігін жетілдірді. Оның тәжірибесі – жас мамандар үшін үлгі.
Бүгінгі таңда кейіпкеріміз учаске шебері ретінде жауапкершілікпен, кәсібилікпен және жоғары талаппен еңбек етіп келеді. Оның басшылығымен атқарылған жобалар сапасы мен мерзімдік көрсеткіштері арқылы жоғары бағалануда.
Жанатбек Мәуленұлы ұқыптылығы мен ұйымдастырушылық қабілеті арқылы ұжымдағы әрбір маманның тиімді жұмысын қамтамасыз етеді. Оның жетекшілігімен учаске шеберлері мен жұмысшылар бірігіп, сапалы нәтижеге жетіп келеді. Оның еңбегі – тек өз кәсібінде ғана емес, қоғамның дамуына да үлес қосып келеді. Ол өз тәжірибесімен жас мамандарды тәрбиелеп, елдің коммуналдық саласының сапалы дамуына үлес қосуда.
Оның 32 жылдық тәжірибесі, «Құрметті құрылысшы» төс белгісі және кәсіби беделі – қоғам үшін маңызы зор еңбек нәтижесінің нақты көрінісі. Еңбек адамының қажырлы еңбегі – елдің өркендеуінің кепілі.
